S&P Global вице-президенті КҚК туралы: "Қауіп-қатері жоқ маршруттар болмайды"

1747

Сарапшылар энергетика секторы 2050 жылдарға дейін Қазақстанның экономикалық өсуінің негізгі драйвері болып қалатынын айтып отыр. 

S&P Global вице-президенті КҚК туралы: "Қауіп-қатері жоқ маршруттар болмайды" Фото: egemen.kz

Каспий құбыр желісі консорциумы басым бағыт болғанымен, қауіп-қатері жоқ маршруттар болмайды. Бұл туралы Қазақстанның энергетикалық апталығында S&P Global қаржылық-талдау компаниясының вице-президенті Мэттью Сейгерс айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мэттью Сейгерс еліміздегі энергетикалық ауысу мәселесінде екі негізгі құралға тоқталды. Оның ішінде шығарындыларды сату жүйесін ерекше атап өтті.  

"Мәселен, бұл жүйе Еуропада дамып келе жатыр. Қазақстанға бұл саланы одан әрі жақсарту қажет. Энергетикалық ауысу кезеңіне қол жеткізудің тағы бір маңызды механизміне ең озық қолжетімді технологиялар кіреді. Жалпы Қазақстанның халықаралық инвестициялар үшін бәсекелесетін елдері туралы айтатын болсақ, онда Қазақстан позициясын шамалы жақсартуға тиіс. Осы тұста модельдік келісімшарттардың алатын орны ерекше", - деді ол. 

S&P Global қаржылық-талдау компаниясының вице-президенті энергетикалық қауіпсіздік ұғымындағы маңызды аспектілер қатарына экспорттық дәліздер жататынын жеткізді. 

"Қазақстан теңізге шыға алмайтын ел екені белгілі. Мұнай туралы айтатын болсақ, мұнда экспорттық дәліздердің белгілі бір тәуекелдері бар. Осы тұста біздің саяси ұсынысымыз – дәстүрлі көпвекторлы саясатқа қайта оралу. Себебі қауіп-қатері жоқ маршруттар немесе дәліздер болмайды. Әрине мұнда Каспий құбыр желісі консорциумы басым бағыт болып қала береді", - деді Мэттью Сейгерс. 

Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ төрағасы Мағзұм Мырзағалиев та айтқан болатын. Ол отандық шикі мұнайдың 80%-дан астамы КҚК бағыты арқылы тасымалданатынын атап өтті. 

Десек те, S&P Global вице-президенті Мэттью Сейгерс бұл бағытқа "байланып қалудың" қажеті жоқ екенін жасырмады.

"Алайда бірқатар себепке байланысты оған қатты сенім артпаған да жөн шығар. Біз ішкі нарықта мұнайға деген сұраныстың әлі де артып келе жатқанын көріп отырмыз. Мұнда ішкі тұтыну үлкен үлесті алатынын түсіну керек. Сондықтан ішкі нарыққа мұнайдың көбірек көлемін беру бойынша бұл тәуекелдерді қалай жеңуге болатындығын ойланған жөн. Газ мәселесіне тоқталсақ, мұнда бір парадокс бар. Қазақстан жер астында осындай ірі ресурсқа ие бола тұра, коммерциялық газ тапшылығын сезініп отыр. Бұл мәселе трансформацияны қажет етеді", - деп атап өтті спикер.

Ал S&P Global қаржылық-талдау компаниясының вице-төрағасы Дэниел Ергиннің сөзінше, 2022 жылы әлемдегі бірқатар жағдайлар – энергия ресурстары бағасының көтерілуі, геосаяси қақтығыстардың болуы көптеген ел үкіметтері мен компанияларын энергия қауіпсіздігіне қатысты стратегияларды қайта қарауға мәжбүр еткен.

"Әрине, Қазақстан үшін энергетика секторы – экономикалық қауіпсіздік пен өркендеудің негізгі платформасы. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан экономикасы өзгеріске ұшырап, дамуы мен әртараптандырылуына қарамастан көмірсутектер мен басқа да ресурстар ұлттық экономиканың орталық факторы болып қала береді. Газ өнеркәсібі ғана емес, геология, көлік, инфрақұрылым секілді барлық ілеспе секторлардың бәрі елдің ЖІӨ-сіне үлес қосады. Ал мұнай қазақстандық экспорт пен одан түскен түсімнің 60 пайызын құрайды. Мұнай – мемлекеттік қазынадағы бастапқы кіріс көзі", - деді вице-төраға.

Дэниел Ергиннің айтуынша, жалпы энергетика секторы, оның ішінде көмірсутек өнеркәсібі 2050 жылдарға дейін Қазақстанның экономикалық өсуінің негізгі драйвері болуға тиіс және солай болып қала береді.

S&P Global вице-төрағасы мұнай-газ компаниялары қаржылық тәртіп мәселесіне ерекше көңіл бөлуі тиіс екенін де жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу