Шетелдікі арзан: Отандық сары май өндірісі бәсекеге шыдамай жатыр

4852

Елде сары май өндірісі төмендеді

Шетелдікі арзан: Отандық сары май өндірісі бәсекеге шыдамай жатыр

Оған не себеп болғанын Ауыл шаруашылығы министрі Ербола Қарашөкеев үкімет отырысынан кейін журналистерге түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz.

"Майдың шикізаты – сүт. Ол жағынан өндіріс өсіп жатыр. Жеті айдың қорытындысы бойынша, 2,7 млн тонна сүт өндірілді. Былтыр осы кезеңде 2,1 млн тонна болған. Шикізат тапшылығы жоқ", – деді Қарашөкеев.

Оның айтуына қарағанда, бір келі май өңдеуге 20-24 литр сүт кетеді. Сонымен бірге табысы көп емес. 

"Майды алты айдай сатады. Конкуренция да көп. Сол себепті өндірушілердің өзі май өндіруге емес, қаймақ пен йогурт өндіруге көшкен болуы мүмкін. Қант секілді тапшылық болады деудің жөні жоқ. Қажет болса, көп өндіре аламыз", – деді министр.

Сондай-ақ министр май өндіру шығыны неге көп болатынын ашып айтпады. 

Бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының төрағасы Дархан Балпанов Беларусь елінде сүт өнімдерінің өндірісі неліктен жақсы жолға қойылғанын түсіндірген болатын.

Оның айтуынша, Беларусь кезінде "совхоздарды" сақтап қалды. Онда алқап та, техника да бар еді. Ал бізде "совхоздар" талан-таражға салынды.

Министр мырза бәсекеге сырт елдердің ықпал етіп отырғанын айтады. 

"Сырттан да май келіп жатыр. Бағасы бізге қарағанда бәсекеге қабілетті", – деді Қарашөкеев.

Сары май негізінен Ресей, Беларусь елдерінен импортталады. Украинадан да келіп тұрады. 

"Өз өндірісіміз былтырғыдан 11 пайыз төмендеді. Яғни импорт көлемі екі мың тоннаға дейін өсті", – деді ол.

"Сары май өндірісін көбейтуіміз үшін сұраныс керек", – дегенді үстеді министр.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу