Саны көп, сапасы жоқ

Қажет Андас Қажет Андас
4580

Кооперативтердің көрсеткіші көңіл көншітпей тұр.  

Саны көп, сапасы жоқ

Өткен жылы Алматы облысы бойынша 693 мың тонна сүт өндірілді, оның 26%-ы ғана өңдеуден өтті. Жетісу сияқты шөбі шүйгін, топырағы құнарлы құт мекен үшін бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес.

"Бүгінгі таңда облыста 13,2 мың бас ірі қараны топтастырған 51 тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Өндірілетін сүт көлемі жылына 40 мың тоннаны құрайды. Алайда ішкі нарықта тұтынылған сүттің 22%-ы немесе 35 мың тонннасы импорт өнімі болса, облыста өндірілетін 125 мың тонна сүттің  3,2%-ы немесе 4 мың тоннасы ғана шетелге шығарылып жатыр", – деді Алматы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сексембай

Алайда осыншама тауарлы сүт фермалары неліктен өңірдің сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Мұны себебін басқарма басшысы былай түсіндірді: "Өкінішке қарай, өңірде 588 мың бас сүтті ірі қара бар десек, оның 65%-ы үй шаруашылығында шоғырланған. Өндірілетін жалпы сүт өнімінің 84%-ы да осы санаттың үлесінде. Онда сауылған сүттің сапасы стандартты емес. Сондықтан қайта өңдеу кәсіпорындарының талабына сай келмейді. Ал сапалы сүттің тапшылығы өндірісті өркендетуге қолбайлау болып тұр".

Ірі қараның көбі үй шаруашылығында болуы тауарлы сүт фермаларын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуге кедергі келтіріп тұр. Мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру таптырмас тәсіл болып тұр. Осыған орай биыл облыс бойынша 111 кооператив құру жоспарланған. Оның 27-сі сүт бағытында жұмыс істейтін болады.

"Бірінші тоқсанның өзінде 360 жеке тұлғаның ортақ шешімімен 34 кооператив құрылды. Бірақ әлі де болса бұл іске бел шешіп кіріспей отырған аудандар бар", – дейді Сексембай Бекішов.

Шынын айтып керек, дәл қазір кооператив көп, бірлігі жоқ болып тұр. Олардың әрқайсы өзі шыққан төбені тау санап жүр. Соның салдарынан нәтиже де көңіл көншітпей тұр.

Осы мәселеге нүкте қою үшін жетісулық ауыл шаруашылық саласы мамандары, шаруа қожалықтарының иелері, тауарлы сүт фермасының басшылары және малшылар қауымы Еңбекшіқазақ ауданындағы "Адал" компаниясының тәжірибесімен танысуға жиналды.

"Компанияда 2015 жылы 5730 тонна сүт өндіріліп, әр сиырға шаққанда 7234 литр­­ден сүт сауылды. 2020 жылға қа­рай жылына 9000 тонна сүт өн­діріп, әр сиыр­дан сауылатын сүттің көлемін кемінде 8700-8800 литрге жеткізбекші", – деді бүгінгі табысымен марқайған компания директоры Серік Смайлов.

Жер­гі­лікті мал тұқымынан мұн­дай толағай та­бысқа әзірше еш­кім кенеле қойған жоқ. Үлгі етіп отырған компания жетістікке мега фермалар жүйесін құру арқылы жеткен.

Мега фермалар жүйесін қалыптастыру шет­ мемлекеттерде кең тараған.  Елімізде бұл бағытты өркендетуге мүмкіндік мол болса да оған "Адал" компаниясынан басқа ешкім кіріспей отыр.

Айта кетейік, бұл жүйе бойынша жұмыс істегенде ауыл адамдары еңбекке тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, салық базасы толығады.

Сүт өндіріп, өңдеудің және таратудың клас­тер­лік түріне көшкен біздің жағдайымызға тіпті тиімді. Оның үстіне үкі­ме­тіміз 2017 жылдан бастап осындай от­ба­сы­лық фермаларға 30% көлемінде суб­си­дия төлейді.

"Адал" компаниясының барлық жұмысы автоматтандырылған. 1999 жылдан бастап қолға алынған сүт өңдеу ісі қазір әбден жетілдірілген. Санитарлық-гигиеналық тазалыққа ден қойылған. Ар­найы зертханада тексеріліп, 137 градуста өңделген сүт әп-сәтте тетра­па­кетка құйылады. Өндіріске адам қолы мүл­дем тимейді. Сапаның жоғары болу сы­ры да осында.

Сауыншылардың жұмысы бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген. Сиыр­лар­дың желініне автоматты түтікті жалғаса болғаны, олар иіп сала береді.

Цехта 100 адам еңбек етеді. Ал мың сиырды 8 адам сауады.

"Бұрын бір адам 50 сиыр сауса, қазір 100 сиыр сауамыз. Айлығымыз Алматыға қатынап еңбек етіп жүрген жер­лес­те­рі­міз­ден әлдеқайда жоғары. Айына алты күн демаламыз",  – дейді сауыншы Шынар Жәкенова.

Дайын өнімді таратудың өзіндік жүйесі бар. Таңғы сағат 4-тен бастап, сал­мағы 3-5 тонналық автокөліктерге тиел­ген түр­лі өнім 4 мың сауда орыны мен мекемеге жеткізілетін көрінеді. Сау­да өкілдерінің қолдарында планшеттері бар. Сон­да сауданың жайы сайрап тұр. Ал бас­шылар жұмысты кең­седе отырып-ақ бақылай береді.

Компанияның бірінші басшысынан бас­тап, қатардағы еңбеккерлерге дейін есеп пен үнемді етен шығармайды. Жеті өлшеп, бір кескеннің арқасында тиын­нан теңге құралып, табыстың тай­қа­заны тасып тұр.

"Кәсіпорында күніне 60-70 тон­на сүт өнімдері өндіріліп, айына 60 млн жалақы таратылады", – дейді компания басшысы.

Қазір мұнда ет өндірісі жолға қойылып жатыр. Келешекте сауда орын­дарына "Адалдың" сүт өнімдерімен қатар ет өнім­дері де  жеткізілетін болады.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу