Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Айгүл Шақабаеваның айтуынша, биыл суға шомылу маусымы басталғалы бері 11 адам қаза болыпты.
"Өкініштісі, оның 7-еуі жас балалар. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімі ішінде 10 адам суға кетсе, оның 4-еуі бақылаусыз қалған балалар", – дейді ол.
Биылғы шомылу маусымы басталғалы бергі екі ай көлемінде бала өлімінің 7-ге артуы департамент тарапынан түсіндіру шараларын күшейтуді талап етуде. Мамандар су айдындарында балалардың қаза болуының негізгі себебі – ересектердің қараусыз қалдыруынан екенін айтады.
Жақында Тараз қаласында 2 жасар бала суға кетсе, Мойынқұм ауданында бір бала арықтағы суға тұншығып қалған. Ал бақытсыздық оқиғаларының өзгелері арнайы жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда суға шомылу, балық аулау кезінде, мас күйінде шомылу салдарынан орын алғаны мәлім болып отыр.
Жалпы биыл су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 364 және 440 баптары бойынша 13 жеке тұлғаға 126256 теңге көлемінде айыппұл салынса, 19 азаматқа ескерту беріліпті.
Тараз қалалық ТЖ басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, суға шомылу маусымы басталғаннан бергі уақыт ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі учаскелік уәкілдерінің қатысуымен өңірдің су қоймаларында 393 рейдтік тексеру жүргізілген.
"Өзен жағалауларына шомылуға болмайтындығы туралы ескерту тақталары орнатылып, белгілер қойылды. Бірақ оған мән беріп жатқан қала тұрғындары аз. Біз олармен түсіндіру жұмыстарын өткізіп, сақтық шараларын ескертіп, қолдарына "Суда жүзу ережелері" деген буклеттерді таратып бердік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады", – дейді Қ.Оразбаев.
Әсел Мұратбекқызы