Шығыс Қазақстанда 522 елдімекен жедел жәрдем қызметіне зәру

580 мың ауылдықтың бірі аяқ астынан ауырып қалса, жанына араша түсер дәрігер таппай қалуы мүмкін.

Шығыс Қазақстанда 522 елдімекен жедел жәрдем қызметіне зәру Фото: yk-news.kz

Өмір мен өлімге тікелей қатысы бар өзекті мәселе облыстық қоғамдық кеңестің мәжілісінде қаралды. "Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекші, ауылдағы ақ желеңді жандарды жік-жікке бөліп, берекесін қашырған Денсаулық сақтау  министрлігінің 2017 жылғы №450 бұйрығы екен. Аталмыш бұйрық шақыртуларды 4 санатқа бөліп, созылмалы дертке шалдыққандардан түсетін қоңырауларды жергілікті емханалардың мойнына іліп тастаған. Ал қалған 3 санаттың шақыртулары жедел жәрдем стансасына тиесілі. Наурыздан бері өңірдегі барлық жедел жәрдем бөлімшелері тікелей облысқа бағынатын болған. Осының салдарынан ауылдағы медицина қызметкерлері жік-жікке бөлініп, шақыртуды бір-біріне сілтейтін әдет шығарып жатыр.

"Барлық жедел жәрдем бөлімшелері бізге бағынатын болғанымен, көліктерді әлі бізге өткізбей отыр. 188 санитарлық көліктің 52-сі ғана біздің қарамағымызда.  Соның кесірінен 522 елдімекенге біздің аяғымыз жетпей тұр. Қолда бар санитарлық көліктің 43 пайызы GPS қабылдағышпен жабдықталмаған", – дейді облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Марат Ластаев.

Ауылдағы жәдел жәрдемшілерді тікелей Өскеменге бағынышты ету шалғай мекендерді қойып, орталыққа жақын Глубокое ауданында да түйткілді мәселелер тудырып отыр. Бұған дейін 65 мың тұрғынға 2 жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетіп келген болатын. №450 бұйрық бойынша аталмыш көліктер облыстық стансаның балансына берілуге тиіс еді. Алайда, глубокоелықтар бекеттің ғимаратын өткізгенімен, көліктерді түрлі сылтау айтып, Өскеменге бермей отыр.

Ал қызмет көрсету аясы 100 шақырымнан асатын Катонқарағай ауданына жалғыз көлік бөлінген. Созылмалы дерттен басқа шақыртуларға жергілікті амбулаториялар үн қатпайтынын ескерсек, онсыз да шалғайлығынан шетқақпай көріп отырған Катонқарағай ауданының тұрғындарына қиын болып тұр.

Бір қызығы, министрліктің дүдәмал бұйрығын сала басшыларының өздері де дұрыс түсінбейтін сыңайлы.

"Облыста 1,3 млн халық болса, соның 580 мыңы ауылда тұрады. Осыншама халықты стансаға бөлінген бірді-екілі көлікпен құтқару мүмкін емес. Мысалы, Катонқарағай ауданында оннан астам елдімекендегі амбулаторияның барлығында көлік бар. Бұған дейін тасып жүрген науқастарды енді неге тасымайды? Онда не үшін көлік ұстап отыр? Бас дәрігерді тасу үшін бе? Әр амбулаторияға қосымша карета сатып алатын қаржы жоқ", – дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ-ның филиал директоры Болат Әлиев.

Болат Әлиев жедел жәрдем жасақтарының ірі қалаларда ғана молынан шоғырлануы дұрыс емес деп есептейді.

"Жамбыл, Павлодар, Қарағанды облыстарында  жедел жәрдем қызметі қалай ұйымдастырылғанын зерттеп көрдік. 400 мың тұрғыны бар Тараз қаласында 9 бригада қызмет етсе, 360 мың тұрғыны бар Өскеменде олардың саны – 22. Ал Семейде тіпті 25 бригада бар. Сондықтан жедел жәрдем қызметі қараусыз қалды деп айтуға келмейді", – дейді филиал директоры.

Жыл басынан бергі шақыртулардың 30 пайызы созылмалы дертке шалдыққан тұрғындардан түсіпті. Шалғай ауылдарда қалған 70 пайыз шақыртуға бірен-саран көліктің қалай үлгеріп жатқаны беймәлім.

№450 бұйрықтың әлегі мұнымен бітсе жақсы ғой. Аталмыш құжатта жедел жәрдем сапындағы санитарларды қысқарту керектігі айтылған. Олардың негізгі міндеті – науқастарды үйден көлікке көтеріп жеткізу. Жедел жәрдемге жүгінушілердің көбі жалғызілікті, егде жастағы адамдар екенін ескерсек, санитардың көмегі ауадай қажет. Ал аталмыш бұйрықты қолдап отырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілі адам өмірінен ақшаны артық санайтын сияқты.

"Өскемен мен Семейде 140 санитар ұстау үшін бір жылда  140 млн теңге кетіпті. Ол не үшін керектігін зерттесем, науқастарды жоғарғы қабаттардан түсірісу үшін қажет екен. Ал штаттағы санитардың 80 пайызы әйелдер. Өз басым әйел санитардың мұндай ауыр жұмысты атқара алатынына сенбеймін. Балалар бригадасына санитардың не қажеті бар? Ол да түсініксіз. Тіпті кейбір бригадалар санитарға көлік жуғызады екен. Сонда жүргізуші не істейді", – деген уәж айтты Болат Әлиев.

"Бұйрық қатты, жан тәтті" демекші, жергілікті дәрігерлер қанша жерден қарсылық көрсетсе де, министрліктің пәрмені орындалып жатыр. Өскемендегі жедел жәрдем қызметіне тиесілі 98 санитардың жартысынан астамы қысқартылыпты.  Қалған 42,5 штаттың өзін көлік жуушы және еден тазалаушы ретінде әупіріммен сақтап қалған.

Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан онсыз да сапасы сын көтермейтін жедел жәрдем қызметінің тынысын тарылтуға не түрткі болды деген сауал қойылды. Шығыс Қазақстан тұрғындары жедел жәрдемшілерді еуропалықтарға қарағанда 4 есе жиі шақырады екен.  Тіпті өскемендік бір тұрғын бір жылда 300 рет қоңырау шалған көрінеді. Кілең құрғақ сандарды алға тартқан Болат Әлиев министрлік қабылдаған шешімдер осындай бассыздықтарды реттеуге септігін тигізіп жатқанын айтады. Еуропадағы медициналық қызмет сапасы мен экологиялық жағдайды Шығыс Қазақстанмен салыстырып қарасақ, жедел жәрдем шақыртуларының бізде неге жиі түсетінін түсіну қиын емес. Кеңес мүшелерінің бұл уәжіне Болат Әлиев өз қисынын қарсы қойды.

"Тұрғындардың өздерінде де жауапкершілік болу керек. Уақытында дәрігерге көрініп жүрсе, жедел жәрдем өкілдерін бұлайша жиі шақырудың қажеті де болмайды", – дейді министрлік өкілі.

Есімжан Нақтыбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу