Шойын жолға мәрттік емес, морттық – сын

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3907

Қанат Алпысбаев ресейлік инновациялық вагондарға қатысты ұлттық компанияның ұстанымын нақтылауға уәде етті.

Шойын жолға мәрттік емес, морттық – сын

"Қазақстан темір жолы"ҰК" АҚ президенті Қанат Алпысбаев осы жылдың 4 мамырында Қазақстанға жүк жөнелту-тиеуге және ресейлік жүк көтергіштігі 25 тонналық инновациялық вагондардың Қазақстан арқылы транзитпен өтуіне тыйым салуды енгізгені негізсіз емес деп хабарлады abctv.kz-ке.

"Бұл ешқандай "жауап қайтару" емес. Олар жүк көтергіштігі 25 тоннадан асатын вагондар", – деді ол.

Компания басшысы мәселенің барлығы еліміздің темір жол инфрақұрылымының қауқарына байланысты екенін атап кетті.

"Қазір инфрақұрылымымыздың мүмкіндігіне қарап отырмыз, түсінесіздер ма? Біздегі инфрақұрылым 23 тонналық салмаққа ғана есептеліп жасалған", – деді Қанат Алпысбаев.

Қазақстандық және ресейлік темір жол әкімшіліктері енді қалай келіспек? ҚТЖ басшысының ойынша, мәселе ресейлік әріптестермен екіжақты тәртіпте шешілуі кәдік.

"Жақын арада өзіміздің ұстанымымызды нақтылайтын боламыз. Бұл мәселені хабарландыру тәртіпте де шешуге болады", – деді Қанат Алпысбаев.

Ол сондай-ақ ресейлік инновациялық вагондар бұрын да Қазақстан аумағымен жүрмегенін айтты.

"Ешқашан жүрген емес, өйткені бұл көліктік машина жасау, білікке түсетін жүктемені арттыру бойынша Ресейде қабылданған жаңа бағдарлама", – деді Қанат Алпысбаев abctv.kz-ке.

Ал ҚР инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек болса ресейлік теміржол вагондарының елге кіруіне тыйым салу олардың қазақстандық инфрақұрылым мүмкіндіктеріне сай болмауынан екенін айтты. 

"Бұл стандарттарға байланысты. Қазақстанға кіру үшін белгілі бір стандарттарға сай болу қажет", – деді ол.

"Тиісті талаптардан өту қажет. Содан кейін ешқандай шектеу болмайды. Ақпаратты кеше ғана алдық, енді осы мәселемен айналысып жатырмыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бұрын ҚР инвестиция және даму министрлігінің  көлік комитеті Қазақстан және Қазақстан арқылы транзитпен өтетін Ресейде өндірілген, білікке түсетін жүктемесі 23 тонна болатын инновациялық теміржол вагондарын жөнелту-тиеуге тыйым салу негізді екенін мәлімдеген болатын.

Комитет төрағасы Әсет Асаубаев abctv.kz-ке шешім Қазақстан теміржол инфрақұрылымы жағдайын есепке ала отырып қабылданғанын түсіндірді.

"Біздің магистралдық теміржол желілеріміз 21 тонналық білікке шақталған. Ресейлік инновациялық вагондар үлкен жүк көтергіштікке есептелген. Осыған байланысты "ҚТЖ- Жүк тасымалдау" дәл осы вагондардың өтуіне тыйым салған. Сондықтан олар мамыр айынан бастап Қазақстан бағытына және Қазақстан арқылы транзитпен өтуге білікке түсетін жүктемесі 23,5 тоннадан асатын дәл осы вагондарды жібермейді. Өйткені теміржол әкімшіліктері арасында дәл осы вагондар бойынша  тиісті уағдаластық, жүк тиеу жоспары, жүк жіберу жоспары жоқ. Тағы да қайталап айтамын, біздің желіміз 21 тоннаға ғана есептеген. Бұл ресейлік инновациялық вагондарды қабылдауға қарсы шара емес, бұлай деуге негіз де жоқ", – деді ол.

"Білікке түсетін жүктеме 21 тоннаға ғана есептелген, бірақ 23,5 тоннаға дейін рұқсат етіледі. Қытайлық вагондарға 22,5 тоннаға дейін рұқсат беріледі. Ресейлік вагондардың білікке түсетін жүктемесі 23,5 тонна, бірақ іс жүзінде олардың салмағы 25 тонна. Біздегі инфрақұрылым 25 тонналық вагондарды көтере алмайды", – деп түсіндірді Әсет Асаубаев.

Сонымен бірге ол білікке түсетін жүктемесі 23,5 тонна болатын мұндай вагондар ресми тыйым салғанға дейін де Қазақстан арқылы өтпегенін айтады.

Комитет төрағасы Қазақстанның 2011-2012 жылдары сатып алған білікке түсетін салмағы 22,5 тонна болатын бес мыңнан астам қытайлық вагоны әлі күнге дейін Ресей  бағыты бойынша жүк жөнелту/тиеуге шыға алмай отырғанын айтты. Оның айтуынша, мұның себебі де қарапайым.

"Біздің білікке түсетін жүктемеміз талапқа сай. Бізде технологиялық тұрғыдан теміржол тораптарының жанынан буксаның қызуын анықтайтын тиісті теміржол  құрылғылары орналастырылады. Қытай вагондары – технологиялық тұрғыдан алғанда таспалы буксалар. Вагондарды өткізуде шұғыл шара қолдану үшін бұл вагондарды ағытып тастау керек, – деді ол. – Қазақстанда біз бұл құрылғыларды өзімізге сәйкестендіріп алдық, ал Ресейде ондай жоқ, сондықтан олар қытайлық вагондарды кіргізбей отыр. Жүктеме әртүрлі болғандықтан емес, технологиялық тұрғыдан өлшеу құралдарын қытайда шығарылған вагондарға сәйкес ретке келтіру қажет болғандықтан. Бар болғаны осы".
Осыған қарамастан, бұл вагондар Қазақстан, Қытай және басқа бағыттар бойынша жүріп жүр, тек Ресейге ғана шықпайды.

Осы тыйым салдарынан ресейлік тасымалдаушыларға келетін шығын әлеуеті үлкен емес деп есептейді Әсет Асаубаев.

"Жаппай деп айтуға келмейді, олардағы мұндай вагондардың саны көп емес", – деді ол.

Сондай-ақ комитет басшысы болашақта теміржол инфрақұрылымы жаңартылған соң, 23,5 тонна жүк тасымалдайтын вагондарға елімізге кіруге мүмкіндік берілуі ықтимал екенін айтты.

"Әрине, инфрақұрылым дамып келеді, теміржол тораптары жаңғыртылып жатыр. Теміржол тораптары жөнделіп, жаңартылып жатыр, тиісті бағытта дамып келеді. Дәлірек айтсақ, теміржол тасымалының тиімділігін арттыру үшін (21 тоннадан артық жүк артқан вагондардың өтуіне жол бермейтін – автордың ескертп.) учаскелерді жөндеу жоспарда бар", – деді айтты Әсет Асаубаев.
 

Еске сала кетсек, ресейлік "Коммерсант" басылымына сұхбат берушілердің пікірінше, Қазақстан 2011-2012 жылдары сатып алған Қытайда шығарылған инновациялық вагондарын РТЖ ААҚ өз торабына кіргізуден бас тартқанына жауап ретінде Қазақстанның теміржол әкімшілігі  Ресейде жасалған инновациялық вагондарды кіргізуге жол бермей отыр.

"Қазақстан темір жолының" (ҚТЖ) құрылымы саналатын "ҚТЖ-Жүк тасымалы" 26 сәуір күні "РТЖ" ААҚ-ға жүктемесі 23,5 тоннадан асатын инновациялық вагондардың жүріп өтуіне инфрақұрылымның дайын еместігі туралы жеделхат жолдады. Осыдан соң "РТЖ" ААҚ 4 мамырдан бастап Қазақстанға немесе осы ел арқылы транзитпен мұндай вагондардың жүріп өтуіне тыйым салды.
25 тонна және одан да ауыр жүк  тасымалауға арналған және бірқатар басқа артықшылығы бар вагондарды инновациялық деп атайды. "РТЖ" ААҚ-ның мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде теміржол торабында 25 тонна жүк артатын 65 мыңға жуық вагон пайдаланылып келеді, 1 маусымнан бастап 27 тонна жүк артылатын вагондар да қатаң қадағалаумен пайдаланыла бастады. Ресейде инновациялық вагондарды сатып алуды мемлекет субсидиялайды.
Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу