Сүрілетін үйлерге енді әділетті өтемақы төленеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3624

Қазақстанда мемлекеттік мұқтаждық үшін баспана мен жерді мардымсыз бағаға мәжбүрлі түрде тартып алу тәжірибесі жойылды.

Сүрілетін үйлерге енді әділетті өтемақы төленеді

Жергілікті әкімдіктердің ұсынған бағасымен келіспей, қазақстандықтардың күресінге қарсы күресу тәжірибесі тарихқа кететінге ұқсайды.

"Мемлекеттік мұқтаждық" деп нақты иесі бар жер телімін оның үстіндегі үй және басқа да ғимараттарымен тартып алуды ұзақ жылдар бойы әкім-қаралар жаман әдетке айналдырды. Бұл тетік әсіресе, жол салу, коммуналдық нысандар тұрғызу, қаланы абаттандыру, құбыр тарту кезінде кеңінен қолданылатын.

Сонымен қатар тиын-тебен ғана төленіп, зорлықпен алынған жерлер артынша мемлекеттік емес, керісінше, коммерциялық мақсатта, алпауыт құрылыс компанияларына тұрғын үй кешендерін, бизнес орталықтарын салу үшін де беріліп жатады. Мұның барлығына куә болып отырған ел әділетсіздікке қатты күйінетін.

Мәселен, 2016 жылғы 24 маусымда елордада ер адам шарасыздықтан, өз үйін жарып жіберетінін айтып, қорқытты. Өйткені сол күні сот орындаушылары оның үйін сүруге келіпті. Бірнеше отбасы паналаған баспана қожайыны Әділбек Мейрамов қала әкімдігі ұсынған мардымсыз өтемақыға келіспегендіктен, осындай ашынысқа дейін жеткен. Кейбір мәліметтер бойынша үш миллион теңгедей қаражат ұсынылған. Ал оған елордада бір бөлмелі пәтер де келмейтіні мәлім. Кейіндері бұл жеке үй ақыры күресінге жіберілді.

Өтемақы көлеміне келіспей, өзін-өзі өртемек болғандар өзге өңірлер түгіл, тіпті бас қалада да кездесті. Мұндай оқиға мәселен, астаналық әкімдік 50 шаршы метрлік тұрғын үй мен алты сотық жер үшін 4,7 миллион теңге ғана төлеуге шешім қабылдағанда орын алды. Бұдан бөлек, елордадағы "Урожай" бақшалық серіктестігін жаппай сүргенде де, саяжайшылар осы шектен тыс шараға баруға талаптанған.

Күшке салып, көшіру даулары Астананы 2000-шы жылдардан бері дүрліктіріп келді. 1998 жылғы 20 мамырдағы "Астана мәртебесі туралы" заңының ережелері бойынша елорда әкімі өз қаулысымен кез келген телімді бас қала дамуының бас жоспары аясында мемлекеттік мұқтаждық үшін тартып ала алатын. Салдарынан 2004–2006 жылдар аралығында басым көпшілігінде лашық үйлерге толы елордалық "Слободка" ауданын жанжал кернеп тұрды. Қалалық билік тұрғындарға баспананың шаршы метрі үшін 320-620 доллардан өтемақы ұсынған. Ал АҚШ валютасы арзан тұрған ол тұста нарықта шаршы метрдің құны орташа есеппен 800-1200 долларға бағаланатын. Тек "слободкалықтардың" қарсылық акцияларынан кейін әкімдік қатаң ұстанымын жұмсартып, шамалы жеңілдіктерге барды.

Әкімдіктердің мемлекеттік мұқтаждық және қажеттілік үшін жер телімдері мен баспаналарға болмашы өтемақы ұсынуларын бас прокурор болып тұрған тұста (2016 жылы) Жақып Асанов "ақылға қонымсыз әрі абсурд" деп атап, бұл тәжірибені өзгерту керектігіне назар аудартқан болатын. Бас прокурор үкіметке үйлері сүрілетін азаматтар үшін жеке тұрғын үйлер салуға ұсыным берді.

"Әйтпесе, мәселен, сіз жерді тәуелсіздікке қол жеткен 90-шы жылы алдыңыз дерлік, ол кезде ұлттық валюта айналымға ене қоймаған, сондықтан кеңестік рубльге сатып алдыңыз. Бірақ ол кездегі 500 рубль кейін 1 теңге деп есептелінеді. Осы есептемеге жүгіне отырып, Астана әкімдігі вокзал маңындағы жер телімін небары екі теңге 80 тиыннан есептеген. Тағы біреулеріне бес, он теңгеден ұсынған. Биліктің бұл шешімдері – мүлдем ақылға қонымсыз, абсурд болып табылады. Сондықтан жер орнына қаржы емес, соған теңбе-тең басқа жер немесе баспана ұсынған жөн", – деді Жақып Асанов "Әділдік – құқықтық қорғаудың басты критерийі" атты дөңгелек үстелде.

Нақты мысалға жүгінсек, Астана әкімдігі саяжайлық телімді айтуға ұят 112 теңге 80 тиынға мемлекеттік мұқтаждық үшін мәжбүрлі тартып алу туралы талап-арызбен сотқа жүгінген. Себебі, ол телімді қожайыны жекешелендіру туралы келісімге сәйкес, 1993 жылы 1 мың 404 рубльге сатып алған екен. Бұл әкімдік ұсынып отырған өтемақыға тең. Бірақ сот жер учаскесінің қазіргі нарықтық құнын ескере отырып, бес миллион теңге өтемақы төлеу туралы үкім шығарады. Әкімдік сот шешімімен келіспей, қарсылық білдірген. Аталған жағдайда сот шешімі әділ, бірақ заңға сәйкеспейді. Өйткені заң бойынша жер иесіне сатып алу кезіндегі келісімде көрсетілген сома төленеді.

Жақып Асанов Қытай – Бейжіңде, ал Ресей – Сочиде Олимпиада өткізгенде, спорт объектілері үшін алып қойылған жер телімдері қожайындарына арнап, коттедждер тұрғызғанын еске салды.

"Неге бізде де алып қою кезінде қолжетімді баспана салып бермеске! Әрине, бұл инфрақұрылымға, мектепке, балабақшаларға инвестицияларды талап етеді. Алайда ақыр соңында ол өзін-өзі ақтайды. Құрылыс секторы жанданады, жаңа жұмыс орындары ашылады, шағын бизнес дамиды. Ең бастысы, адамдар риза болады. Біз осылайша, дау-жанжалдар мен наразылықтардың, шешімдердің әділетсіздігі туралы айыптаулардың алдын аламыз", – деді Жақып Асанов.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада құзырлы органдар екі бөлмелі үйді апатты деп таныған. Заң бойынша мемлекет оны күресінге жіберуге және баспананың бөлмелерін есепке алмай, оның жалпы ауданына сәйкес келетін көлемде басқа пәтер ұсынуға міндетті. Осы заңды басшылыққа ала отырып, әкімдік алты адамнан тұратын отбасыға бір бөлмелі пәтер берген. Отбасы бұл шешімге қарсыласып баққан, алайда әкімдік сот арқылы оларды құрқылтайдың ұясындай баспанаға қоныс аударуға мәжбүр еткен. Заң бойынша барлығы да дұрыс. Алайда ақылға салғанда, бұл – ол отбасыны қорлау, жәбірлеу және тәлкекке салу болып табылады.

Енді бұл сорақылықтардың барлығына тоқтау болуға тиіс. Жақында күшіне енген жаңа заң бойынша мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қойылатын жер телімдеріне бұдан былай нарықтық құны бойынша өтемақы төленуге тиіс.

2019 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан президенті "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманың одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойғаны мәлім. Ол өз күшіне таяуда, осы ақпан айында еніп отыр.

Бұл құжат бүкіл Қазақстан бойынша әкімдіктердің күресін жоспарына іліккен нысандардың иелері, соның ішінде бизнесмендер үшін көп жыл күткен әділдікті орнатпақ.

"Заңға сәйкес, енді мемлекеттік мұқтаждыққа арналған жер телімдері ол жер теліміне құқықтың қандай негізде туындағанына қарамастан, нарықтық құны бойынша алынатын болады. Атап айту керек, бұған дейін алып қойылатын телімнің бағасы кадастрлық құны немесе азаматтық-құқықтық келісімде, болмаса, сот шешімінде көрсетілген баға бойынша анықталып келгені мәлім. Алайда бұл бағалар жер телімінің нарықтық бағасы деңгейіне мүлдем сәйкес келмейтін", – деп түсіндіреді әділет министрлігінің баспасөз қызметі басқармасы.

Бұған қоса, заңда атап айтылғандай, мемлекет пайдасы үшін алып қойылған жер учаскесінің орнына көлемі бойынша теңбе-тең жер телімін ұсынумен байланысты барлық шығындарды әкімдіктердің өздері көтеруге тиіс.

"Осылайша, күшіне еніп отырған заңнамалық өзгерістер алып қойылатын жер телімдері үшін азаматтар әділетті өтемақы алуына бағытталған. Осы мақсатта қолданыстағы жер кодексіне де, "Мемлекеттік мүлік туралы" заңына да тиісті түзетулер енгізіліп отыр", – деп хабарлады әділет министрлігі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу