Шылымқорлар шектелді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4771

Қымбат темекі түтінге тәуелділерді тосырқатып тастады.

Шылымқорлар шектелді

"Темекі деген – жапырақ, оны шеккен – ақымақ" деген ұйқас жайшылықта құрдастар арасында айтылушы еді. Енді ол белгілі бір топтың ұранына айналғандай.

Қоғам белсенділері обыр мен өкпе ауруларының өршуіне темекі акцизінің арзандығы себеп болып отырғанын алға тартып, дабыл қақты. Олар үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа хат жолдап, көк түтіннің кесірінен Қазақстанда өлім-жітімнің саны артып отырғанын жайып салды.

"Біз үкімет басшысына жолдаған хатта акцизді Еуропа елдеріндегідей 70%-ға өсірмесек те, 50%-ға көтеруді сұрадық. Біздіңше, бұдан үкімет ұтпаса, ұтылмайды. Өйткені акциздердің есебінен бюджет толығады. Ең бастысы, біз азаматтарымыздың өмірін сақтап қаламыз", – деді "Темекі түтінінен азат Қазақстан" қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова.

Билікке жолданған хаттың ықпалы болды ма, әйтеуір биыл елімізде темекіге деген сұраныс төмендеп, оның әр қорабының бағасы 10,2%-ға өсті.

Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, "ҚР үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі "Фильтрлі темекінің бөлшек саудадағы минималды бағасын бекіту туралы" №260 қаулысына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бір қорап темекінің бөлшек саудадағы бағасы 300 теңге болып бекітілді". Нақтырақ айтқанда, бұл соманы қаржы министрлігі бекітті. Нәтижесінде темекі өнімдеріндегі акциз бағасы әр мың данасы үшін 6 мың 200 теңге болса, 2018 жылы 7 мың 500, ал 2019 жылы 8 мың 700 теңгені құрайын деп отыр.

Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларының дерегінше, қазір темекі шығаратын компаниялар темекі өндірісінің көлемін әжептәуір азайтқан. Биылғы қаңтар-қазан айлары аралығында сигара, сигарилла және папирус сынды шылым түрлерінің 14,3 млрд данасы өндіріліпті. Бұл көрсеткіш – былтырғы жылмен салыстырғанда, 11,7%-ға төмен. Соңғы 9 айда 15,4 млрд  темекі мен папирос сатылған десек, бұл – темекі өндірісі бойынша соңғы 5 жыл ішіндегі ең төменгі деңгей екен.

Қазақстан 10 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау қауымдастығының темекiмен күрес жөнiндегi негiздемелiк конвенциясын ұстануда. Сондықтан үкіметтің жоғарыда аталған №260 қаулысына сәйкес, 20 түрлі темекінің ең төменгі бағасы былайша бекітілді: 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін – 320 теңге; 2018 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымына дейін – 340 теңге; 2018 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін – 360 теңге және 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 380 теңге.

"Үкімет мемлекеттің атынан темекі өнімдеріне қойылатын ең төменгі бағаны реттеп отырады. Әлбетте темекі өнімдерінің ең төменгі бағасы оның акциздерінің көтерілуіне қарай реттеледі", – деп мәлімдеме жасады қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев.

Бүгігі таңда еліміздегі темекі өндіретін компаниялардың басшылары мен түтінге тәуелді адамдар, яғни тұтынушылар бағаның тым шарықтап кеткеніне наразы болып жүр.

"Темекі бағасының күрт өсуі контрафактінің көбеюіне әкелді. Салдарынан бюджетке түсетін салық азайып кетті. Қазірдің өзінде ешқандай акциздік таңбасы жоқ 100-150 теңгелік шылымдар базарларда толып тұр. Олардың сапасы қандай екені белгісіз", – дейді "JTI Қазақстан" темекі компаниясының бас директоры Евгений Никольский.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу