Соғысқа әзірлікке жауапты 25 ірі тұлға жазаланды

1681

Қазақстан соғысқа дайын емес. 

Соғысқа әзірлікке жауапты 25 ірі тұлға жазаланды

Мемлекеттің жұмылдыру дайындығы төмен деңгейде екені мәлім болды.

Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік бөлімі еліміздің барлық облыстарының жұмылдыру дайындығының жай-күйіне тексеру жүргізді. Осының нәтижесінде, елеулі бұзушылықтар анықталды. Оның қандай бұзушылықтар екені жария етілмеді, бұл құпияға жатуы мүмкін. Тек бір белгілісі, тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке 25-тен астам лауазымды тұлға тартылған.

Елімізде соғысумен қорғаныс министрлігі, ал мемлекетті және тылды соғысқа жұмылдыру ісімен ұлттық экономика министрлігі айналысады.

"Қазақстандағы жұмылдыру дайындығының деңгейі төмен, бұл елді соғыс уақыты режиміне ұйымдасқан түрде көшірудің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Яғни, ол өз кезегінде елдің қорғаныс қабілетіне кері әсер етеді. Жұмылдыру дайындығы бойынша барлық іс-шаралар бақылаумен толық қамтылмаған", – деп түсіндіреді ұлттық экономика министрлігі.

Мемлекеттің мобилизациялық әзірлігі деңгейін арттыруға, соғыс уақытында мемлекеттік органдардың, армияның, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, экономика мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге кәсіпкерлер кеңінен тартылады. Бұл үшін олар жұмылдыру тапсырыстарын уақтылы және сапалы орындауға тиіс.

Тиісінше, тек жауапты шенеуніктерге ғана емес, осы саладағы бизнесмендерге де бақылау күшейтілуі керек деп күтілуде.

Қазіргі тәжірибе, қолданыстағы реттеу тәсілі бойынша жұмылдыру тапсырыстарын орындайтын компаниялар ақпарат қана ұсынып отырады. Жауапты орган жыл сайын жұмылдыру әзірлігін сол ақпарат негізінде бағалайды. 

Ал енді оның орнына "мемлекеттік бақылауды енгізу" ұсынылып отыр.

Мемлекеттік бақылаудың тәртібі жаңадан әзірленген арнайы заң жобасында айқындалуда. Ол заң жобасы – "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Құзырлы органдар қолданыстағы тәжірибенің "түк пайдасы жоқ" деген ұйғарымға келген. Өйткені мемлекеттік тапсырысты орындайтын кәсіпкерлердің жыл сайынғы есептері "мобилизациялық дайындықтың жай-күйін толық көлемде бағалауға, әлсіз, осал тұстарды анықтауға және оны күшейту үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді".

Экономика ведомствосының мәлімдеуінше, оның орнына "міндетті мемлекеттік бақылауды" енгізу – елдің жұмылдыру дайындығы деңгейін арттыруға, экономиканы соғыс уақыты режиміне ұйымдасқан түрде көшіруге жол ашады. Осылайша, мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға ықпал етеді.

Мұның бизнеске қандай әсері бар? Ресми түсініктемеге жүгінсек, міндетті мемлекеттік бақылау енгізілген жағдайда сонымен бірге жаңа жаза түрлері пайда болады. Мысалы, жұмылдыру дайындығы саласындағы заңнаманы бұзған кәсіпкерлік нысанына айыппұл салынып, әкімшілік жаза қолданылады.

Мемлекет коррупциямен күрес аясында ұзақ жылдар бойы бақылаушы және қадағалаушы құрылымдар санын азайтуға күш салып келді. Министрлік жаңа мемлекеттік бақылау жүргізу түрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкіндігін жасырмайды. Бірақ елдің соғысқа дайындығын күшейту үшін бұған бару қажет көрінеді.

"Қазақстан ширек ғасырдан астам уақыт бойы "бейбіт елміз, айналамызды достық шекарасымен қоршадық" деп бейғам отырғаны құпия емес. Жұмылдыру дайындығының төмен деңгейі осыны куәландырса керек. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда кез келген соғысқа, соның ішінде гибридті соғыстарға әзір отырған жөн. "Қазақстан билік ауысуы салдарынан әлсіреді, ішінен бүлініп, басы бірікпей жатыр. Қалпақпен соғып аламыз" деп жұтына көз сұғын қадаған сыртқы күштер де бар. Ал жемқорлық тәуекелдерінің тууына келсек, бұл саланы ол онсыз да жайлағанға ұқсайды. Нашар ештеңе болмас", – дейді әскери сарапшы Ержан Райымов.

Оның байламынша, егер осындай мемлекеттік бақылау түрі енгізілсе, жас министр Руслан Дәленовтің салмағы мен беделі өсе түседі. Өйткені аталған саладағы мемлекеттік тапсырысты орындаушы белді кәсіпорындардың үстінен сол басқаратын министрлік бақылау жүргізетін болады.

2019 жылғы қаңтар-тамыз айларында ғана қорғаныс саласына мемлекеттік бюджеттен 372,5 млрд теңге бөлінген. Яғни, қаражат бір жыл ішінде 8,9%-ға өсті. Өткен жылғы сегіз айда бұл салада кәсіпорындар арасында 342 млрд теңге бөліске салынған болатын. Сөйтіп, алдыңғы жылғыдан бірден 31,4%-ға артты. Демек миллиардтар тасқыны тек ұлғаюда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу