Сарапшы БЖЗҚ табысының құпиясын ашты

15581

БЖЗҚ-ның табысын мемлекет пен салық төлеушілер қаржыландырып отыр. Бұл туралы экономист Олжас Құбайбергенов мәлімдеді.

Сарапшы БЖЗҚ табысының құпиясын ашты

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2018 жылы қордың таза инвестициялық табысы 917 миллиард 103 миллион теңгені құраған. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы бұл көрсеткіш небәрі 746 миллиард 848,4 миллион теңге болған.

Осылайша, қорға сенсек, инвесттабыс көлемі зейнетақылық түсімдерден 70 миллиардқа асып түсіп отыр. Мысалыға, 2018 жылы БЖЗҚ-ға 847 миллиард 135,4 миллион теңге, оның алдында, 2017 жылы 759 миллиард 35,7 миллион теңге зейнетақылық жарналар құйылған-тын. Яғни, алғаш рет қордың табысы азаматтардың зейнетақылық аударымдарынан ірі көлемде артуда.  

Дегенмен, бірқатар сарапшылар БЖЗҚ-ның бұл қуанышын бөліспейді.

Солардың бірі экономист Олжас Құдайбергеновтың байламынша, қор табысының осынша асып түсуі "жаман" нәрсе: өйткені ол "зейнетақылық түсімдердің азайғанын" білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, азаматтардың еңбекақысы мен табысы азайған, тиісінше, қорға да азырақ жарна аударылады.

"Зейнетақылық түсімдердің төмендеуі аясында инвесттабыстың көлемімен мақтанудың еш мағынасы жоқ. Себебі, қазір қордан төленетін зейнетақылық төлемдер қопға түсетін жарналардың 75%-ына жетіп қалды. Яғни, төленетін төлемдер түсетін түсімдерден асып кететін кез таяп келеді. Ол кезді әрі қарай ысырудың бір талабы бұған дейін жасалды: әйелдердің зейнеткерлікке шығатын жасын көтерді. Бізді қызықтыратыны, енді келесі қадамда не жасамақ?" – дейді сарапшы.

Оның айтынша, БЖЗҚ инвесттабысының шамамен 35%-ы мемлекеттік құнды қағаздардан (МҚҚ) түскен. Оның сыйақысы шамамен 8,8%.

"Жалпы, былтыр қор активтерінің 44%-дайы МҚҚ-ға салынған. Бұл жердегі кілтипан сол, ондай табыс табу үшін үлкен ақыл иесі болудың қажеті шамалы. Мемлекеттік құнды қағаздар үшін бүкіл табысты Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк төлейді. Басқаша айтқанда, ол табысты төлеуге жұмсалатын ақша бюджетке түсетін салықтардан және басқа да түсімдерден алынады. Демек, осы инвесттабысты қамтамасыз етудің бүкіл ауыртпалығын халық арқалайды, ал БЖЗҚ болса, табыс таптым деп мақтанады. Ендеше мұны жасанды табыстылық, қаржыны мемлекеттің бір қалтасынан алып, екіншісіне салу деп санау керек", – дейді Олжас Құдайбергенов.

Ол БЖЗҚ-ның қалған табысына да талдау жасады.

"Қор активтерінің тағы 20%-ы шетелдік валютадағы активтерге салынған. Олар бар-жоғы 2%-дай ғана төмен табыстылық әкеледі. Алайда 2018 жылы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 15,6%-ға немесе 332,3 теңгеден 384,2 теңгеге дейін өсті. Яғни, мүнда да табыстылыққа қол жеткізу үшін еш әрекеттің қажеті жоқ. Бұған қоса, қор банктердегі салымдарға 8%-бен қаржы орналастырған. Қалған 28%-ы, квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздарына салынғанын қоспағанда, шынымен анағұрлым күрделі біліктілікті қажет етеді. Тұтастай алғанда, активтерінің 28%-ы бойынша табыстылық шамамен 11%", – деді ол. 

Экономистің мойындауынша, БЖЗҚ табыстылығы бұрынғы жекеменшік жинақтаушы қорларына қарағанда әлдеқайда жақсырақ: себебі, жеке ЖЗҚ-лар табысы үнемі инфляциядан төмен болып, олардың зейнетақыға қосқанын бағаның құнсыздануы жалмап қоятын.

Ал мемлекеттік қорда кіріс көлемі инфляциядан екі еседей жоғары.

Әйтсе де, сарапшы инфляцияның ресми көрсеткіші көбіне шынайы ахуалдан, шындық ауылынан алыс жататынына назар аудартады.

Бірақ экономист БЖЗҚ-ны ұстап тұруға қыруар қаражат шығындалып отырғанына алаңдаушылық білдіреді.

"БЖЗҚ-ның 20,5 миллиард теңге шығысының шамамен 7,3 миллиарды еңбекақы төлеуге және іссапарларға жұмсалыпты. Бұл қорда шамамен 2 мың адам жұмыс жасайтынын ескерсек, онда орташа жалақы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Бұл елдегі ресми орташа жалақыдан 2 есеге көп. Осынша жалақы ала отырып, ертеңгі күнге сеніммен қарауға, сонымен бірге зейнетақы жүйесіндегі жалпы жабырқаңқы жағдайды ұғынбауға, бизнестің қолданыстағы 10 пайыздық зейнетақылық жүктеменің 15 пайызға дейін артуын не себепті қаламайтынын түсінбеуге болады", – деп түйді Олжас Құдайбергенов.

Өз кезегінде БЖЗҚ зейнетақы активтері табыстылығының жылдық көрсеткіші инфляция деңгейінен екі есе жоғары болғанын растады.

"2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,9 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 517 млрд теңгеге немесе 6 пайызға өсті. 2018 жылдың 1 маусымынан бері бұл сома 1,6 трлн теңгеге немесе 20 пайызға ұлғайды. Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны соңғы 12 айда 3 пайызға немесе 304 мың бірлікке артып, маусымда 10,5 млн бірлікті құрады", – делінген қордың хабарламасында.

2019 жылдың 1 маусымына қарай активтердің жылдық табыстылығы 10,6 пайызды, осы кезеңдегі инфляция 5,3 пайызды көрсетті.

2019 жылдың 5 айы ішінде 93,4 млрд теңге зейнетақы төлемдері төленген. Салыстыру үшін айтсақ, былтырғы бес айда қордан 92 млрд теңге зейнеткерлерге аударылған болатын.

Қазір қор беретін зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 20 мың 897 теңгені, ал ең жоғары сомасы – 514 мың 666 теңгені құрап отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу