Шымкентте жеңіл өнеркәсіп неге дамымай жатыр?

Әнуар Жұмашбаев Әнуар Жұмашбаев
2363

Шымкентте жыл сайын миллиардтаған теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылады. Статистикаға көз жүгіртсек, былтыр 16 млрд, биыл 50 млрд теңгенің инвестициялық бизнес жобалар қолға алынады.

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп неге дамымай жатыр?

Алайда соған қарамастан жеңіл өнеркәсіп саласында ақсап жатқан тұстар баршылық. Мегаполисте бірнеше өндірістік аймақтар ашылған. Тағы біреуі салынып жатыр. Биыл ашылады деген жоспарда бар. Оншақты жыл бұрын бой көтерген өндіріс алаңдарында халық тұтынатын көптеген тауарлар шығарылады. Оны мойындау керек. Шұлық, көрпе-төсек жабдықтары, сүлгілер, кілем осының бәрі Шымкентте өндіріледі. Бірақ дегенмен, неге бізде күнделікті кигенге арналған киімдер тігілмейді? Осы күнге дейін шетелдің, сол Қытай, Түркия, көршілес Өзбекстан, Қырғызстанның киімдерін киеміз. Қаланың қай базарына барсаңыз да қатар-қатар толған киімнің бәрі шетелдік өнімдер.

Осы сауалға қатысты қалалық әкімдік өкілдері шынымен де жеңіл өнеркәсіпті дамыту жеңіл болмай отырғанын жеткізді. Олардың сөзіне қарағанда, бұл салаға инвестиция құюға сол шетелдік, жергілікті болсын инвесторлардың өздері мүдделі емес екен. Неге? Өйткені өндірілген тауардан қалатын пайда өте аз көрінеді. Яғни өзіндік құны төмен. Мысалы, бір киім шығарып сатса, әр тауардың үстінен ары кетсе 100-200 пайда табады. Ал бұл, біздің түсінігімізше, әр қадамын санап басатын инвесторларға керек емес. Екінші проблема, мақтадан мата тоқу өте күрделі процесс, озық технологияларды қажет етеді. Ондай технология Шымкентте өкінішке жоқ, оны игерген мамандар да тапшы. Оның үстіне шикізат Қазақстанда өндірілетін мақтаның сапасы сапалы мата тоқуға жарай ма, жарамай ма, ол бір мәселе.

Жеңіл өнеркәсіпті өркендету үшін жергілікті әкімдіктің де соған қызығушылығы, ынтасы болу керек. Мысалы үшін мегаполистегі әйгілі Коттон, Вайкики секілді фирмалардың дүкендерінің арендасын бейресми ақпаратқа сәйкес, Түркия үкіметі төлеп тұратын ұқсайды.

Аталған саланы буындырып отырған тағы бір себеп бар. Ол қымбат тариф. Осы тарифтің кесірінен Шымкенттің жылыжай өндірушілері де қиналып отырғанын жасырмау керек. Қалалық әкімдіктің тиісті басқармасынан алынған мәліметке сәйкес 1 Квт электр энергиясы Қырғызстанда 4 теңге, бізде индустриалды аймақта жеңілдетілген тарифтің өзінде 15 теңге тұрады. Газдың да бағасы қымбат.

Елімізге белгілі экономист Сапарбек Жобаев айтады, Үндістан, Қытай,Түркия тұрғанда жеңіл өнерксіпті ұшпаққа шығарамыз деп армандамай-ақ қою керек. Сонда не істемек керек? Ол елдермен бәсекелестікке түсе алматынымыз белгілі, сонда көштің соңында жүре беруіміз керек пе? Оның да жауабын сол экономисттің өзі айтып берді. Біз Еуразиялық экономикалық одақты пайдалануымыз керек. Бұл арада еңбек бөлінісі деген болады. Ол сонау КСРО заманынан қалған үрдіс. Айталық Ресей киімнің бәрін өзі шығаруға шамасы жетеді. Бірақ оған біз киімнің мына түрін азырақ шығар қалғанын бізден аласың деуіміз керек. Солай нарыққа жол ашылады. Әйтпесе алпауыттар тұрғанда даму қиын дейді Жобаев.

Қорыта айтқанда жоғарыда аталған проблемалар жеңіл өнеркәсіпті артқа сүйреп отырған. Әйтпесе Шымкент нағыз тоқыма кластерін дамытатын аймақ. Шикізат қасымызда тиіп тұр. Бір кездері Шымкентте киім өндірісін дүркіретеміз деп қырғын жоспарлар жасалды, соның арқасында талай тоқыма кәсіпорындары пайда болады. Оның біразы кейін жабылып қалды. Айталған проблемалар осы дегенімізбен тізбектер болсақ бұдан да басқа мәселелер жетерлік. Бюрократиялық кедергілерді алайық. Қалада тоқтап қалған Меланж бен Ютек фабрикаларын Ташкенттен келген инвесторлар жүргіземіз деп талпынған еді, құжаттық мәселелерге байланысты жұмыс тағы жүрмей қалды. Қысқасы Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы жағдай осындай.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу