Салықтық несиелер берілмек

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4026

Қазақстанда салықты кейін төлеуге мүмкіндік берілуі ықтимал.

Салықтық несиелер берілмек

Қыркүйек айында парламенттің қарауына ұсынылуға тиіс жаңа Салық кодексінің жобасында салықтық несие алу мүмкіндігі қарастырылған.

"Егер кәсіпкер кәсіпорнын кеңейтіп жатса, бизнес-жоспар жасап, қай кезде үлкен салық салынатынын біледі және сол кезде қолма-қол қаражатының болмайтынын сезеді , бұл кедергіден өтудің екі жолы бар: банкке барып несие алу немесе салық органына барып, салық несиесін алу, яғни, болашақтағы салық міндеттемелерін кейінірек төлеуге рұқсат алу", – деп түсіндірді журналистерге ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, Салық кодексінің жобасында несиенің мұндай түрін үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге, сыйақы мөлшері қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша рәсімдеуге болады.

"Бірақ бұл әлі талқыланатын болады", – деді ол.

Жалпы ұлттық экономика министрлігінің жұмыс тобы кодекс жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалды, тамыз айында оны үкіметтің қарауына ұсыну жоспарланып отыр, үкімет мақұлдаса парламентке жіберіледі. Бұған дейін айтылғандай жаңа Салық кодексі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрекет етуге тиіс.

Руслан Дәленов атап өткендей,  Салық кодексі елеулі өзгерістерге ұшырады, мұнда кінәсіздік презумпциясына үлкен мән беріледі.

"Бүгінгі күні өз ісін бастап, бизнес ашқысы келетін адам салықты қалай төлеймін деп бас қатырмауға тиіс. Бұл жеңіл және тез жасалу керек. Сондықтан біз идеологияны өзгертіп, әлдебір ынталандыру енгізіп, басқаруды айтарлықтай жеңілдетуді жоспарлап отырмыз", – деп түсіндірді ол.

Салық кодексінің идеологиясы адал салық төлеушінің мүдделерін қорғауға бағытталады, яғни "барлық түсініксіз жайттар салық төлеушінің пайдасына шешіледі".

"Мұндай қағида салық дау-дамайларын әділ қарастыруға мүмкіндік береді. Егер салық төлеуші кейін өзгерген салық органының түсіндірмесіне сәйкес әрекет етсе, айыппұл немесе өсімақы тағайындамау ұсынылды", – деді вице-министр.

Сондай-ақ салықтық басқару рәсімдерін жеңілдетуге ұсыныс жасалды. Жалпы, Руслан Дәленовтың сөзінше, басқару салық төлеуге көмектесу керек. Бұл ретте тексерулер саны айтарлықтай қысқарады.

"Тексерістердің жартысын аутсорсингке беру керек, бизнестің өзі бизнес жасасын. Қалған тексеріс үш векторлы болады, жасыл аймаққа түскендер туралы мүлдем ұмытқан жөн, ал сары немесе қызыл аймаққа түскендерге көмек керек не тікелей әкімшілік ету, яғни тексеру керек", – деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге Салық кодексі нормаларының айқындығы мен оларды дұрыс түсіндірудің арқасында салық төлеушілер өздерін сирек тексеру үшін не істеу керек екенін нақты білетін болады

"Шағын және орта бизнеске құқығы бұзылған тұлғаның талап қою мерзімі бес жылдан үш жылға дейін қысқарады. Яғни егер үш жыл ішінде салықтық қателік табылмаса, кешіріледі ", – деп түсіндірді Руслан Даленов.

Сондай-ақ вице-министр жаңа Кеден кодексі жобасына қатысты жұмыстың аяқталғанын айтты. Кеден кодексінде бизнестің мүддесі мен нормалардың ашықтығына басымдық берілді.

"Енді сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар брокерге өтініш тастамай-ақ, үйлерінде отырып кеден органдарының ақпараттық жүйесі арқылы декларацияны сырттай жібере алады. Оған растайтын құжаттарды тіркеу қажет болмайды", – деді ол.

Сондай-ақ кедендік декларацияны тіркеу мен тауарларды бірден шығаратын кедендік операцияларды жүргізу мүмкіндігі енгізіліп жатыр. Кедендік кодекс жобасында "бір терезе" құралын дамыту да қарастырылған. Егер бүгінгі күні кедендік декларацияға беру үшін құжаттарды жинау сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушының міндеті болса, жаңа кодекс қабылданғаннан кейін "кеден қызметкері мемлекеттік органдардан  керек құжаттарды өзі жинайтын болады".

"Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органның жұмысы автоматтандырылған, мәліметтер базасында барлық құжат бар", – деді Руслан Даленов.

"Тіпті жоқ болған күннің өзінде бірыңғай терезе ақпараттық порталы арқылы өтініш беріп, барлық қажетті құжатты электронды түрде алуға болады", – деп нақтылады ол.

Сонымен бірге кедендік жарнаны төлеу мерзімін бір айдан жарты жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

"Бұл жекелеген тауарлар үшін тиімді. Көкөніс, жеміс-жидек кедендік жарнаны төлегенге дейін тез бұзылып кетеді. Ал кедендік жарнаны төлеуге кем дегенде екі-үш күн кетеді. Сондықтан тауардың кейбір түрлері бойынша кедендік жарна төлеу мерзімін ұзарту ұсынылып отыр", – деп нақтылады вице-министр. 

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу