Серж кетті. Алда – сайлау

3381

Саргсяннан кейін Арменияны қандай өзгеріс күтіп тұрғаны белгісіз.

Серж кетті. Алда – сайлау

"Парламент биліктен біреуді премьер етіп тағайындайды. Содан кейін уақытша үкімет құрылады. Көп кешікпей мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі керек". Армения үкіметінің басшысы Серж Саргсян көпті аң-таң қылып орнынан түскенде, оппозиционер Никол Пашинян сахнаға көтеріліп, дүйім жұртқа осыны жариялады.

Саргсянның күтпеген отставкасы бүкіл халықты қуанышқа бөледі. Ереванда ғана емес, елдің барлық ірі қалаларында сан мың адам көшелер мен алаңдарға шықты. Биледі, шаттанды, ән айтты, ұлттық туды мақтанышпен көкке көтерді.

Серж Саргсян 2008 жылдан бері президент болды. Оның 10 жылдық билігі осы айдың басында аяқталды. Бірақ, 2015 жылы конституция өзгертіліп, президенттің құзырындағы өкілеттіліктің көбі үкімет жетекшісінің қолына өткен-ді. Демек, Саргсянға әрі қарай басшылық ету үшін премьер болу қажет еді. Парламенттегілердің көбі – оның партияластары. Сондықтан, сәуірдің 17-сінде 63 жастағы Саргсян оп-оңай министрлер кабинетінің басшысы болып шыға келді.

Дүйсенбі кетпесе, сейсенбі кетер еді
Бұл тағайындауды оппозиция "өмір-бақи президент болуға ұмтылыс" деп қабылдап, ондаған мың адамды көшеге шығарды. Наразылық акциялары Ереванмен шектеліп қалмай, Гюмри, Ванадзор тәрізді ірі қалаларға да тарады. Дүйсенбі күні митингтер шарықтау шегіне жетіп, демонстранттар жағына кезінде Ирак, Ауғанстан, Косоводағы соғыстарда шыңдалған беделді де бітімгер әскер бригадасы да өтті. "Бәрі көшені жақтады", – дейді Брюссельдегі Карнеги-Еуропа институтының Кавказ аймағы жөніндегі сарапшысы Томас де Валл.

Еревандағы Кавказ институтының директоры Александр Искандарянның ойынша, Саргсян дүйсенбі кетпесе, сейсенбіде бәрібір кетер еді. Өйткені, бүгін Армения геноцид құрбандарын еске алады. Демек, республиканың 2,6 миллион тұрғынының көпшілігі көшеге шығар еді. Және де сол қаралы рәсімдер үкіметке қарсы шерулерге ұласып кететін болса, мұнша халықтың бетін армияның күшімен қайтару мүмкін болмас еді.

Саргсян былтырғы сөзінде премьер-министр болмаймын деген болатын. Сол сөзі жерде қалды. Дүйсенбі күні бейбіт аяқталған революциядан кейін премьерлік постқа экс-премьер Карен Карапетянды қайтаруға тура келіп отыр. Карапетян – кешеден бері  уақытша үкімет басшысы.  

Әзірге Арменияны алда не күтіп тұрғанын дөп басып айту мүмкін емес. Дегенмен, бұл оңтүстіккавказдық мемлекет парламенттік республикаға айналғандықтан, онда көп кешікпей мерзімінен бұрын сайлау өтуге тиіс.

Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, демонстрацияларға азғантай ғана элиталық топ пен олардың олигарх-одақтастарының үкімет пен экономиканы уысында ұстап тұруынан түңілген жастар катализатор болды. Және де бұған дейін Армения билігі Әзербайжанмен арадағы жер дауын, Түркиямен арадағы шиеленісті тек ауыспайтын тұрақты биліктің күшімен реттеуге болады мәлімдеп келді. Алайда, соңғы күндердегі жалпыхалықтық шерулерге мұндай уәждер де бөгет бола алмады.

Саргсян Путин да емес, Янукович та емес
Саргсян демонстрация кезінде Пашинянмен кездесуге келісті. Үш оппозиция лидері мен жүздеген шеруші қамаудан босатылды. Ал, кейбір армяндар "Путинді құлатамыз" деп акцияны әрі қарай жалғастырды. Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылы Кремль басшысы билікке қайта келгенде, Ресейде сан мың адам шеруге шықты. Сол демонстрация күшпен басылып, талай адам түрмеге тоғытылды. Бірақ, 2014 жылы Украина президенті Виктор Янукович еуромайданда күш қолданса да, жеңіліс тауып, көрші елге қашты. Көпшілік Еревандағы оқиғалар да солай аяқталады деп күткен еді. Революция қантөгіссіз тәмамдалды. Құрбандар жоқ. Саргсян болса, "Никол Пашинянның айтқаны дұрыс. Мен жаңылдым. Арменияның мемлекет басшысы қызметінен бас тартамын", – деп портфелін өз еркімен тапсырды.

РФ-да басқа амал қалған жоқ. Оның сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова Арменияда биліктің бейбіт жолмен ауысқанына қошемет білдіріп, "Ресей Армениямен әрдайым бірге!" екенін мәлім етті. Осы жерде айта кететін бір жайт, Ресейдің ресми өкілдері мен телеарналары Армениядағы саяси дағдарысқа абайлап баға беріп отыр. Әйтпесе, бұрын Мәскеу посткеңестік елдердегі үкіметке қарсы акцияларды "түрлі түсті революция", "арампиғылды Батыстың араласуы" деп сипаттағаны белгілі. 

Армения – Ресейдің жақын серіктестерінің бірі, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Оның Гюмри қаласында орыстың әскери базасы орналасқан. Ал, Әзербайжанмен Ереван Таулы Қарабақ үшін жиырма жылдан бері тайталасып келеді. Бірақ, кейбір армяндар 2016 жылы көктемде осы аймақ үшін болған соғыс барысында Ресейді Әзербайжанға қару сатты деп айыптады.

Экономикадағы ахуал мәз емес
Саяси және территориялық шиеленістер өз алдына, Армения соңғы жылдары тұрақсыз экономикадан да зардап шегіп келеді. Бұл республика шетелдегі диаспоралар аударған қаражатқа өте тәуелді. Ресей Ғылым академиясының Кавказды зерттеуші ғалымы Андрей Арешевтің мәліметінше, өзге мемлекеттерде тұратын армяндардың саны жыл сайын 50 мың адамға өсіп отыр. Ресейде құрылыста және өзге де қол жұмыстарында жүрген олар 2015 жылы рубльдің құнсыздануынан көп қиындық көрсе де, былтыр Арменияға 1 миллиард доллардан астам ақша жіберген. Мұндай мәліметті жақында елдің орталық банкі таратты.

Карапетянға оралсақ, ол премьер-министр болып тұрғанда, әсіресе технологиялық секторға көбірек көңіл бөле отырып, экономиканың қайта өсуіне көмектесті. Қазір Карапетян – уақытша премьер. Және де үкіметтегі негізгі тұлғалар да – ол тәрізді Саргсянның одақтастары. Сондықтан, "Армения басшысының биліктен кетуі елге дереу өзгеріс әкеле ме?" сауалға дәл қазір нақты жауап табу қиын.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу