Шымкенттегі аурухананың құрылысына теңіз контейнерлері қолданылуы мүмкін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
23778

Үш аурухананың құрылысына қазынадан 14,8 млрд теңге жұмсалады.

Шымкенттегі аурухананың құрылысына теңіз контейнерлері қолданылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, Алматы, қалаларында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған медициналық мекемелердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қысқа мерзімде қолданысқа берілетін нысандар пандемияның беті қайтқан соң, халыққа жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде қызмет көрсетеді. Дәл осындай медициналық мекеме Шымкент шаһарында да бой көтереді. Бұл туралы шешім 3 сәуірде төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды.

Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан 200 орындық госпитальдің құрылысына 500 құрылысшы жұмылдырылған. Олар тәулік бойы 3 ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

Отандық ModeX зауытында неміс технологиясымен жасалған модульдік бетон блоктардан құрастырылғандықтан, аурухананың сыртқы сұлбасы тез дайын болды. Қазір мұнда ішкі коммуникация желілері мен кәріз жүйесі тартылып жатыр.

Жоба директоры Арман Лесбековтың сөзінше, құрылысқа пайдаланылған модульдік бетон блоктар өте сапалы. Бұл материалдың сапасы кем дегенде 70 жыл сыр бермейді.

"Ауруханада интенсивті терапияға арналған 20 палата болады. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сай жабдықталады. Ерекше атап көрсетерлігі, аурухананың әр боксына жеке желдету жүйесі орнатылады. Бокстарда теріс қысым жасалып, бактерияның ауа арқылы таралуына тосқауыл қойылады. Бұл – медицина қызметкерлерін коронавирус инфекциясынан қорғау үшін қажет", – деді жоба директоры.

Ауданы 5 850 шаршы метрді құрайтын Алматыдағы аурухана 280 орынға арналған. Оның құрылысына 298 құрылысшы мен 44 құрылыс техникасы тартылған. Алдағы уақытта құрылысшылардың саны 500 адамнан асады.

"Құрылысшылардың қауіпсіздігі басты назарда. Олар медициналық маскалармен, аптисептикпен қамтылған. Барлық құрылысшыға тиісті жағдай жасалған. Құрылысшылар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Нысан  сәуір айының соңында тапсырылуға тиіс", – деді жоба директоры Арман Қабылхасов.

Шымкент қаласындағы 200 орындық аурухананың құрылысы әлі басталған жоқ. Ауруханың құрылысына жеке желдеткіш жүйесі орнатылған теңіз контейнерлері қолданылуы мүмкін.

Айтпақшы, 3 қаладағы аурухананың әрқайсысында дәрігерлерге арналған ординаторлық бөлмелер, рентген, компьютерлік томография кабинеттері  және мәйіт сақтайтын орын болады.

Біле жүріңіз, Нұр-Сұлтандағы аурухана стационарлық, Алматыдағы аурухана вахталық қала үлгісінде салынып жатыр.

Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың мәлімдеуінше, үш аурухананың құрылысына қазынадан 14,8 млрд теңге жұмсалады. Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы медициналық мекемелерге 5,5 млрд, Шымкенттегі нысанға 3,8 млрд теңге қарастырылған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу