Шекарадағы шектеу

8275

Саяхатшыларды сабылтып, тұтынушылардың қалтасын қақты.  

Шекарадағы шектеу

Ел үкіметі төтенше жағдай кезінде ұлттық қауіпсіздік пен халық денсаулығын сақтау үшін Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекараларынан ішкі құжатпен өтуге уақытша шектеу қойды. 

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми ресурсында: "Covid-19 коронавирусы таралуының бәсеңдеуіне қарай Қазақстан-Ресей, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекараларын өту тәртібі өз қалпына келеді. Қазақстан-Ресей, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекараларын өту кезінде ішкі құжаттардың қолданылуын уақытша шектеуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Қазақстан-Ресей, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекараларын өту тәртібі Қазақстан Республикасы азаматтарында шетел төлқұжаты, Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасы азаматтарында шетел төлқұжаты бар болған жағдайда ашық болып қала бермек", – деп хабарланды. 

Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин қырғызстандық әріптесі Мұхаммедқали Абылғазинмен телефон арқылы тілдесіп, шекарадан өтетін тауарларға кедергі келтірмеу мәселесін пысықтады. Осы турасында Қырғызстан премьер-министрінің баспасөз хатшысы Әділет Сұлтаналиев әлеуметтік желідегі парақшасына:

"Бүгінгі таңда тауар тасымалына ешқандай кедергі келтіріліп жатқан жоқ. Коронавирустың кесірінен Қазақстанмен шекара жабылды, ұн тасымалы тоқтайды деген сөз жалған", – деп жазды. 

Шекарадағы шектеу тауар айналымына тосқауыл болмаса да, айыр қалпақты ағайынның өзін сарсаңға салды. Қазақстан-Ресей шекарасындағы "Сағаршын" өткізу пунктінде 223 қырғыз азаматы не Қазақстанға, не Ресейге өте алмай, екі ортада қалды. Қазір қырғыздар Орынбор облысының шекаралық аймағында жатыр. Олардың үкіметі біздің үкіметке шығып, өз азаматтарын Қырғызстан аумағына транзит арқылы кіргізуге рұқсат алғанға дейін 223 адамға амалдай тұруға тура келеді. Бүгінгі таңда олар қиын жағдайда. Жатар жер, ішер ас тапшы. Адамдар кішкентай балаларымен автокөлікті ұйықтауға және азық-түліктерін үнемдеуге мәжбүр болып отыр. 

Бұған дейін Ресей арқылы елге оралған қазақстандық туристер де жол азабын тартты. Олар біздің дипломаттар келгенше транзиттік аймақта отырды. Бұған Ресей үкіметінің 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында ел аумағынан шетелдіктердің шығуына шектеу қоюы себеп болды. 

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Жанар Колбачаева: "Бұл проблема екі ел үкіметінің қаулыларындағы айырмашылықтан туып жатыр. Мысалы Дария есімді Қазақстан азаматы Шереметьево әуежайына Ресей Федерациясы шетел азаматтарына өз аумағына кіруге шектеу қойған кезде келген. Дария - Қазақстан азаматы, оның жары - Ресей азаматы. Оларды карантин екіге бөлген. Салдарынан Дария халықаралық әуежайдың батыс транзиттік аймағында қалып қойған. Елшілік қызметкерлерінің көмегімен ол Нұр-Сұлтан қаласына ұшып кетті",– деді.

Оның сөзінше, Внуково, Домодедово әуежайларына келіп қонған қазақстандықтардың жолы болған. Себебі олар Қазақстанға осы әуежайлар арқылы қайтқан. 

"Шереметьевоға түскендер, арнайы ұшақпен кету үшін Внуковоға жетуге тиіс. Бұл үшін Қазақстан дипломаттарының көмегі қажет. Дәл қазір Қазақстан азаматтары Ресей Федерациясына осы жақта тұратын жақын туыстары қайтыс болғанын дәлелдейтін құжаты болса ғана кіре алады. Ресей Федерациясында уақытша тұру құқығы бар Қазақстан азаматтары 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ресей аумағына кіре алмайды. Ресейде тұрақты тұру құқығы бар қазақстандықтарға ғана федерация аумағына өте алады",– деді Жанар Колбачаева.

Өткен айдың екінші аптасында Түркменстан жергілікті фермерлердің жеміс-жидек экспортына тосқауыл қойып, ішкі нарықтағы бағаны түсіру үшін Қазақстанмен шекарасын жапты. Салдарынан Ақтау қаласының тұрғындарын қымбатшылық қысты. Олар қызанақ пен қиярдың келісін 1300 теңгеден сатып алуға мәжбүр болды. 

"Түркменстаннан келген жеміс-жидектің қоры таусылды. Жергілікті жылыжайлар шекара жабыла салысымен бағаны көтеріп жіберді", – деді жеміс-жидектің көтерме саудасымен айналысатын компанияның бас директоры Замин Сафаров.

Шекараның жабылуы Маңғыстау облысының тұтынушыларына да кері әсерін тигізді. Жеміс-жидек бағасының өсуіне коронавирус пен теңгенің құнсыздануына да ықпал етті. Карантиннің кесірінен Ираннан, Түркиядан келетін тауар ағыны тоқтады. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу