Шымкент пен Мәскеудің мұңы бір

3120

ОҚО тұрғындары тарифтен теперіш көріп отыр.

Шымкент пен Мәскеудің мұңы бір

Оңтүстік Қазақстандағы коммуналдық қызметтің құны көк тіреп тұр.  Ол тұрғындардың ғана қалтасын қағып қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр.

Электр қуатына ай сайын 18 млн теңге төлейтін "Ордабасы-НАН" ЖШС директоры Бауыржан Сапарымбетов қайда барып, кімге шағымданарын білмей жүр.

"Өндіріс ошағының табысын азайтып отырған екі мәселе бар, ол – электр қуаты мен темір жол шығыны. Қазір мен жұмысшыларыма ай сайын орта есеппен 80 мың теңге жалақы төлеймін. Жалақыны көтергім-ақ келеді, қанша дегенмен олардың жұмысы өте ауыр. Алайда табысымыздың басым бөлігі коммуналдық тарифтерді жабуға кетеді. Егер коммуналдық тарифтерді ең болмағанда 20%-ға арзандатса, жұмысшылардың айлық табысын 130 мыңға жеткізер едім", – дейді директор.

Айта кетейік, тәулігіне 500 тонна бидай өңдеп, өнімін Ауғанстан мен Өзбекстанға экспорттап отырған кәсіпорында қазір 102 адам жұмыс істейді.

ОҚО-да бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ.  Былтыр тарифті тезге салу үшін облыстық мәслихатта арнайы комиссия құрылды.  Комиссия мүшелері дабыл қағып, үкіметке, парламентке  хат жолдады. Премьер-министрдің кеңсесі өтінішті кері қайтарды, ал Парламент мәселені талқы таразысына салды. Халық қалаулылары мәжіліске "Монополия туралы" заң жобасын әкелген Ұлттық экономика вице-министріне оңтүстік халқының мұң-мұқтажын жеткізіп, бағаның әр өңірде әртүрлі болуына қарсылық білдірді.
"Газға келетін болсақ, Атырауда 8 теңгеден, Оңтүстік Қазақстанда 34 теңгеден сатылады. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары өз аумағында газдың болмағанына кінәлі емес қой", – деп ашынды депутат Уәлихан Қайназаров.
Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин баға  облыстардың экономикалық жағдайына сай бекітілетінін алға тартып: "Қазір бағаны өзгертсе, баға батыста көтеріледі, оңтүстікте азаяды. Оны есептеу керек", – деп жауап берген болды.

Мәжілісмендер монополияға қарсы агенттіктің де жұмысын сынға алды. Олар қымбатшылықтың алдын алуы тиіс шенеуніктер коммуналдық тарифтер мен азық-түлік құнын бақылаудың орнына  қол қусырып отыратынын айтты. Бұл пікір қаншалықты рас? Осы орайда Оңтүстік Қазақстан табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің ұстанымын білдік. Мұндағылар: "қымбат тариф өңір бизнесінің дамуына кедергі келтіріп отырған жоқ", –  дегенді алға тартты.

"Өткен жылы өңірге тартылған инвестиция тұтас республика бойынша ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Ол 482 млрд теңгені құрап, бұған дейінгі жылдан 20,2%-ға көп болды.  Тарифтің өсімі шағын және орта бизнестің тамырына балта шауып жатыр деген бос сөз. Оның үстіне табиғи монополия субъектілері нарықтық қатынастың қатысушысы, сондықтан инфляция олардың қызметтерінің өзіндік құнына әсер етеді", – деп қысқа қайырды  департамент өкілдері.

Жоғарыдағы департаменттің мамандары жүргізген талдауға көз жүгіртсек, ОҚО  халқының 71%-ы ауыз суға айына бір адамға - 400 теңге төлейді. Құрамында 3-4 адам бар бір отбасы электр қуатына -2670,  газға - 1100 теңге санап береді. Ал Energyprom. kz бұқараға басқа мәлімет ұсынып отыр. Мұндағылардың мәлімдеуінше, 2017 жылы ОҚО-да коммуналдық қызмет ақысы  19,2 %-ға  өскен. Қазақстанның барлық аймағында баға мен тариф индексі 108% болғанда, ОҚО-ғы индекс - 119, 2%-ды құраған.

Демек депутат бекерден бекер шырылдамаған. Оның сөзінің жаны бар. ОҚО-да газдың 1 текше метрінің бағасы жеке тұлғаларға – 34, 5, заңды тұлғаларға – 36 теңге болғанда Ақтөбе облысында жеке тұлғаларға – 8,4, Маңғыстауда – 9,4,  Қызылорда өңірінде – 19,9,  Жамбыл облысында 26 теңгеден сатылған.

Өзбекстанмен салыстырам десеңіз, ондағы 1 текше метрдің құны – 263 сум (10,6 теңге), Мәскеуде – 6,4 рубль (34,5 тг). Бұл  – Шымкент пен Мәскеудің мұңы бір деген сөз.

Күнгейдегі электр энергиясының құны жыл басынан бері 7,1%-ға қымбаттап, жеке тұлғалар  үшін 1 кВт - 14, 84, заңды тұлғалар үшін 27,20 теңгені құраған. Осы сәтте  жалпы Қазақстандағы орташа баға 12,37 теңге болды.

Бұл жерде тағы бір мәселені айта кету керек. ОҚО әлеуметтік жағдайы мен айлық табысының көлемі жағынан облыстар арасында соңғы орында тұр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы орташа жалақы көлемі 2017 жылы 168 220 теңгені құраса, ОҚО-дағы көрсеткіш 108 мың теңгеден аспаған. Салыстырам десеңіз, бұл көрсеткіш Шығыс Қазақстанда – 142 082, Ақмола облысында – 120 346,  Қызылорда облысында – 127 729, Қостанай өңірінде 130 018 теңгені құрады.

Кәсіпкерлердің мәселесіне қайта оралатын болсақ, жыл бойы өндірілетін табиғи газдың 65%-ын және электр қуатының 45%-ын шағын және орта бизнес субъектілері тұтынады екен. Бұл жерде тағы бір мәселені назарға алу керек: еліміздегі шағын және орта бизнестің 15,4%-ы ОҚО-да орналасқан. Десекте халықтың жалақысы мардымсыз, ал тариф қымбат.

Жуырда ОҚО-ға іссапармен келген "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев бұл мәселені күн тәртібіне қойды.

"Өзбекстанмен арадағы шекара ашылғаннан кейін екі елдің диқандары шығаратын өнімнің өзіндік құнын салыстырдық. Сонда мынадай айырмашылық байқалды. Біздегі электр қуатының бір киловаты 28 теңге болса, Өзбекстанда  8 теңге. Судың бір текше метрі бізде 50 теңге тұрса, ол жақта 15 теңге. Газдың бір текше метрі бізде 36 теңгеден сатылса, Өзбекстанда 11 теңге", – деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.

Бұдан асырып айта алмаймыз. Ал мәселенің шешімін табу-таппау, ОҚО-ны қыспақтан құтқару-құтқармау құзырлылардың құзыретінде.

Жанат Нұржауқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу