Сайлаудың болғанынан боладысы қызық

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3620

Сенат пен мәслихат депутаттарын сайлауға ел бюджетінен 446 млн 694 мың теңге бөлінеді.

Сайлаудың болғанынан боладысы қызық

Саяси қалыпқа салып, салмақтап көрсеңіз, "сайлау" деген құбылыстың өзі демократиялану үрдісінің басты бір көрінісі болып табылатынын, әрі "демократия" деген ұғымның өзі сонымен тығыз қабысып жатқанын ұғынасыз. Міне, сондықтан да елімізде қолға алынған саяси реформалар, өмірдегі соны өзгерістер әралуан деңгейде сайлау жүйесі мен Орталық сайлау комиссиясына қатысты болады.

"Биылғы жыл сайлауға толы!" 17 ақпанда, жұма күні өткен Орталық сайлау комиссиясының биылғы бірінші ашық отырысында ОСК мүшесі Владимир Фоос осындай мәлімдеме жасады. Бұл жиында Ортсайлаукомның 2016 жылғы қызметінің қорытындылары қаралып, биылғы жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Сондай-ақ оның алдағы жұмысының басымдықтары айқындалып, нақты бағыттар бойынша комиссия қызметін ұйымдастырудың жаңа нысандары, әдістері мен тәсілдері пысықталды.

Бұл отырысты сайлау органының жаңа басшысы Берік Имашевтің дебюті санауға болады. Сондықтан abctv порталы ОСК-ны ұзақ жыл басқарған Қуандық Тұрғанқұлов тұсындағы тұғырлы істерге және осы мекеменің жаңа басшысы әкелгелі отырған өзгерістерге талдау жасады.

Сонау 1996 жылдан бері Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған Қуандық Тұрғанқұлов екі шылбыр, бір тізгінді  2007 жылдың қаңтарында өз қолына алған болатын. Кейін мемлекет басшысының жарлығымен 2010 жылдың 9 сәуірінде жаңа бесжылдық мерзімге тағайындалды. Ол уақыт түгесілгеннен соң да Қуандық Тұрғанқұлұлы ел басшысының сенімін сақтап, 2015 жылғы 21 ақпанда қайтадан ОСК төрағасы болып тағайындалды.

Ол Ортсайлауком басшылығында жүріп, бес Парламент сайлауын, төрт Президент сайлауын (1999 жылғы қаңтар, 2005 жылғы желтоқсан, 2011 жылғы сәуір, 2015 жылғы сәуір) өткізді.

Еліміздің тарихында тұңғыш рет өткен ауыл әкімдерін жаппай сайлау науқаны да Қуандық Тұрғанқұловтың үлесіне жазылды. Қазақстанның аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізу туралы міндет "Қазақстан-2050" Стратегиясында қойылған болатын.

Нәтижесінде  ел президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі жарлығына сәйкес, сол жылдың тамыздың 5-і мен 9-ы аралығында республиканың 14 облысында барлығы 2 мың 457 аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдарының әкімдерін сайлау өтті. Бұған дейін бұл әкімдерді лауазымына облыс әкімінің келісімімен аудан әкімі тағайындайтын. Ал енді "ауыл-кент әкімі кім болатынын" таңдау өкілеттігі мәслихат депутаттарына берілді. Осылайша "әкім сайлау" – жанама сайлау құқығы негізінде өткізілді.

Қуандық Тұрғанқұлов жиырма жылға жуық уақыт бойы сайлау үрдісін ұйымдастырудың стратегиясы мен тактикасын айқындауға атсалыса жүріп, өзі жинақтаған тәжірибесіне сай  бұл жұмысты жетілдірудің жаңа тәсілдерін іздеп табуға, сайлаулардың ашықтығын, айқындылығын және әділдігін арттыруға күш салды. Атап айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтаса жүріп, бұл ұйымның ұсынымдарын енгізуге тырысты. Ортсайлаукомның барлық отырыстарына сайлауда бақ сынаушылар мен БАҚ өкілдерін шақырып отыруды дәстүрге енгізді. Комиссия қабылдаған барлық нормативтік-құқықтық актілерді ОСК-нің бюллетені мен өзінің интернеттегі ресми сайтында жариялайтын болды.

Қуандық Тұрғанқұлов тұсында Қазақстан батыс елдеріндегідей электронды сайлау жүйесін енгізіп көрді, бірақ артынша бас тартты. Өйткені "Сайлау" автоматтандырылған ақпарат жүйесіндегі дауыс санаудың адалдығына ЕҚЫҰ мен оппозициялық саяси партиялар күмән келтірді.

Бір қызығы батыс сарапшыларының біразы қазақ еліндегі бұл жаңашылдықты құптаған еді. Мысалға 2005 жылы Қазақстандағы президенттік доданы бақылаған америкалық эксперт Дуглас Джоунс кейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ (БДИПЧ/ОБСЕ) Варшавада ұйымдастырған "Сайлауды бақылау және электрондық дауыс беру" атты жиынында халықаралық жағымды мысал ретінде Қазақстандағы сайлау заңнамасында электронды дауыс беру мәселелерінің тиімді реттелуін, бұл істегі ОСК жұмысының ашықтығын және халықаралық бақылаушылар үшін "Сайлау" жүйесінің техникалық құжатнамасының қолжетімді болғанын атап өткен. Егер өз елімізде наразы дауыстар өктем шықпағанда, қазіргі кезде азаматтарымыз сайлау учаскелеріне ағылмай-ақ, үйде отырып, сайлауға қатыса беретін бе еді? 

"Біз бұл жүйені жетілдірмек ойымыз бар. Тіпті интернет, ұялы байланыс, бір қала ішіндегі сымсыз қосылу сияқты заманауи жоғары технологиялар көмегімен сайлау шарасына қатысудың мүмкіндіктерін де қарастырып, жан-жақты зерттеп жатырмыз" деген болатын журналистерге бір сұхбатында Қуандық Тұрғанқұлов.

ОСК-ның электронды сайлауға қашан оралатыны белгісіз, қазір бұл мәселе "қатырылған" күйде жатыр. Біз мысалы  Эстонияда азаматтар смс-пен немесе электронды поштамен хабарлама жазып, дауыс бере салатынын білеміз. Балтық елдері өздерінің ақпараттық технологияларды өмірдің әр саласына кеңінен кіріктіргенін мақтан тұтады. Бірақ сайлаудың бұл түрін құптамайтындар да бұл елдерде жеткілікті. Осындай қарсы күштердің қысымымен Ұлыбритания электронды дауыс беруден бас тартты. Сондай-ақ қазіргі кезде Италия, Нидерланды, Германия, Финляндияда да электронды дауыс беру жүргізілмейді. Бәлкім, жылдар өте келе Қазақстан бұл мәселеге қайта оралар, кім білсін?! Ақпараттық технологиялар бар салаға тамырын тереңге жая беретінге ұқсайды ғой.  

 "Сайлау" ойынын ойнағаннан не ұтамыз?

2016 жылдың 13 қыркүйегінде президент жарлығымен Берік Имашев сайлау органының басшылығына келді. Берік Мәжитұлы өзінің тұсында ОСК-ның өзге мәселелерге басымдық беретінін білдіріп отыр. Атап айтқанда, енді елімізде мектептің табалдырығынан енген баладан еңкейе басқан қарттарға дейін сайлау құқығына оқытылады. Ортсайлауком енді Қазақстанда президент, мәжіліс не сенат депутаты, ауыл әкімі болып кімнің сайлана алатынын және дауыс беру рәсімдерінің қалай өтетінін әрбір қазақстандықтың білуі – маңызды деп отыр. Сондықтан республикада "сауат ашу" науқанын бастамақ. Бұл ретте биыл ілкі жоба ретінде кең ауқымды бастама қолға алыныпты. 

"Электоралдық оқыту мәселелеріне бұдан былай Орталық сайлау комиссиясы жұмысында айрықша көңіл бөлінетін болады! Ең бастысы, бұл жұмыс сайлаулар кезіндегі мерзіммен шектелмей, тұрақты, жүйелі негізге көшірілуге тиіс. Сайлаушылардың сауаттылығы көтерілсе, аумақтық сайлау органдарының кәсіби деңгейі артса, кейде бой көрсетіп қалатын олқылықтар да жойылады", – деді Берік Имашев.

Бұл жоба жайында жұмадағы жиында жиналған жұртшылыққа Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндап берді. Отырысқа облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Әділет, Ақпарат және коммуникациялар, Білім және ғылым, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері қатысқан болатын.

Сәбила Мұстафинаның түсіндіруінше, оқушылар жақсы түсінуі үшін мектепте "Сайлау құқығы" ойын түрінде өткізілуі керек. Ал жоғарғы оқу орындарында студенттер "Сайлау құқығын" пән ретінде оқып, тіпті ол бойынша сынақ тапсырулары мүмкін.

"Бұл жоба аясында азаматтарға олардың сайлау құқығы мен оны жүзеге асыру процестерін ұғындыру мақсат тұтылады. Бұл жаттығу-тренингтер, электоралдық процесін ұйымдастырушылармен кездесулер, сондай-ақ сайланушы лауазымдарға кандидаттармен жүздесулер арқылы жүзеге асырылады. Бұлар сыртында Ортсайлауком сондай-ақ, факультативтер, сыныптан тыс жұмыстар өткізуге, сонымен бірге мектептік және студенттік өзін-өзі басқарудың әртүрлі формаларының дамытуға да әдістемелік көмек көрсететін болады", – деді Сәбила Мұстафина.

Оқушылар мен студенттер дамыған елдерде өздері оқитын оқу орындарын басқаруға қатысатыны мәлім. Осы тұста белгілі публицист, жазушы, президент жанындағы "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Александр Тараков бір қызықты естелікті айтып берді.

"2001 жыл Менің бірінші сыныптағы балам күтпеген жерден сайлаушыға айналды. Ол мектеп президентін сайлауға қатысыпты. Оның айтуынша, оқушылар өз дауысын берген үміткер-кандидат "оқуды қалпымен мереке-думанға айналдыруға" уәде берген екен. Әрине, ақыл-ойы толысып үлгермеген жасөскіндер болашағы бұлдыр мұндай қиялдарға құп деген! Негізі "балалар-жасөспірімдер демократиясын" ендіру бойынша мұндай сынақ-эксперименттер бақылауға қызықты, әрі қандай да бір пайдасы да бар шығар. Бірақ одан ересектер өз бетінше басқа да байлам түйе алады. Мысалы кейбіреулер тырнақтай кезінен өзгелерді алдауға, орындалмайтын нәрселерді үйіп-төгіп уәде етуге үйренеді, ал енді бірі сондай сөздерге балалық шақтан еруге бой үйретеді", - дейді ол.

Сарапшылар қазір ұстаздардың жағдайы онсыз да қиын екенін айтады. Өзін әбден зәрезап етіп, сабақты жүргізуге үнемі кедергі келтіретін шәкіртті нұқып қалса болды, оны өзге оқушылар ұялы телефондарына түсіріп, ғаламторға салады да, соның салдарынан тәжірибелі мұғалім мен оқытушылар жұмыстан қуылып, тіпті істі болып жатады. Ал мектеп немесе университет президенті болып сайланған шәкіртке ұстаздар тәуелді болып қалмағаны жөн. Өйткені педагог оқу процесіне басшылық етуге міндетті және соған жауап береді.

"Жоғарғы оқу орындарында бүгінде ЖОО-ларда заңгерлік емес мамандықтарда құқықтық оқыту – арнаулы құқықтық, элективті курстар, мектептер, семинарлар арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты біз Білім және ғылым министрлігіне ұсыныспен шығып, аталған курстарға "Сайлау құқығы" тақырыбын енгізуге кеңес бердік. Сондай-ақ ЖОО-ларда "Сайлау құқығы" пәнін "жалпы білім беруші пәндер цикліне" 1 кредит көлемінде барлық мамандықтар үшін енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады", – деді Сәбила Мұстафина.

Ортсайлауком бұл іске әкімдерді кеңінен тартпақ. ОСК жергілікті атқарушы органдардың өз өңірлеріндегі жас сайлаушыларды электоралды тәрбиелеу тетіктерін дамытуға белсенді қатысуға шақырады. Нақтылай айтсақ, облыс және Алматы мен Астана әкімдіктері енді "жастар сайлау комиссияларын, жастардың өзін-өзі басқару органдарын, сайлауға қатысты жастар акцияларын, флешмобтарын қолдауы" керек.

Бірден айталық, өз өңірінің "жарты патшасы" болып табылатын әкімдерге Ортсайлауком басшысының айтқанын тыңдауға еш құлқы болмауы мүмкін. Өйткені біріншіден, Қазақстанда ауыл болмаса, өңір басшылары сайланбайды, оларды тікелей президент тағайындайды. Болашақта конституциялық реформа нәтижесінде олардың орынтақта отыру-отырмауына үкімет пен парламент тікелей ықпал етеді деп күтілуде.

Екіншіден, дағдарыс ұзаған әрі күшейген тұста бюджеттің әр теңгесі есепте. Демек мектептер мен университеттерде президент сайлауды, оларды ұйымдастыратын жастар сайлаукомдарын ұстап тұруды, флешмобтарды қолдауға қаржы табу күрделі.

Сондықтан ОСК әкімдерге ықпалы жүретін президент әкімшілігі арқылы қимылдамақ ниетте: "Біз президент әкімшілігі басшысының атына жолдаған хатымызда Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері алдына электоралдық оқытудың әртүрлі формаларын өткізу бойынша міндет қою мәселесін көтердік. Әкімдіктер бұл үшін ішкі және жастар саясаты басқармалары арқылы мемлекеттік тапсырысты орналастыруы қажет. Бұл шараларды Ортсайлауком әдістемелік тұрғыдан сүйемелдейді", – деді Сәбила Мұстафина.

Бұл жоба ересек қазақстандықтарды соның ішінде зейнеткерлерді де қамтиды. Сәбила Мұстафина 2017 жылғы жаппай электоралдық оқыту жобасының нәтижелері Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы бюджетін қалыптастыру кезінде де назарға алынатынын мәлімдеді. Яғни бұл жоба биылмен шектелмейді, қайта қоғамның әр қабатын кең қамту үшін алда кеңейе түсуі ықтимал.

"Ең бастысы біз мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейін Қазақстан халқын барынша қамтуға тиіспіз! Бұл қамту тұлғаның дамуы мен әлеуметке кірігуінің барлық деңгейлеріне енгені жөн!" – деді Берік Имашев.

ОСК-дағы отырыста 2017 жылы Қазақстанның төрт сайлау науқанын бастан кешіретіні жарияланды.

Біріншісі қазір өтуде: 12 облыстағы 58 сайлау округінде бұрын шығып қалғандар орнына мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну жүруде. Олардың сайлауы 26 наурызда өтеді деп белгіленген.

Екіншіден, биыл сенат құрамы жаңарады. 2017 жылдың 30 маусымына қарай өтетін Сенат депутаттарының кезекті сайлауында әр облыс пен Астана және Алматы қалаларынан бір-бірден сенатор таңдалады. Онда жеңіске жеткен 16 адам 2011 жылғы 19 тамызда сайланған сенат депутаттарының орнын басады.

Үшіншіден, ағымдағы жылы Қазақстанда екінші рет "әкім сайлау" өтпек. Ауыл-кент басқарғысы келетін үміткерлердің аламан додасы тамыз айында өтеді.

"Биылғы электоралдық жылды 29 қазанда шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын сайлау бойынша науқан тәмамдайды", – деді Берік Имашев.

ОСК мүшесі Владимир Фоос биылғы сенат пен мәслихат депутаттарын сайлауға ел бюджетінен 446 млн 694 мың теңге бағытталатынын айтады.

Тарихқа көз жүгіртсек, 2008 жылғы Сенат сайлауында 88 үміткер, ал 2011 жылы 96 кандидат сайысқа түскен болатын. Бес жыл бұрынғы бәсекеде 3283 мәслихат депутатының 3172-сі немесе 96,6%-ы сайлауға қатысып, 16 сенаторды таңдады. Сол жолы Астанадан - Владимир Редкокашиннің, Алматыдан – Ақан Бижановтың, Ақмола облысынан – Жабал Ерғалиевтің, Ақтөбе облысынан – Елеусін Сағындықовтың, Алматы облысынан – Ләззат Тұрлашовтың, Атырау облысынан – Қайрат Ищановтың, Шығыс Қазақстан облысынан – Талғатбек Абайділдиннің, Жамбыл облысынан - Ертарғын Астаевтың, Батыс Қазақстан облысынан – Рәшит Ахметовтың, Қарағанды облысынан – Серік Ақылбайдың, Қостанай облысынан – Жеңіс Нұрғалиевтің, Қызылорда облысынан - Мұрат Бақтиярұлының, Маңғыстау облысынан – Бақтыбай Шелпековтың, Павлодар облысынан – Асхат Күзековтің, Солтүстік Қазақстан облысынан – Самат Ескендіровтың, Оңтүстік Қазақстан облысынан – Қуаныш Айтахановтың бағы жанған. Іс басындағы бұл сенаторлардың қайсысы қайтадан бәйгеге түсетіні әзірге белгісіз. Демек парламенттің жоғарғы палатасынан біраз жаңа тұлғаны, тіпті көрнекті әрі танымал азаматтарды көріп қалуымыз ғажап емес. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу