Субмарина сәнге айналды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4667

Миллиардерлерді жаңа тренд қызықтырып жатыр.  

Субмарина сәнге айналды

Сән мен салтанатты жаны сүйетін аса ауқатты тұлғалардың және бизнесмендердің супер-яхталарға деген құмарлығы сөніп, жеке кемелердің ұзындығы бойынша бәсекелестік те келмеске кетіп барады. Оның орнын қазір жаңа тренд басуда: енді дәулеті тасыған адамдар жекеменшік суасты қайықтарын иеленуге құштар болып жатыр.  

Бүгінде субмариналардың жай яхтаға қарағанда, өз иесіне анағұрлым үлкен қызық сыйлайтындығы айқын болып отыр. Бірінші кезекте бұл әлемдік мұхиттардың түп-тереңін қауіпсіз жерде отырып зерттеу, тамашалау мүмкіндігін береді. Көпке дейін мұхиттың түпсіз тұңғиығы, оттегінің жоқтығына байланысты мүлдем бос деп саналып келді. Бірақ кейінгі зерттеулер мұхит түбінде таңғажайып өсімдіктер өсетіндігін, адамзатқа белгісіз керемет, жарық шашатын жәндіктер өмір сүретіндігін көрсетіп отыр. Тіпті ол жерлерде күні бүгінге дейін адам естімеген, ғалымдар зерттемеген жан түршіктірер құбыжықтар бар көрінеді.

Суасты қайығы судағы ең таңдай қақтыратын, керемет әсер беретін тереңдіктердегі континенталды шекараларға сүңгуге және зерттеуге мүмкіндік беріп, сонымен бірге өте жоғары жылдамдықпен трансатлантикалық жүзулерге қабілетті.  

Бұлардың қарапайым яхталардан тағы бір артықшылығы бар: теңізде алапат дауылдар басталғанда, қанша қымбат болса да, су бетіндегі яхталар өз қожайынының зәресін ұшырады. Суға батқаны қаншама. Ал субмариналар сол мезетінде тыныш әрі тұнық су тереңдігіне түсіп, теңіз астында өзі бет алған бағдармен жүрісін жалғастыра береді.

Қалай болғанда, жеке субмаринамен жүзуге, әсері, қызығы және жайлылығы тұрғысынан, ең салтанатты автокөлік те, ең тамаша ұшақ та теңесе алмайды.  

Жалпы, бұл трендтің нағыз сәнге айналуына бір оқиға түрткі болды: 2012 жылдың 26 наурызында Джеймс Кэмерон субмаринамен Мариинский ойпатының түбіне дейін түсті. 11 шақырымға дейін баратын бұл ойпат әлемдегі ең терең жердің бірі болып табылады. Атақты голливудтық режиссер осы суасты саяхатын жасаған Deepsea Challenger субмаринасы оның жеке жобасы бойынша тұрғызылған және ол Кэмеронның жеке меншігі болып табылады.

Дербес су асты қайықтарын тұрғызушы SEAmagine компаниясының негізін қалаған Чарльз Коненнің дерегінше, қазіргі уақытта әлемдегі алып жеке субмарина иелерінің қатары 15-ке жуықтап қалған екен. Бұл жерде ол осы санның ары қарай артуы мүмкіндігін айтады: миллиардерлер арасында осы жаңа трендке қызығушылық таныта бастағандар көбеюде. Оның үстіне егер оларға 2-ден 8 адамға дейін баратын ұсақтарын қосса, жеке сүңгуір қайықтар қатары жүзден асады. Дегенмен әзірге ірі субмариналар арасында қазақстандықтар жоқ көрінеді.

Бұған дейін жеке суасты механизмдерінің таралуына басты кедергі – қажетті материалдық-техникалық базаның жоқтығы болды. Өйткені субмариналарды мемлекеттер әскери мақсатта өздері үшін ғана құрастырды.

Қазіргі кезде жеке суасты көлігінің орташа құны 1-ден 3 млн доллар арасында құбылады. Кейбір компаниялар олардың "люкс нұсқаларын" шығаруға кіріскен. Ондай субмариналардың бағасы әрине, анағұрлым жоғары.  

US Submarines жасайтын "Phoenix 1000" атты жеке су асты қайығының жарияланған құны 78 млн долларды құрайды. Рас, бұл бастапқы "комплектациядағы" бағасы ғана. Қосымша жайлылық пен құрал-жабдықтар бұл санды еселеп арттырары сөзсіз.

Мысалы, Роман Абрамовичтің "суасты яхтасын" осы компания тұрғызған: "Phoenix 1000" субмаринасы үшін ресейлік олигарх 100 млн-нан астам доллар төледі.

Жалпы, "Феникс" – ұзындығы 65 метрлік, ені – 8 метрлік, ішкі кеңістігі 460 шаршы метрден асатын, су тұңғиығын тамашалауға арналған өте үлкен акрилді терезелері бар салтанатты субмарина саналады. Үлкен сиымдылықтағы батареяларды қолдану және жайдақ жүзу арқасында Phoenix көлемі шағындау қазіргі аналогтарын жылдамдық бойынша артта қалдыратын көрінеді. Яғни, ол "су асты Феррариіне" айналған.

"Тапсырыс берушінің тілегі бойынша, қайықтың тұмсығында мини-субмарина орналаса алады, – делінген компанияның ресми түсініктемесінде. – Арнайы түйісу сақинасын пайдалана отырып, бұл қосымша шағын су асты қайығы тереңдікте тұрған Phoenix бортын тастап шығуға және 610 метр тереңдікте экскурсияны жүзеге асыруға қабілетті. Төменгі, сондай-ақ жоғарғы люктарға ие болуы арқасында мини-субмарина тереңдікте тұрақтаған алып субмаринаға су бетінен жолаушыларды жеткізе алады".

Қосымша шағын су асты қайығы, тапсырыс иесінің сұранысына қарай, екіден 8-ге дейін адам сиятындай етіп жасалуы ықтимал.

Рас, бұл компанияның бүгінде жаңа люксты жеке субмариналарға тапсырыс қабылдайтын-қабылдамайтындығы белгісіз: US Subs телефондары жауап бермейді.

Оның үстіне қазір анағұрлым бюджетті нұсқалары да бар. Миллионер Томас Перкинстің тапсырысымен жасалынған су асты қайығы ұшаққа ұқсас болып келеді. Ол тек 330 метр тереңдікке сүңги алады. Оның су астындағы жоғарғы жылдамдығы сағатына 11 шақырымға барады. Бұл "суасты ұшағы" Перкинске 1,3 миллион долларға түскен.

Субмарина сатып ала алмайтын бизнесмендер де қапаланбаса болады. Underwater Vehicles Inc. компаниясы өндіретін сүңгуір қайықтардың ішіндегі ең қуаттысы – алты адамдық "Taurus" 400 метрге дейін түсе алады. Өндірушілер "Taurus"-ты тәулігіне 3500 долларға жалға береді. Егер ұнаса, 797 мың 600 долларға басыбайлы сатып алуға мүмкіндік бар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу