Сенаторлар электр қуаты нарығы моделіндегі түзетулермен танысып жатыр

4918

Өндірістік топтарда электр қуаты нарығына қатысу үшін баламалы нұсқа пайда болуы мүмкін.

Сенаторлар электр қуаты нарығы моделіндегі түзетулермен танысып жатыр

Парламенттің жоғарғы палатасында 2019 жылдың 1 қаңтарында енгізіледі деп жоспарланып отырған электр қуаты нарығының моделіне қатысты заңнамалық өзгерістер қаралып жатыр. Бұл туралы abctv.kz-ке энергетика министрлігі мәлім етті.

"Түзетулер барлық мүдделі тарап -  мемлекеттік органдармен, энергия өндіруші ұйымдармен, көтерме тұтынушылармен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірнеше рет талқыланды. Талқылау нәтижесінде келісілген ұстаным қарастырылды, осыған сәйкес "Электр энергетикасы туралы" заңда бекітілген қуат нарығына өндірістік топтардың қатысуы үшін баламалы нұсқа алынып отыр", – деп жазылған ведомствоның ресми сауалға берген жауабында.

Бұл ретте қолданыстағы және түзету енгізіледі деп отырған заңнамада өндірістік топтарға кіретіндерді қоса алғанда көтерме нарық субъектілерінің электр қуаты нарығына қатысу міндеті сақталып қалады. Келесі жылдан бастап барлық көтерме тұтынушылар электр қуатынының әзірлігін қамтамасыз ету бойынша қызметті жеткізуге келісімшарт жасау керек болады. Ал энергия өндіруші ұйымдар электр қуатынының әзірлігін қолдау бойынша қызмет көрсетуге арналған келісімшарт жасауға құқық алады деп түсіндірді энергетика министрлігі.

"Балама нұсқа өзінің құрамында электрстанциялары мен өндірістік нысандары бар өндірістік топтарды нарықтың бірыңғай субъектісі ретінде қарастырып, олар бірыңғай сатып алушының қатысуынсыз екіжақты келісімшарт бойынша жеке электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Өндірістік топта электр қуаты артық болатын болса, ол саудада бірыңғай сатып алушыға сатылуы мүмкін, ал электр қуаты тапшылығы туса, бірыңғай сатып алушыдан сатып алынады", – деп жазылған хатта.

"Елде болжанған электр қуатының тапшылығы туындайтын болса, балама нұсқаны таңдаған өндірістік топтар өздерінің қуатымен толығымен қамтылып отырса да, олардың өз тұтынуына тең келетін жаңа қуат көлемін құруға қатысуға міндетті. Олардың құрған жаңа қуаты бірыңғай сатып алушыға айына 1 МВт-ы келісілген баға бойынша 1 теңгеден береді.  Баламалы нұсқаға көшкенде электр қуаты нарығына қатысуда тұтынушыға арналған бағалық жүктеме артпайды, келешекте тұлғалар тобымен жаңа қуатты құрғаннан кейін және оларды бірыңғай сатып алушыға тұтынушыларға арналған келісілген баға бойынша берген соң, аталған бағалық жүктеме төмендейді деп болжанып отыр. Егер өндірістік топтар жаңа қуат салмау туралы шешім қабылдайтын болса, онда олар оны бірыңғай сатып алушыдан сатып алады", – деп көрсетілген мемлекеттік органның хабарламасында.

Энергетика министрлігінің ақпары бойынша, электр энергетикасы заңнамасына өзгеріс енгізу және электр қуаты нарығының әзірленген моделін енгізу –  өндірістік топтардың жаңа электр қуатын салуға қаржы салуын ынталандырады, өйткені активтер инвесторлардың иелігінде қалады.

"Жаңа модель басқа тұтынушылар үшін электр энергиясын қымбаттатпай, отандық энергия сыйымды өндірістік кәсіпорындардың өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Балама нұсқаны таңдаған өндірістік топтар энергия жүйесінде қалып, барлығымен бірге елдің жаңа энергия қуатын құруға қатысады", – деп отыр энергетика министрлігі.

Сонымен қатар ведомстводағылар өндірістік топ құрамына кірмейтін электростанциялар өзінің қуатын жаңғырту үшін қуатты алдын ала бекітілген тариф бойынша сатуға инвестициялық келісім жасауға құқы бар. Бұл ретте басым нұсқа бойынша жұмыс істейтін өндірістік топтарға қандай да бір басымдықты пайдалануға, оның ішінде инвестициялық келісім жасауға тыйым салынады.

Қазақстанда электр қуатының нарығы 2019 жылдың басында жұмыс істейтін болады. Ол бойынша ауцион қарашада өтеді. Қуат нарығында бірыңғай сатып алушы құрылады. Бірыңғай сатып алушы - KEGOC акционерлік қоғамына қарасты "ЖЭК қолдау бойынша есеп айырысу-қаржы орталығы" ЖШС болады деген болжам бар.

Сатып алушы қазір жұмыс істеп тұрған және тағы жаңадан құрылатын энергия өндіруші ұйымдардан бірнеше қосалқы нарықтардағы басымдыққа сәйкес электр қуаты әзірлігін қолдауға қатысты қызмет көрсетуді сатып алатын болады. Алғашқы қосалқы нарық жыл сайын жеті жылдық кезеңге бекітілген болжамдық баланс аясында электр қуаты тапшылығын анықтау жағдайында енгізілген жаңадан энергия өндіруші ұйымдардан қуатты сатып алудың ұзақмерзімді келісімшартын қамтитын болады.

Қуат нарығының келесі бір сегменті айтарлықтай жаңғыртуды, ұлғайту немесе қайта қалыпқа келтіруді қажет ететін жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдардан қуатты сатып алудың орташа мерзімді келісімшарты болады. Сонымен қатар ЖЭО жылу энергиясын қамтамасыз етуге қажет түрлендіретін қуаттың технологиялық минимумының көлеміндегі бір жылға арналған тікелей қысқамерзімді екіжақты келісімшарт жасай алады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар бір жылға керек қуатты сатып алу бойынша бәсекелес саудаға қатыса алады.

"Электр энергиясы туралы" заңға сәйкес қуаттың әзірлігін қолдауға қатысты қызметтерді сатып алу саудасы алдағы жылдың қараша айының екінші онкүндігінде өтеді", – деп түйіндеді энергетика министрлігі.

Бұдан бұрын abctv.kz электр энергиясы саласының дереккөзіне сілтеме жасай отырып, заңнамада дайындалып жатқан түзетулерден кейін, елдегі электрстанцияларының барлығы бірдей қуат нарығына қатыса алмайтынын хабарлаған болатын. Осы жағдаймен таныс маман, мысалы, Eurasian Resources Group құрамына кіретін Еуроазиялық энергетикалық корпорация қуаттағы қажеттілікті өзінің энергия көздері есебінен жабу құқын алуы мүмкін екенін айтты. Жақында ЕАК Қазақстан даму банкінен сегіз жылға 360 млн доллар несие алды, бұл қаражаттың жартысы Ақсу электр станциясының №5 энергия блогын жаңғырту мен қайта қалыпқа келтіруге жұмсалады. Оның бекітілген қуаты – 450 МВт, электр станциясында жыл сайын сағатына 15,7 млрд кВТ өндіріледі. Осы көлемнің 86%-ын электр станция ERG кәсіпорындарына жеткізеді, ал қалған 14%-ы Қазақстанның бірыңғай электр жүйесіне жеткізіледі деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Осыдан бір жарым жыл бұрын Бүкіләлемдік банк сарапшылары қуат нарығының бұрынғы нұсқасын сынға алған болатын.

"Нарық моделінің бірнеше кемшілігі бар. Ол өте күрделі және екі қосалқы нарықтан, яғни  қолда бар қуаттың қысқамерзімді нарығы мен жаңа қуатқа арналған ұзақмерзімді нарықтан тұрады. Қуат нарығы ұзақмерзімдік келешекке бағытталған болу керек, осылайша, қысқамерзімді қосалқы нарықтың қажеттілігі күмән тудырады. Бұған қоса қолданыстағы модель электр энергиясы өндірісінде қарама-қайшы шектік тарифтерді пайдалануды жалғастыруды қарастырады. Бұл шектен тыс әкімшілік және ауыр тетіктерді қолдануға әкеледі", – деп көрсетілген халықаралық қаржы институтының есебінде.

Сонымен қатар халықаралық сарапшылардың пікірінше, нарық операторы KEGOC-тың қуатты сатып алу келісімшарттары барысындағы ықтимал қаржылық міндеті қауіп тудырған. Осының салдарынан нарық операторының қаржылық жағдайын қорғауға арналған шаралар мен қосымша шарттар қажет болды деп отыр Бүкіләлемдік банк мамандары.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу