Санкциялық соғыс

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3940

"Кремль досьесі" Ресейдің шенеуніктері мен ірі бизнесмендерін қыспаққа алып жатыр.

Санкциялық соғыс

30 қаңтарда Америка құрама штаттарының қаржы министрі Стивен Мнучин "Кремль досьесін" жария етті.

"Қара тізімге" Ресей Федерациясы үкіметінің барлық мүшелері кіріп отыр.

Бұл құжатты АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау кеңсесі (Office of Foreign Assets Control, OFAC) әзірлеген. Онда алда санкциялар енгізу ұсынылатын ресейлік биік лауазымды шенеуніктер мен белді бизнесмендердің егжей-тегжейлі тізбесі келтірілген. Олардың көбі өз уақыттарының үлкен бөлігін отбасыларымен бірге шетелде өткізуге бой үйреткен. Алайда енді "қара тізім" олардың өмір салтына айтарлықтай өзгеріс енгізетінге ұқсайды. 

Осы қадам "Американың қарсыластарына санкциялар көмегімен қарсы тұру туралы" (Сountering America's Adversaries Through Sanctions Act) заң талаптарына сәйкес жасалып отыр. Оған АҚШ президенті Дональд Трамп 2017 жылғы 2 тамызда қол қойған болатын. Заңда Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт держава өзінің жаулары ретінде Ресей, Иран және Солтүстік Кореяны атады. Осылайша өз тарихында тұңғыш рет АҚШ байырғы бақталасы Ресейді "әлемнің әйкәпірі" атанған Солтүстік Кореямен бір қатарға қойып отыр.     

Бір ғажабы сол, америкалық Конгресс ресейлік олигархтардың санкциялық тізімін түзу мәселесінде таңғаларлық бірауыздылық танытқан: дауыс беру кезінде РФ-ға қарсы санкцияларды күшейтуді 98 конгресмен жақтап шықты, тек екеуі ғана қарсы болды. Мұндай басымдық көптен кездеспепті.

Сонымен Конгреске ұсынылған "Кремль досьесі" Кремлге жақын әрі ресейлік билеуші элитаға кіретін тұлғалар туралы, олардың сыбайлас жемқорлық істерге қатыстылығы, олардың жеке капиталы мен мүліктері, кіріс көздері, сондай-ақ олардың туған-туыстарының, соның ішінде әйелінің, аға-інілерінің, әпке-қарындастарының, балалары мен ата-аналарының активтері туралы жан-жақты ақпараттан тұрады.

Бұдан бөлек баянжазбаның жеке бөлімі ресейлік мемлекеттік қарыздарға (құнды қағаздар, еуробондтар, облигацияларға) инвестиция салуға тыйым салу мүмкіндіктеріне арналған.  

Айтқандай досьенің ашық және құпия бөліктері бар. Әзірге тек ашық бөлігі ғана жария етіліп отыр. Жасырын бөлігінің анық-қанығы тек жарты ғасырдан кейін айғақ болуы ықтимал.

Кремлдің өзі бұл құжатты ауыр қабылдады. Ресей президенті баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың аузымен мәлімдеме жасап, "Кремль досьесін" "алдағы президенттік сайлауға ықпал етудің тікелей және ашықтан-ашық талабы ретінде" қабылдайтынын хабарлады.

Ал ВТБ банкінің басшысы Андрей Костин осы байламды құптай келе, АҚШ-тың жаңа санкцияларын Батыс әлемінің Ресейге қарсы "экономикалық соғыс" ашқаны деп білетінін айтты.

Бірден айта кеткен жөн, "қара тізімге" кіру автоматты түрде оларға санкция қолданылады деген сөз емес. Бұл тек тізімдегі әр адамға сондай қауіп төнді дегенді білдіреді. Яғни Ресейдің ең беделді тұлғаларының үстіне "Домокл семсері" ілініп қойды. Оларды үрейлендіретіні де осы.

"Оның үстіне "қара тізімге" кіргізудің өлшем-критерийлері де анық жазылмаған, құпия. Оған алда кез келген адам еніп кетуі мүмкін. Осы белгісіздік ресейлік бизнесмендердің жүйкесін жұқартып отыр", – дейді саяси технологиялар орталығы президентінің бірінші орынбасары Алексей Макаркин.

"Кремль досьесіне" премьер Дмитрий Медведев және оның бірінші орынбасары Игорь Шувалов бастаған РФ үкіметінің барлық федералдық министрлері, президент әкімшілігінің барлық биік лауазымды мүшелері, парламенттің, соның ішінде Федерация кеңесі (сенат) пен Госдума төрағалары, қауіпсіздік кеңесінің өкілдері, мемлекеттік корпорациялардың жетекшілері кірді.  

Тізімде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, президент әкімшілігінің басшысы Андрей Вайно, оның бірінші орынбасары Алексей Громов, президент көмекшісі Владислав Сурков, РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров, мәдениет министрі Владимир Мединский, қаржы министрі Антон Силуанов, экономикалық даму министрі Максим Орешкин, өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров, энергетика министрі Александр Новак, денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова, көлік министрі Максим Соколов, ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачев, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Максим Топилин және басқа да шенеуніктер бар.

Мұның сыртында үш беттен тұратын "кремлдік баянжазбадан" Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, Госдума төрағасы Вячеслав Володин, сонымен бірге, күш құрылымдарының басшылары, атап айтқанда қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, қорғаныс министрі Сергей Шойгу, бас прокурор Юрий Чайка, Ресей гвардиясының басшысы Виктор Золотов және басқалар табылды.

Нәтижесінде "қара тізімге" 210 шенеунік пен бизнесмен еніп отыр. Олардың аты-жөндері төрт үлкен бөлікке бөлінген: бұлар – "президент әкімшілігі", "министрлер кабинеті", "жоғары лауазымды саяси лидерлер" және "олигархтар". 

Шынында солтүстік көршінің саяси көшбасшылары арасында санкциялық тізімнен аман-есен қалғаны жалғыз Владимир Путин болып отыр.

"Қара тізімдегілерге" санкциялар қашан енгізілетінін Вашингтон айтпады. Тек Дональд Трамптың әкімшілігі заң шығарушылар үшін құпия брифинг өткізіп, депутаттардың сауалдарына жауап берген. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында АҚШ сенаторы, шетелдік істер жөніндегі комитет мүшесі, демократ Бен Кардин хабардар етті.

Оның айтқанынан белгілі болғанындай, жаңа санкциялар бірінші кезекте, ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенге соққы жасайтыны анықталған.

"Бүгін әкімшілік қазіргі кезде қабылданып жатқан америкалық дипломатиялық күш-жігерлер туралы құпия брифинг өткізді. Қарсыластарға қарсы санкциялар туралы жаңа заңда Ресейге қатысты бір норма бар, ол бойынша қорғаныс және барлау бойынша ресейлік сектормен арада елеулі сомадағы операциялар жүргізетіндерге қатысты да санкция енгізу қарастырылған", – деп хабарлады сенатор.

Ол іс-шарада айтылған құпия жайттардың мазмұнын талқылау ниеті жоқтығына назар аударта келе, сонымен бірге енді санкциялар салдарынан Ресейдің өз әскери өнімдерін әлем бойынша саудалау мүмкіндіктерінің төмендей беруін мұқият қадағалап отыратынын қосты.  

Қазірдің өзінде әлемдегі көптеген елдер санкция салқыны тиюінен сақтанып, ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешен өнімдерін алудан бас тарта бастапты. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт аталған заңмен қойылған шектеулер Ресейдің өзге елдермен арада бекіткелі отырған және құны миллиардтаған долларға баратын көптеген мәмілелерін бұзғанын мәлімдеді. 

Нойерт ханымның айтуынша, "санкциялық тізімге енгізілген ресейлік компаниялармен елеулі мәмілелер жүргізуге бел буған шетелдік компаниялар" – жаңа санкциялардың басты объектісі болады.

Осы орайда бұдан Қазақстанның қаншалықты қорғанғаны туралы сұрақ туады. Сарапшылар бұл ретте елбасының таяудағы АҚШ-қа сапары барысында екі ел басшылығы арасында "Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың Қазақстанға кесірі тимейтініне және таралмайтынына" Трамптың кепілдік бергенін алға тартады.

Бұған қоса сарапшылардың түсіндіруінше, мәселе "елеулі операциялар", яғни Ресейден миллиард доллардан астамға ұшақтар, тікұшақтар, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін, әскери кемелерді және басқа да қымбат қару-жарақ пен техниканы сатып алу туралы болып отырса керек. Қазақстаның Ресейден сатып алатыны бұл сомадан әлдеқайда аз, оның үстіне ҰҚШҰ аясындағы келісім бойынша РФ қару-жарақ пен техникасын елімізге жеңілдікпен сатады. Ал "С-300" секілді әуе және зымыранға қарсы қорғаныстың зениттік-зымыран кешендерін солтүстік көрші ядролық қалқан құру аясында бізге тегін берді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Астана тек ресейлік әскери өнімдермен шектелмей, Батыс елдерімен бұл бағытта тығыз ынтымақтастық құруда. Әйткенмен Қазақстан мен отандық бизнеске де енді әр ісінде сақ болып, "екі шұқып, бір қарап", санкцияға ілігіп қалмаудың қамын алдын ала ойластырып отырған артық болмайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу