Сенат сайлауында әр үміткер 29 млн 750 мың теңге жұмсай алады

1299

Сайлау қорына тек заңды жолмен алынған қаражат қана жіберіледі.  

Сенат сайлауында әр үміткер 29  млн 750 мың теңге жұмсай алады

Орталық сайлау комиссиясы өткізген онлайн режимдегі басқосуда "ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарының мөлшерін белгілеу және ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау қорлары туралы" сонымен қатар "ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу кезінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсының функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы" мәселелер қаралды.

"25 маусымдағы жағдай бойынша 88 адам ұсынылды. Орташа алғанда бір депутаттық орынға 5 адам үміткер болып отыр. Ұсыну мерзімі 12 шілде күні сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Ұсыну кезеңінің соңғы қорытындыларын жеке отырыста қарастырамыз", – деді орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.

Біле жүріңіздер, 12 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенат депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Өз кезегінде орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысты күнтізбелік іс-шаралар жоспарын бекітіп, 13 маусымнан бастап сенат депутаттығына кандидаттарды тіркей бастады.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбиля Мұстафина мемлекет кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін тең қаражат бөлуге кепілдік беретінін айтты.

"БАҚ-қа шығу үшін кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін орталық сайлау комиссиясы айқындайды. ОСК-ның кандидаттарға БАҚ құралдарына шығу үшін қаражат бөлу қағидалары бойынша тиісті қаулыға сәйкес кандидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-қа шығу тәртібі мынадай: теледидардан 15 минут, радиодан 10 минут, мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан артық емес", – деді хатшы.

Сәбила Мұстафинаның мәлімдеуінше, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жариялы іс-шараларын өткізу мен үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстарды және көлік шығыстары орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі.

"Сенат депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығысы 450 мың теңге болып белгіледі. Оның ішінде теледидардан, радиодан бағдарламамен сөз сөйлеу және мерзімді баспасөзде 2 мақала жариялауға - 300 мың, сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығаруға 70 мың, көлік шығындары үшін - 80 мың теңге қарастырылған", – деді ол.

Сәбила Мұстафинаның түсіндіруінше, сенат депутаттығына кандидаттардың екі сайлау қоры болады. Біріншісі, кандидаттың меншікті қаражаты. Ол заңнамамен белгіленген ең төменгі жалақының 200 есе мөлшерінен, яғни 8 млн 500 мың (сегіз млн бес жүз мың) теңгеден аспауға тиіс. Екіншісі, жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен 500 жүз еседен аспауға тиіс ҚР азаматтары мен ұйымдарының ерікті қаражаты. Оның мөлшері 21 млн 250 мың (жиырма бір миллион екі жүз елу мың) теңгемен шектелуі керек.

"Белгіленген мөлшерден тыс ақшалай қаражат сайлау қорына есептелуге жатпайды. Артық ақша оны ұсынған азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен жабылады. Сайлау қорына тек заңды жолмен алынған қаражат қана жіберіледі", – деді Сәбила Мұстафина.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу