ШҚО-дағы өзеннің ластануы: халық экологиялық сот сараптамасын талап етеді

3357

Күршім ауданының халқы "алтын іздеушілердің кесірінен ластанды" деп шағымданған Қалжыр өзенінен ШҚО Экология департаменті алған сынама нәтижесі шықты.  

ШҚО-дағы өзеннің ластануы: халық экологиялық сот сараптамасын талап етеді

Ал Қыстау Күршім өзені бойынша талдау қорытындысы, маманның айтуынша, осы аптада белгілі болады. Бұған мәселені қозғаған белсенділер мен ауыл тұрғындарының көзқарасы қандай?

"Прокуратура үндемей отыр"

"Қалжыр өзенінен алынған талдау нәтижелеріне сәйкес, ластаушы заттардың құрамы шекті нормалардан аспайды. Өзеннің төменгі ағысында, яғни Қалжыр ауылынан кейін су бетіндегі қалқыма заттардың 17 есе (3,2 мг/м3-ден 54,3 мг/м3-ге дейін) ұлғаюы байқалады", – деп жазылған департаменттің баспасөз қызметі ұсынған ақпарда. Ресми ақпарға сүйенсек, арнайы құрылған комиссия "жергілікті белсенділермен бірге" алдағы уақытта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында шешім қабылдаған. Шешім былай:
1. жобаға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың өзенді қалпына келтіруі (су түбін тұнба шөгінділерінен тазарту және қайта көшет отырғызу);
2. жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне жұртшылықты тарта отырып, бақылауды күшейту.

Нұрлан Мұқаев – өзеннің ластануын қозғаған алғашқылардың бірі. Ол экологиялық сот сараптамасы жүргізілгені керек екенін айтады.

"Мына жағдайда халықтың ашулануына не себеп болып отырғанын түсіндірейін. Мен өзім сот сарапшысымын. Күршімдегі өзендерге қатысты прокуратура бірден іс қозғап, экологиялық сот сараптамасын тағайындауы керек еді. Экологиялық сот сараптамасы табиғатқа келген зиянды анықтап береді. Ол өте күрделі, үлкен жұмыс. 30-45 күнде жасалады. Судың, лайдың, балықтың, пробаларын алып, лабораторияда зерттелуі керек. Жүздеген миллион тенге бюджетке төлетуге болады, сот сараптамасының қорытындысына сүйеніп. Бірақ неге екенін қайдам, олар үндемей отыр. Халықтың видео жариялап, мәселесін айтуы деген – ресми дабыл қағуы екені белгілі нәрсе. Олар мәселе болып жатқанын көріп отыр ғой. Судың лайланғанын білген сәтте дереу сынама алу керек болатын. Арада бірнеше күн өткенде су тазарып кетеді. Дегенмен қазір де балықтарды санап шығып, шығынды анықтауға болады. Ондай анықтау жұмысын жүргізе алатын мамандар елімізде үш-төртеу. Біреуі Өскеменде тұрады. Жалпы мен неге экологиялық сот сараптамасы керек деп отырмын? Өйткені компанияларға жұмыс істеуге рұқсат етіп отырған экология департаментінің өзі. Ал сот сараптамашысы өзінің ісіне қылмыстық түрде жауап береді. Осыдан, шамамен, алты-жеті жыл бұрын Риддер қаласы мен Секисовка ауылы маңында дамбы жарылып, су тасыған жағдайларда біз барып, сараптама жүргіздік. Сонда осындай экологиялық сараптама жасатқанбыз. Енді жоғарыдағы айтпақ болған ойыма қайта оралайын, міне, прокуратура осындай үлкен тексеру жүргізсе, халық сенер еді. Қазір нақты ештеңеге көздері жетпеген соң ашуға мініп отыр", – дейді Нұрлан Мұқаев.

Ауыл тұрғындары балық жоғалып кеткенін айтады.

"Жер қойнауын пайдаланушылар Қалжырды бұрып, соның тағанын қазған ғой. Сонда неше түрлі техника қолданған. Негізі қолмен қазулары керек еді. Содан кейін өзенді қайта арнасына салғанда екі-үш күн лай болды. Қазір су тазарды. Бірақ балық жоқ. Өмір бойы болған көксерке, шортан, майшабақ деген балықтар жоқ. Өзен арнасындағы шөпке зиян келгенге ұқсайды. Жалпы алтын іздеушілер біз жақта үш жылдан бері жүр. Биылғы ел наразылығы қатты болып, жұмыстарын тоқтатты. Енді келесі жылы қалай боларын кім білсін. Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Балық шаруашылығындағылар балықты көбейтетінін айтады. Дегенмен осы қалпына келтірудің өзіне үш-төрт жыл уақыт керек шығар", – дейді тұрғын Жанат Әзімбаев.

Жер қойнауын пайдаланушы "Хван С.А.", "Кошкинбаев Б.А.", "Бошаев У.Т.", "Дуюсембаев А.У.", "Мадымаров Х.Д." жеке кәсіпкерліктері тамыз айының басынан бастап Қалжыр өзені аумағында қызметін тоқтатқан.

Еске сала кетейік, Қалжыр мен Қыстау Күршім өзені ластанып жатқаны туралы бұған дейін жазғанбыз.  Экология департаменті Қалжыр өзені бойында жұмыс істеген кейбір кәсіпкерлікке заңсыз әрекеті үшін айыппұл салынғанын хабарлаған. 

"Ешімнің тісі батпайды"

Қыстау Күршім өзені бойында жұмыс істеп жатқан "ГРК Визол" компаниясының әрекеті заңды деп есептеледі.

egov.kz сайтындағы мәлімет бойынша, "ГРК Визол" компаниясы Қойтас ауылында тіркелген. Онда "Компанияның бірінші басшысы: Чернецкий Виталий Евгеньевич, компания құрылтайшылары: Абаева Альмира Шапаевна, Қуанышева Виктория Герасимовна" деп жазылған.

"Судан алынған талдау нәтижесі шыққаннан кейін, аталмыш компанияның табиғатқа зиян келтіргені белгілі болса, тиісті шара қолданылады" дегенді айтады департамент басшысының орынбасары Рауан Тұраров. 

Мәселені қозғаушы Қыстау Күршім, Қойтас, Бурабай ауылдарының тұрғындары "ГРК Визол" компаниясы мен оның басшысы "Ким деген адамға ешкімнің тісі батпай отыр" дейді. Халық мал өрісі тарылып, табиғат бүлініп, ауызсу ретінде пайдаланылатын және балығын аулап жейтін өзеннің ластанғанына налиды.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу