Революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуымыз керек

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
22442

Нұрсұлтан Назарбаев  болашақ қазақстандықтың болмысын айқындады.

Революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуымыз керек

"Рухани дамымай экономикалық даму болмайды" – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясында сөйлеген сөзінің негізі түйіні осы болды. Елбасы сөзінің дені экономикалық және рухани жаңғырту идеясына арналды.

"Жүйелі жаңғыру біздің биылғы жұмысымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Яғни экономиканы қазіргі заман талаптарына сәйкес дамыту, экономиканы, инновациялар мен ID-технологияларды, роботтандыруды қарқынды дамыту деген сөз. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Конституциялық реформа өткізілді, оны білесіздер. Өкілеттіктер қайта бөлінді, парламент пен үкіметтің рөлі артты, бұл мемлекеттік билікті әлсірету үшін жасалып отырған жоқ, тұрақтандыру үшін жасалды. Біз мемлекеттік дамудың жалпы кескінін жүйелі іске асырып жатырмыз деп айта аламын. Экономилық жаңғыру, саяси жаңғыру және үшіншісі – қоғамдық сананың жаңғыруы", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан азаматтарының санасын қайта құру, оның ойынша, ең қиын міндет. Президент осыған қатысты өз пайымымен бөлісті. Бірінші кезекте бәсекелестікті арттыру қажет екенін баса айтты.

"Мемлекет бәсекеге қабілетті болуға тиіс, экономика, әр адам бәсекеге қабілетті болуы керек. 70 жылға созылған кеңес заманында бізге өз елімізден тысқары шығуға мүмкіндік бермеді. Ал енді біздің балаларымыз, өзіміз де әлем аралап, жан-жаққа шығып жүрміз. Ал шет елге келгенде сен өз тәртібіңді орната алмайсың ғой, сол елдің заңы бойынша өмір сүресің. Сол үшін әлемде не бар екенін білу үшін бәсекеге қабілетті болу керек", – деді ол.

Екіншіден, көп тілді болмай дүниетанымды кеңейту мүмкін емес деп санайды президент. Қазақстан азаматтары барлық әлем сөйлейтін ағылшын тілін меңгеруі керек.

Болашақ тұлғаның келбетін құрайтын үшінші қасиет – сана-сезімнің ашықтығы. Қазақстан халқы әлемнің түрлі мәдениеттерін қабылдауы керек. Алайда дамуды тежейтін құбылыстардан бойын аулақ ұстауы қажет.

"Әлемнің түрлі аймақтарының дамуына назар аударуымыз кездейсоқ емес. Қазіргі ланкестік жағдай ислам әлемін артқа, орта ғасырға қарай сүйреуде. Сондықтан мен жастарға ескертемін – кейін шегінбеңдер. Қара орамал жамылу жалпы қазаққа және бәрімізге тән емес. Осындай бөтен жұрттың өзіне тән ерекшеліктерін өзімізге әкелсек, алға қалай жылжимыз? Сондықтан бірегейлік дегеніміз – барлығымыз бір мақсатты ұстанып, сол мақсатқа жетуде жұмылып еңбек етуіміз", – деп баса айтты Елбасы.

Одан әрі мемлекет басшысы болашақ қазақстандық білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан болуы керек екенін айтты.  Президент эволюциялық дамуға шақырды. "Бұл да революция, бірақ эволюциялық, адам өлтіру, ұлтты бөлу, азаматтық соғыс жоқ революция. Міне, біз өзімізді де, балаларымызды да осыған тәрбиелеуіміз керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Президент бүгінгі күні біреу әкеліп береді деп жайбырақат отыратын уақыт емес екендігін , бұрынғы қалыптасқан сана бойынша "біреуге масыл болмай",  адам "өз өмірін өз қолына алу керектігін" айтты.

"Бұрын тудың, тіркелдің, өсіп, болса балабақшаға бардың, одан кейін октябряттар қатарына кіріп, одан пионер, комсомол боласың, мектеп бітіріп жоғары оқу орынан түсесің, түспесең кәсіби білім аласың, жұмыс дайын. Мемлекет берген пәтерің бар, ал колхоздағыларға тіпті пасортта бермейтін. Барлық өмірің жасалып қойған. Ештеңе істеп керек емес, – деп елбасы бұрынғы кезді есіне алды. – Ал қазір мұның бірі жоқ. Өмір сүргің келсе, жан-жақты ізденіп, үйрену керек. Жұртты сынағанша, бірінші өзіңді өзгерт. Үкімет өйтпеді, әкім бүйтпеді дегенше.. Өзіңнен мен не істедім деп сұра. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Тіпті ауылда жұмыс болмаса, қалаға кел, жұмыс береміз деп те отыр. Қазір алғашқы жұмысшы мамандығын тегін береміз, содан кейін жұмыспен қамтимыз. Ал ауылда тұрғың келсе, шағын несие ал да, бау-бақша отырғыз, мал бақ, оны сат, сөйтіп өмір сүр. Басқа не керек? Яғни барлығы өзімізге байланысты. Тегін жатқан дүние жоқ, біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Тегін нәрсенің қайда болатынын өздеріңіз жақсы білетін шығарсыздар".

Президент бірінші өзіңді өзгерт дегенді бәріне айтты, оның ішінде бірінші бизнсемендерге тоқталып кетті, ал елімізде олардың қатары біршама. "Қазіргі таңда елімізде жағдайы жақсы адамдар көп. Рас қой? Бұл жақсы нәрсе, өйткені біз осындай қоғам құрудамыз. Дұрыс, байысын, бірақ сонымен бірге елімізде байып, олардың арқасында адамдар жұмыспен қамтылуы керек. Өздерінің шыққан жеріне барып қайырымдылық жасасын. Мектеп, спорт  кешенін тұрғызып, жол салсын, монша немесе наубайхана салсын", – деді президент. Содан кейін бизнес өкілдеріне: "Мемлекет сендерге осындай ақша жасауға мүмкіндік берді, осы ақшаны халықпен бөлісіңдер. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, ассамблеяға қайырымдылықты дамыту және оның ашықтығы жөніндегі ұсынысты жасауды тапсырамын".

Сондай-ақ ұлттық сәйкестілікті нығайтып, дамыту қажет. Сонымен бірге ол "ұлт" деген сөздің астарында әр ұлттан құрылған Қазақстанның барша халқы тұрғандығын атап кетті. Барлық ұлт өкілі үшін қазақ жері туған жеріндей болып кеткен.

"Жас ұрпақ өткен ғасырдың қиын кезеңінде Қазақстан халқының қалай қалыптасқанын түсіну керек. Дәл осы үшін "Қазақстан халқы" интерактивтік тарихи картасын жасауды ұсынамын. Электронды карта  қазақ ұлтының ерекше мемлекет құру миссиясын ескере отырып, барлық ұлттың қазақ жерінде қалай біріккенін көрнекі түрде көрсетеді. Білім және ғылым министрлігіне ҚХА-мен бірігіп, ғылыми негізде осы интерактивті картаны әзірлеп, оны келесі жылы Алғыс күні мерекесінде көрсетуді тапсырамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ассамблея сессиясы қалыптасқан дәстүр бойынша алдына ала белгіленген бағдарламадан асып кетті. Бәрі сөз сөйлеп, алғысын білдіруге тырысты. Дәрігер балаларды интернет арқылы тәрбиелемей, кітап оқытуға үйретуді айтса, жас журналист Нұрсұлтан Назарбаев пен Авраам Линкольн арасындағы ұқсастықтарды айтуға тырысты. Теолог президенттің бастамасымен ұсынған "Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары" жобасын қолдайтындығын айтты. 

Президент сөйлеушілердің айтқанын ықыласпен тыңдап, тіпті өзіне  Қазақстан халықтары ассамблеясында сөз сөйлеген  және ұлттық мәдени орталықтардың концертін тамашалаған ұнайтындығын айтты.

 "Мен үшін ең жақсы музыка, концерт мәдени орталықтардың өнер көрсетуі. Әрине, бізде жоғары муза бар. Бізде опера бар, балет бар. Ол жүре пайда болған өнер. Онымен айналысу керек, жақсы көру керек. Ал халықтық өнер – бұл туған топырақпен, қанмен, ананың сүтімен даритын, жердің, халықтың музыкасы", - деді ол.

Ирина Севостьянова, Динара Қуатова, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу