5,7 трлн тал темекі, $62 млрд пайда

15991

Бүгін әлем жұрты темекімен күрес күнін атап өтіп жатыр.

5,7 трлн тал темекі, $62 млрд пайда

Дүниежүзінде әр минут сайын 11 миллион дана шылым тартылып, 10 адам қайтыс болады. Ал, темекі компаниялары миллиардтаған доллар пайдаға кенеліп жатыр. Мамырдың 31-і (бейсенбі) - Біріккен Ұлттар Ұйымының Табакқа қарсы халықаралық күні. Осы датаға орай, зерттеушілер мынадай фактілер мен цифрларды алға тартып отыр.

Қанша адам темекі шегеді?
Жер шарында шылым тартушылардың саны - шамамен 1 миллиард адам. Дүниежүзілік денсаулық сақтау (ДДСҰ) ұйымының есебінше, бұл – планета тұрғындарының жетіден бір бөлігі.

Қытай көш басында тұр. Оның 1,3 млрд халқының 315 миллион темекіге әуестеніп, әлем бойынша сигареттің төрттен үш бөлігін тұтынады. Ал, Индонезияда жасы 15-тен асқан ер адамдардың 76 пайызы осынау зиянды әдетке тәуелді.

ДДСҰ-ның тағы дерегіне жүгінсек, әлем бойынша шылымқорлардың 80 пайызы табысы төмен немесе табысы орта елдерде өмір сүріп жатыр. Және де олардың 226 миллионы – кедейлер.

Темекі тартушылардың саны азайып бара ма?
2017 жылы сәуір айында The Lancet медициналық журналында жарияланған зерттеуге сүйенсек, соңғы 25 жылда табакты күнде қолданатындардың саны пайызға шаққанда азайып келеді. Мәселен, 2015 жылы 4 ер адамның біреуі және 20 әйелдің біреуі ғана күн сайын шылым тартқан. Ал, 1990 жылы ерлердің 3-тен бірі, әйелдердің 12-ден бірі темекі шегіпті.

"Дегенмен, кейбір елдерде бұл көрсеткіш төмендегенімен, өзге бір мемлекеттерде бақылаудың осалдығынан шылымға әуестердің саны артты. Соңғы жағдай - әсіресе, суб-сахаралық Африка елдеріне тән", – дейді The Tobacco Atlas компаниясының мамандары.

Табак қолдану деңгейі Аустралия, Бразилия, Ұлыбритания тәрізді мемлекеттерде төмендеп отыр. Өйткені, оларда темекіге қарсы шараларға жоғары салық, тыйымдар, денсаулыққа зиян туралы ескертулер енген. Сонымен қатар, бұл елдерде электрондық шылымдар саудасы күшейіп келеді.

Францияда 2016 жылмен салыстырғанда былтыр темекіге әуестер қатары 1 миллион адамға кеміген. Ал, Қытайда табак саудасы 2012 жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайыпты. Мұндай статистиканы "Еуромонитор" халықаралық нарықты зерттеу тобы жариялады.

Адам шығыны: темекіден 100 млн, соғыстан 60...
Табак – алдын алуға болатын өлімдерге басты себепші. ДДСҰ-ның мәліметінше, өз еркімен немесе еркінен тыс шылым түтінін жұту салдарынан жылына әлем бойынша 7 миллионнан астам адам, ал әрбір алты секундта бір пенде о дүниеге аттанады екен.

Рак, инфаркт, жүрек талмасы, өкпе дерті – темекімен байланысты негізгі аурулар санатында.

ХХ-шы ғасырда шылымнан 100 миллион, Екінші дүниежүзілік соғыста 60-80 миллионнан астам, Бірінші дүниежүзілік соғыста 18 миллион адам өлген. ДДСҰ-ның болжамынша, темекі шегу деңгейі қазіргі күйінде сақталатын болса, 21-ші ғасырдың соңына дейін бұл зиянды әдет 1 миллиард адамның өмірін жалмауы мүмкін.

Tobacco Control журналының 2017 жылы қаңтарда жарық көрген баяндамасына жүгінсек, табакқа денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың 6 пайызға жуығы, ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 2 пайызы жұмсалады.

Табыс пен өнім
ДДСҰ-ның өзге бір зерттеуіне сенсек, планетада 4,3 миллиард гектар жер табак өсіруге пайдаланылып отыр. Бұл – Швейцарияның аумағына пара-пар территория. Және де сигарет саудасы жыл сайын 680 миллион долларға артып отыр.

Қытай әлемде темекі жапырағының 40 пайызын өсіріп, негізгі табак өндірушіге айналды. Ал, осы кәсіпте көш басында тұрған 6 компания 2015 жылы 62 миллиард доллар пайда тапқан.

The Tobacco Atlas’тың мәліметтерге сай, адамдар жылына 5,7 триллион, минутына 11 миллион дана шылым шегеді. Шірімейтін целлюлоз ацетата материалынан әзірленген фильтрлер болса, жағажайлардағы негізгі қоқысқа айналған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу