Сапарбаев сапалы бизнеске ден қойды

1754

Елбасы бастамашы болған "Жаңғыру 3.0" Ақтөбе өңірінде 20 кәсіпорынды қамтиды.

Сапарбаев сапалы бизнеске ден қойды

Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады.

Әкім өз өңірінде биыл мемлекет пен жекеменшіктің әріптестік (МЖӘ) тетігі және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобаларын жүзеге асыру арқасында 50 млрд теңге инвестиция тартылғанын хабарлады. Осы қаражатқа 125 жоба жүзеге асырылуда екен.

"Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл механизм ұзақ мерзімді перспективада тіпті облыстық бюджетке түсер жүктемені азайтып қана қоймай, халықтың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін жақсартады. Біз МЖӘ белсенді дамуытуды жалғастыруға ниеттіміз", – деп, кәсіпкерлерге жылы қабақ танытты әкім.

Бүгінде Ақтөбе облысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін және мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамытуда 16 өңірдің ішінде 7-ші орында тұр.

Мәселен, Ақтөбеде "Қазхром" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 1,5 млрд теңге тұратын балаларды дамытуға арналған Шығармашылық академиясын салып беріпті. Сондай-ақ, "CNPC-Ақтөбемұнайгаз" қаражаты есебінен Қазақстанның батыс аймағындағы ең ірі орталық – "Өнер орталығы" бой көтерген. Оның аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды.

Жергілікті кәсіпкер қаланың "Батыс-2" ықшамауданында салынған "Жекпе-жек сарайын" сыйға тартты. Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі 1,8 млрд теңгені құрайды. Әмбебап зал бокс, күрес, дзюдо секілді түрлі спорт түрлерінен сайыстар өткізуге мүмкіндік береді.

"Сәби" жеке қайырымдылық қорының инвестициялары арқасында "Мейірім" әлеуметтік бейімдеу орталығы салынды. Қазақстанда әзірге баламасы жоқ бұл кешенде бүгінгі таңда 16-29 жас аралығындағы балалар үйінің 90-нан аса түлегі паналап, жұмыс істейді.

МЖӘ жобалары арасында жақында пайдаланылуға берілетін тағы бір құнды жоба – балалар мен ересектерге жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсететін "Дару жарығы" офтальмологиялық орталығы бар. Жоба құны 3,2 млрд теңгеге бара-бар.

Жаңа неке сарайы және тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының жалпы құны шамамен 2 млрд теңгені құрайтын құрылыс және жабдықтау жұмыстары аяқталуға таяу көрінеді.

Әлеуметтік нысандарды салуға биыл 29 млрд теңге көлемінде бюджеттен тыс қаражат тартылды, ал 2017-2019 жылдары 69 млрд теңге тарту жоспарланып отыр екен.

Осылайша, тәуелсіздік жылдары кәсіпкерлер мен инвесторлар Ақтөбе өңірінің өркен жаюы мен көркеюіне үлес қосуда, мұнда тіпті алпауыт кеңес одағы да сала алмаған нысандар іске қосылуда делінді.

Аймақ басшысы Ақтөбе облысында биыл 20 кәсіпорын қайта жаңғыртылатынын мәлім етті. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңірде кәсіпорындарды жетілдіруге арналған "Жол картасы" бекітіліп, оның аясында аймақта 15 өндіріс жаңғыртылған. Олардың қатарында "Восход-Oriel" ЖШС, "KMK Мұнай" АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, "Энергосистема" ЖШС, "АХҚЗ" АҚ және басқалары бар.

Ағымдағы жыл аяғына дейін тағы 5 нысан бойынша технологиялық жетілдіру жұмыстары аяқталады. 20 кәсіпорынды технологиялық жаңғырту үшін бизнесмендер жалпы құны 20 млрд теңге қаржы салмақ.

"Бұл шара еңбек өнімділігін 9%-ға арттырады, өнімнің өзіндік құны мен қайта өңдеу шығындарын 3%-ға, жарақаттану деңгейін 10%-ға төмендетеді, экологиялық жағдайды жақсартады және жаңа желілерді іске қосу арқылы шығаратын өнімдердің түрлерін кеңейтеді. Алдағы бес жылда облыстың кәсіпорындарының жабдықтар мен үдерістері кемінде 400 млрд теңгеге жетілдіріледі", – деді облыс әкімі.

Тұтастай алғанда, Ақтөбе облысының экономикасы биылғы жылдың 9 айында 5 пайызға өсті. Бұл жалпыреспубликалық деңгейден шамамен бір жарым пайызға жоғары.

"Елбасының өңір халқының әл-ауқатын арттыру мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындай отырып, экономика өсімінің бес пайызға өсуіне қол жеткіздік. Оң динамика барлық секторларда қамтамасыз етілген", – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Атап айтқанда, өңірде өндірістік өсім 4,7%-ды құрап, жалпы алғанда 1 триллион 77 млрд теңгенің өндірістік өнімі өндірілді. 9,1% деңгейді құраған өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша Ақтөбе облысы Қазақстан бойынша көш басында тұр екен.

Өңір сондай-ақ, облыс экономикасына тартылған инвестицияның нақты көлемінің индексі бойынша да көшбасындағылардың бірі болып табылады: жыл басынан бері, өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда, 21,1% өсіп, 268 млрд теңгені құрап отыр.

Ауыл шаруашылығының жалпы көлемінің өсімі 3,9% болыпты (145,5 млрд теңге).

Егер әкімге сенсек, Ақтөбе бизнестің құтты мекеніне айналуда: күйзеліске қарамастан, өңірде әрекет ететін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,9%-ға немесе 50,7 мыңға дейін артқан. Бөлшек сауда айналымы 7,9% көлемінде өсімге қол жеткізіпті.

Құрылыс жұмыстары көлемінің өсімі 10,3%-ды құрап, 390 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл қорытындысы бойынша 650 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Облыстың салық салу базасы да артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда көлем 72,5 млрд теңгені құрап, 7%-ға өсті.

Бердібек Сапарбаев экономика өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық өңірдегі жұмыспен қамтуды сақтап қалуға мүмкіндік бергенін мәлімдеді. Жұмыссыздық Ақтөбе облысында 4,8% деңгейінде көрінеді. 15,2 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Жыл соңына дейін 1,3 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу