Си Цзиньпин Орталық Азиядағы одақтастарымен бірге дамудың үлкен жоспарын жариялады

1336

Кейбір сарапшылар бұның бәрін Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалының әлсірей бастағанына балап отыр. 

Си Цзиньпин Орталық Азиядағы одақтастарымен бірге дамудың үлкен жоспарын жариялады Фото: akorda.kz

Бүгін Қытай төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азияға қатысты амбициялық жоспарын жариялады. Оның мақсаты – инфрақұрылымдық желілерді құрып, сауданы арттырып, аймақты дамудың жаңа деңгейіне көтеру. Алайда бұның бәрі "сырттың араласуынсыз" жүзеге асуы керек.

Си Қытай-Орталық Азия саммитінде айтқандай, Бейжің Қазақстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, Түркіменстанмен және Өзбекстанмен даму стратегияларын біріктіруге және барлық алты елдің модернизациясына ықпал ету үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын.

"Әлемге тұрақты, гүлденген, үйлесімді және байланысы мықты Орталық Азия қажет", – дейді ҚХР төрағасы орталықазиялық әріптестерімен бірге өткізген баспасөз маслихатында.

Тағы бір сөзінде Си алты ел өздерінің ішкі істеріне "сырттан араласушыларға" және "түрлі-түсті төңкерістер" жасау әрекеттеріне қарсы тұрып, лаңкестікке, сепаратизмге және экстремизмге мүлдем төзбеушілік ұстанымын сақтауы керек деп ескертті.

"Қытай Орталық Азия елдеріне құқық қорғау, қауіпсіздік және қорғаныс қабілетін жақсарту мәселелерінде көмектесуге дайын", – дейді Си Цзиньпин.

Фото: akorda.kz

Тарихи Жібек жолы бойындағы Сиань қаласында өткен екікүндік саммитті Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары Қытайдың аймақтық дипломатиясының жеңісі ретінде сипаттады.  Бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары Бейжіңге қолдау көрсетуге және екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге уәде берді.

Орталық Азия елдерінің Қытаймен мұндай ынтымақтастық танытуы Жапонияның Хиросимасында өтіп жатқан "Үлкен жетілік" лидерлерінің ұстанымен мүлде сәйкес келмейді. Ол саммитте Бейжіңнің бейнесі жағымсыз сипатқа ие болып отыр.

Кейбір сарапшылардың ойынша, көршілерінің Қытайға жоғары деңгейде сенім білдіруі АҚШ-тың Бейжіңді  "мәжбүрлеу дипломатиясын" қолданды деген айыптауларына қарсы тұруға қызмет етеді.

Ресейдің ықпалы әлсірегені ме?

Си Цзиньпиннің Ресей президенті Владимир Путинсіз бес мемлекет басшысын Сианьға жинауы Орталық Азияны Қытайдың ықпал ету аймағына жақындата түсті деген пікір бар. Ал Мәскеудің басты назары Украинадағы соғыста екені белгілі.

"Қытай мен Орталық Азия елдері стратегиялық өзара сенімді тереңдетіп, егемендік, тәуелсіздік, ұлттық қадір-қасиет және ұзақмерзімдік даму сияқты негізгі мүдделерге қатысты мәселелерде әрқашан бір-біріне "айқын әрі күшті қолдау" көрсетуі керек", – дейді Си Цзиньпин соғыс тақырыбына тоқталмастан.

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің Орталық Азияға ықпалы әлсіреп барады. Ал, Қытай осы жағдайды пайдаланып, Орталық Азияда негізгі ойыншыға айналудан үмітті.

Сарапшылар пікірі

Вашингтондағы Stimson орталығының Қытай бағдарламасының директоры Юн Сунның Американың "Си-эн-эн" телекомпаниясына берген сұхбатынан: 

"Бұл саммиттің ең маңызды контексі - Украинадағы соғыс пен Ресейдің Орталық Азиядағы болашақ міндеттемелеріне, ықпалына және рөліне қатысты белгісіздіктер. Орталық Азия әрқашан Ресейдің артқы ауласы саналды. Бірақ қазір бұл аймақта Қытай өзінің ықпалын күшейтіп келеді. Сондай-ақ Қытай-Орталық Азия қатынастарында жаңа ұмтылыстар мен бағыттар байқалып отыр. Бұл -  бұрын болмаған мүмкіндіктер".

Тайвань Ұлттық қорғаныс институтының қауіпсіздікті зерттеу жөніндегі ғылыми қызметкері Чиеню Шихтің "Файниэншл таймс" газетіне берген комментарийі:  

"Менің ойымша, Қытай Ресейдің Орталық Азиядағы маңыздылығын қысқа мерзімде ауыстыра алмайды. Бірақ ықпал ету үшін бәсекелестік қазірдің өзінде жүріп жатыр. Ол – үнсіз бәсеке".

Вашингтондағы CNA сараптама орталығының аға ғылыми қызметкері Элизабет Вишниктің "Файниэншл таймс" газетіне берген комментарийі:   

"Қытай әрқашан ресейліктердің бұл мәселедегі сезімталдығын есте ұстайды. Ал Си Цзиньпиннің қаншалықты алысқа баратынын көру қызықты болады. Дегенмен, Ресей бұрынғысынша Орталық Азиядағы бәрібір үстем әрі қалаулы ойыншы болып қала берді".

Сауда және инвестиция

Си Цзиньпиннің айтуынша, Қытай Орталық Азия елдерімен екіжақты инвестициялық келісімдерді жаңартып, аймақпен трансшекаралық жүк тасымалдау көлемін жан-жақты арттырады.

Сонымен қатар, Си мәлімдегендей, Бейжің Орталық Азиядағы Қытай қаржыландыратын бизнесті жергілікті жерлерде жұмыс орындарын көбейтуге, аймақта шетелдік қоймалар салуға және Орталық Азиямен мәдени туризмді дамытуға бағытталған арнайы пойыз қызметін іске қосуға ынталандырмақ.

 Фото: akorda.kz

Қытай мен Орталық Азия арасындағы екіжақты сауда өткен жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 70 млрд доллардан асып, Қазақстан 31 млрд доллармен көш бастап отыр. Одан кейін 15,5 млрд доллармен Қырғызстан, 11,2 млрд доллармен Түркіменстан, 9,8 млрд доллармен Өзбекстан және 2 млрд доллармен Тәжікстан келеді.

Си, сондай-ақ, Қытай мен Орталық Азияны мұнай мен газ саудасын арттыруға, энергетикалық ынтымақтастықты дамытуға, жаңа энергетика мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы серіктестікті нығайтуға шақырды.

Сидің сөзінше, Қытай үкіметі Каспий теңізі арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізі құрылысын қолдап, Қытай-Еуропа жүк пойызы қызметіне арналған транспорттық хабтар құрылысын күшейтпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу