Сыртқы саясат: Тауық жылына дейінгі түйін

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3273

Ресми Астана мешін жылымен бірге өзінің сыртқы саясат мекемесінің басшысымен де қош айтысты.

Сыртқы саясат: Тауық жылына дейінгі түйін

Мұны бірқатар сарапшы, арасында шетелдігі де бар, өткен жылдың елеулі оқиғаларының қатарына жатқызды. Себебі Қазақстан сыртқы саясатындағы тұтас дәуірді аяқтап отыр. Олардың байламынша, билік енді дипломаттар күшін экономикалық мәселелерге жұмылдырады.

Сарапшылар пайымын түсіну үшін Ерлан Ыдырысов тұсында дипломаттардың не бітіргеніне шолу жасай кеткен жөн. Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрі болып 2012 жылдың 28 қыркүйегінде тағайындалғаны мәлім. Кейін биліктегі ауыс-түйіске байланысты 2014 жылдың 4 сәуірінде, 2015 жылдың 30 сәуірінде және 2016 жылдың 13 қыркүйегінде осы лауазымына қайта тағайындалды. Соңғы қайта тағайындалғалы төрт-ақ ай жұмыс істеді. 2016 жылдың 28 желтоқсаны күні елбасының жарлығымен ол орнынан алынды және 30 желтоқсан күні Ұлыбританияға Қазақстан елшісі болып аттанды. СІМ басшылығында оны Қайрат Әбдірахманов алмастырды.

Жасыратыны жоқ, Ерлан Ыдырысовтың тұсы Қазақстан дипломаттары қатысқан біраз жанжалмен әдіптелді. 2013 жылдың күзінде Қазақстанның Франкфурттегі бас консулдығының қызметкері темекі контрабандасымен ұсталды. Бұл оқиғаға түсініктеме берген министр оны: "ұяттан өртенетіндей жағдай", – деді және "оның дипломатиялық пошта саласындағы өкілдігін теріс пайдаланып, ұзақ уақыт бойы Германияға контрабандалық темекіні жеткізіп отырған шағын топ құрғанын" мойындады. Сөйтіп неміс полицейлері тұтқындаған еліміздің сондағы бас консулы Ахат Алпысбаев Қазақстанға қайтарылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осыдан кейін консулдықтардың қызметкерлері арасында жаппай тексеріс жүргізілген. Бірақ оның нәтижесін жұртшылық ақыры біле алмады. Сонымен бірге осы оқиғадан кейін Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық есептілік жүйесіне бақылауды да күшейтті.

Өйткені "иммунитеті" болғандықтан дипломаттың көлігін кеден және шекара қызметкерлері тексере алмайды. Жалғыз Қазақ елі емес, көптеген мемлекеттің осы саладағы алақол, қара ниетті қызметкерлері бұл мүмкіндікті теріс пайдаланады. Қалай болғанда, еліміздің сыртқы саясат мекемесі қылмыспен және контрабандамен күрес бойынша өзге елдермен ынтымақтастықты өрістеткенін хабарлайды.

Кейін бірқатар дипломат барған елдерде жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол апаттарына бастары шатылды. 2015 жылы Қазақстан елшілігінің Лондондағы қызметкері мас күйінде көлік айдағаны үшін жұмыстан қуылғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл масқара оқиға туралы алдымен Ұлыбритания парламентінің ресми сайты хабарлапты! Біздің дипломаттардың арақ-шарапқа сылқия тойып алып, рөлге отыру дерегі АҚШ-тағы (екі факт) және Қытайдағы (бір факт) елшілік қызметкерлері арасында да тіркелді. Сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше, "елшіліктегі қызметкер шетелде жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлды өз бетінше төлейді".

Қалай болғанда, мұндай сорақы жайттар Қазақ елінің әлемдегі абырой-беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Өйткені олар, өкінішке қарай, халықаралық қоғамдастықтың бұл әрекетін Борат туралы "деректі фильмнің" жалғасындай және дәйектемесіндей қабылдайды. Мәселен 2013 жылы Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақстанға сапармен ұшар алдында біздің елмен танысу үшін британиялық комик Саша Барон Коэн түсірген "Борат" комедиясын тамашалап шыққанын хабарлағаны бар.

Ерлан Ыдырысов дәуіріне баға беру үшін ірі істерге назар аударған абзал. Оның тұсында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылды.

"Қазақстан дипломатиясы жұмысының апофеозы деп республикамыздың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануын атауға болады. Бұл қызметтегі біздің мақсат – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жұмысына елеулі үлес қосу, еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы ретіндегі Қазақстанның орнын нығайту, Орталық Азия мен Ауғанстан проблемаларына әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару", – деді былтыр сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысов. Сөйтіп, Қазақстан бізден бұрын осы биік жаһандық лауазымға сайланған Украинаның қатарына қосылды.

Ерлан Ыдырысов кезінде ресми Астана Ресей мен Украина және сепаратистер арасында арағайын болуға ұмтылды, алайда оның алдын ресми Минск орап кетті де, барлық жаһандық саяси ұпай Александр Лукашенкоға бұйырды.

Жақында Қазақстан Ресей, Сирия және сириялық оппозиция арасында арағайын болуға ұмтылыс танытып, елорданы келіссөз алаңы ретінде ұсынды. Бірақ "уақытша бітім" тәртібінің, яғни тараптардың бір-біріне оқ атпауы туралы ымыраның бұзылуына байланысты бұл жаһандық шараға да өтпей қалу қаупі төнді. Өйткені Сирияның оппозициялық күштерінің бір бөлігі наразылық ретінде Қазақстан астанасындағы келіссөзден бас тартатынын жариялаған.

Рас, дәл Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Сирия президенті Башар Асадпен телефон арқылы тілдескен Ресей президенті Владимир Путин оқ атуды тоқтату тәртібі сақталатынын және елордадағы "Сириялық бейбіт реттеу кездесуін" өткізуге ұмтылатынын мәлімдеді. РФ Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, ымыраға бармайтын жасақтардың барлығы "террористік ұйым" саналады және жойылады. Бұл топтар арасында лаңкес емес, бірақ Сирия ресми үкіметіне оппозициядағы түркітілдес және парсытілдес ұлыстар болғандықтан, Астанадағы келіссөзге Түркия мен Иран қатысуға ниетті. Нұрсұлтан Назарбаев та дәл "Жаңа жыл" мерекесі қарсаңында еліміздің жаңа Сыртқы істер министріне таяу арада Астанада Сирия мәселелері жөнінде келіссөз жүргізуге мұқият дайындалуды жүктеді.

Ал бүгін, 4 қаңтарда, Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша Астана келіссөзі 23 қаңтарда өтетінін мәлімдеді.

Егер бұрынғы министр дәуіріне қайта оралсақ, жақында, желтоқсан айының соңында үкіметте өткен қорытынды отырыста қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биылғы жылғы орталық мемлекеттік мекемелер арасындағы бюджет қаржысын ең көп игермеу Сыртқы істер министрлігінің еншісінде екенін жариялады.

"Нақтырақ айтқанда, 2,8 млрд теңге Астана саммитінің өткізілмеуі және Өзбекстанда елшілік ғимараты құрылысының қымбаттауына байланысты игерілмей қалды. Мұның сыртында 2016 жылға арналған мемлекеттік бюджетті қайта нақтылағанда қосымша бөлінген қаражаттың да 2,3 млрд теңгесі игерілмейді. Ең көп қаржыны тағы да Сыртқы істер министрлігі игермейді – 1,9 млрд теңге "Астана Бейбітшілік Саммитінің" өткізілмеуі салдарынан игерілмейді", – деді министр.

Айта кетейік, 2016 жылдың мамыр айында президент сол жылдың күзінде Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақтың бірлескен форумы өтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы ЕАЭО мен ЕО форумын өткізу туралы Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен уағдаластыққа қол жеткенін айтты. Бұл Еуразия құрлығындағы барлық елдің саммиті ресми Астананың болашақта Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақты қосып, бүкілқұрлықтық ірі ұйымды дүниеге әкелу жөніндегі "мега-жобасының" бастауы болуға тиіс еді. Бірақ бұл форум өтпей қалды.

Былтыр 28 қарашада "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев ЕО мен ЕАЭО әзірге бір-бірімен өзара ықпалдасуға дайын еместігін мәлімдеді. "Бүгінде бірлесіп қимылдауға деген әзірлік жоқ. Рас, тіпті ірі еуропалық мемлекеттердің лидерлері де мұның Еуропаға пайдалы екенімен келіседі. Бұл мәселеде болашақты ойлау керек. Болашақтағы даму үшін біз Еуропаға, Еуропа бізге қажет. Бұл келешектегі өркендеудің объективті үрдісі: Еуропа мен Азия – Еуразиялық субконтинент" деген елбасы біздің ресурстарды олардың технологияларымен біріктіру керектігін баса айтты. Яғни дипломат тілімен айтсақ, бұл ықпалдастық белгісіз мерзімге "қатырылып" отыр.

Кезінде, 2015 жылдың қорытындысына арналған орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ерлан Ыдырысов "Қазақстан халықаралық үлкен ойында пешка емес" деп мәлімдегені есте. Дегенмен, өткен жылдың қазан айының соңында парламенттегі "үкімет сағатында" депутаттар алдында баяндама жасаған Ерлан Ыдырысов "соңғы жылдары әлемнің ең бір қолайсыз сценарий бойынша дами бастағанын" мойындады. Бұл жағдайда, әрине, Қазақстан ең алдымен өз мүддесін қызғыштай қорғауға міндетті.

Сондықтан Қазақстан экономикалық дипломатияны күшейтуге ден қойды. Жалпы, Қазақстанның көптеген сарапшысы сыртқы саясаттың басымдығы ретінде саясаттың емес, экономиканың белгіленуі осыдан бірер жыл бұрын басталғанын айтады.

2013 жылы Қазақстан Сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Сонда СІМ басшысы Ерлан Ыдырысов "жаңа тұжырымдаманың жаңалығының элементі" ретінде сыртқы саясаттың экономизациялануын айтты.

"Экономикалық мәселелер бұрын да назардан тыс қалмайтын. Бірақ енді олар сыртқы саясатта бірінші орынға шығады. Сол себепті біздің сыртқы саясат мекемесі да және тиісінше біздің шетелдегі мекемелеріміз прагматикалық экономикалық амал-тәсілге бағдарланады. Біз елдегі нақты салаларға заманауи технологиялар мен қаржы-инвестицияларды тартуға тиіспіз. Сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасында дәл осы ұстаным нақты айтылып отыр", – дейді ол.

Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, "қазір Қазақстан дипломаттарының күш-жігері ішкі мәселелерді шешуге, дәлірек айтқанда, экономиканың үдемелі инновациялық, технологиялық жаңғыруы, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, Қазақстанның өркендеудің "жасыл" жолына көшуі, еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы мәселелерін шешуге бағытталып отыр".

"Шетелдегі экономикалық қызметті жүзеге асырудың негізгі құралы – барлық дипломатиялық және консулдық өкілдік", – дейді СІМ. Яғни, енді дипломат болу үшін "халықаралық қатынастар" факультетін бітіру қажет болмай қалатын секілді, бұл орынға экономист пен қаржыгер де бара алады. Немесе болашақ дипломатқа экономика мен қаржы ғылымдарын тереңдетіп оқуға тура келеді.

Бір қызығы, жаңа сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов тарихшы болғанымен, 2008 жылы еуропалық белді ұйым ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық комитетінің төрағасы болыпты. Яғни, сыртқы саясат мекемесінің басымдығына айналып отырған әлгі салалардан біраз хабары бар көрінеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, дипломаттар экономикалық ынтымақтастықты дамытушы екіжақты 115 үкіметаралық комиссияның және шет мемлекеттермен арадағы 24 іскерлік кеңестің тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істейді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015-2016 жылдардағы шетелдік сапарлары барысында біздің дипломаттар жалпы сомасы 42,8 млрд доллардың инвестициялық келісімін бекітуге ықпал етіпті. Қазір СІМ-нің қатысуымен жалпы құны 57,4 млрд доллардың 304 жобасы пысықталып жатыр.

Қалай болғанда да Қазақстан сыртқы істер министрлігіне экономикалық қызметке дендей енуге тура келмек. Әйтпесе, дипломаттар ресми түрде "саудагерге" айналады. Таяуда мемлекет басшысы "сауда" сөзі осы министрлікке ресми түрде таңылуы мүмкін екенін де растады.

2016 жылдың 6 желтоқсанында "өнеркәсіптік телекөпір" рәсіміне қатысқан елбасы "Сыртқы істер және сауда министрлігін" құру туралы ұсынысын білдірді. "Сыртқы сауда мен инвестиция салалары бірге болуға тиіс. Бізде саудамен – бір министрлік, инвестициямен – басқасы айналысады. Қазақстанға инвестиция салғысы келетін компанияның әрқайсысының соңынан біреу жүгіріп, елімізге тартуы керек. Дұрыс жұмыс стейтін барлық елде солай. Ал бізде ондай жоқ. Сондықтан мұнымен нақты кім шұғылданатынын анықтауға тиістіміз. Үкімет сауда мен инвестиция қайда болатынын айқындауы қажет. Бәлкім, әлемдегідей, Сыртқы істер және сауда министрлігін құрармыз. Ал Инвестиция және даму министрлігі индустриямен айналысады", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сарапшылардың мәліметінше, әлемдегі көптеген елдің, соның ішінде посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің сыртқы саясат мекемелері сыртқы сауданы өрістетті және инвестиция тарту мәселелерімен белсенді айналысады. Бірақ министрлікті солай атағаны сирек. Мысалы Ирландияда "Сыртқы істер және сауда министрлігі" деп аталады.

Соған қарамастан, бұл ұсыныс қызу қолдау тапты.

"Әрбір министрлік өз жанынан экспортқа жауапты орталықты жеке-жеке құрып алғаны дұрыс емес, біз мұны бұрыннан айтып келеміз. Бізде қазір экспортпен айналысатын Kaznex Invest бар, жұмысының мәні экспортқа қатысты "ҚазЭкспортГарант" та бар. Инвестиция және даму министрлігі деген жеке үлкен мемлекеттік орган бар. Ол аз болғандай, енді ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік корпорациясы базасында төл экспорттық ұйым құру туралы ұсыныс жасап отыр. Мұны азсынсаңыз, "Бәйтерек" холдингінде де экспортты ілгерілетумен айналысатын өз ұйымы жұмыс істейді", – дейді "Атамекен" палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. "Қойшы көп болса, қой арам өледі" дейді халық даналығы.

"Өз бетімен жайылғаны, үйлестірілмейтіні көзге ұрып тұр. Мемлекет басшысы да өнеркәсіптендіру күнінде дәл осы мәселеге назар аудартты. Ол бүкіл әлемде біздің экспортты ілгерілетумен айналысатын бір мемлекеттік орган болуға тиістігін нықтады және сыртқы істер министрлігінің қызметін қайта форматтауды ұсынды. Біз елбасының ұсынысын қолдаймыз. Өйткені сыртқы істер министрлігінің барлық негізгі елде дипломаты мен дипломатиялық өкілдігі, яғни қалыптасқан командасы мен сауда өкілдігі бар", – деген Нұржан Әлтаев осының нәтижесінде қазіргі қиын шақта мемлекеттен көп шығын шығару қажет болмайтынын білдірді. Тек дипломатқа жаңа бағдар беріліп, талап күшейтілуі керек.

Кәсіпкерлік палатасының ұсынуынша, СІМ жанынан экспортты қаржыландыратын, кепілдендіретін, ілгерілететін, көрме өткізетін және басқа да жұмыстармен шұғылданатын акционерлік қоғам түріндегі экспорттық орталық құрған жөн. КҰП бірыңғай орталыққа көмектесуге даяр.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев те сыртқы істер министрлігін экономикалық міндеттерді шешуге нақты бағдарлауды дұрыс санайды. Әйтпесе, ықпал еткені болмаса, жаһандық саясатта Қазақстан шешіп тастайтындай ірі проблемалар шектеулі.

"Мәселе мекеменің атауында емес, әңгіме инвестиция тартуда және тауарларымыздың экспортына жәрдемдесуде. СІМ қазір осы мәселемен айналысады. Басты проблема сол, Қазақстанда іске қосылған кәсіпорындардың басым бөлігі бірер уақыт өткен соң өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр, өйткені өнімін өткізетін нарық таба алмайды. Бұл жерде қиындықтың бір ұшы сол тауарлардың сапасына да тіреледі. Себебі мемлекет қолдайтын жобаларды таңдап, іріктеген кезде ол зауыт-кәсіпорын шығаратын өнімнің әу бастан бәсекеге қабілетті болуын, халықаралық сапа стандарттарына сай келуін ескеру қажет", – дейді Азат Перуашев.

Оның үстіне шетелдегі көптеген елшіліктің жанынан құрылған сауда өкілдігі өзіне жүктелген міндетті орындай алмайды.

Экономист Расул Рысмамбетов СІМ-нің атауы қалып, бірақ басшысының өзгеруінен де бағдардың өзгергенін байқапты. Оның байламынша, енді Қазақстан жаңа 2017 жылы Еуразиялық экономикалық одақ бойынша серіктестерімен анағұрлым тығыз ынтымақтастыққа ден қояды. "Менің ойымша, жаңа премьер мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындай бастау үшін қажет жаңа командасын іріктеп жатыр. Бұл міндет Қазақстан мен Ресейдегі экономикалық үдерістерді бірыңғайландыруды қажет етеді. ұлттық экономика және сыртқы істер министрліктерінің басшыларының өзгеруі де содан", – дейді сарапшы.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев та экономикаға жауапты қос министрлікте қатар өзгеріс болуы бекер еместігіне екпін түсіреді.

"Бізде дәл қазір экономикада үлкен мәселелер бар. Халықтың көңілтолмастығын тудырып отырғаны да – сол. Мекемелердің бұрынғы басшылары өздеріне жүктелген міндетті атқара алмады деуге болмайды. Дұрысы, жаңа сын-қатерлер жаңа басшылардың келуін талап етіп отыр. Бұл жерде басты мақсат – әлдекімді орнынан алуда емес, экономикаға серпін беруде. Біздің экономика құрылымдық өзгерістерге зәру. Ендігі басты сұрақ: "Жаңа министрлер бұл істі жарға жықпай, лайықты орындап шыға ала ма?". Біз жаңа жылға осындай сұрақпен аяқ басып отырмыз", – дейді Қазыбек Бейсебаев.

Жаңа жыл қарсаңында, 2016 жылдың 30 желтоқсаны күні Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездесті. Кездесу барысында елбасы дипломатиялық корпусқа жаңа министрді таныстырды және алдағы міндеттерді түсіндірді.

Ол дағдарыс пен өзгерген жаһандық ахуал жағдайында Сыртқы істер министрлігінен жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндет тұрғанын ашық айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мейлінше тиімді жұмысты жолға қою – маңызды міндет екенін айтты.

"Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында елдің дипломатиялық қызмет органдарының жұмысындағы ең маңызды жүйелі элемент экономикалық өлшемдер болуы тиіс. Инвестиция тарту және отандық тауарлар экспорты мәселелерімен айналысу қажет. Осы орайда сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің жұмысын күшейту керек. Келер жылы Астанада өткізу жоспарланып отырған ауқымды халықаралық іс-шараларға – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиттеріне тыңғылықты дайындалған жөн", – дейді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елшіліктер Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық уағдаластықтарға тиісті бақылау жасау саласында жұмыс жүргізуі қажет екенін арнайы атап өтіп, елімізді шетелдерге танытатын министрлік қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктелетініне, сондықтан кадр мәселелеріне баса ден қою керектігіне назар аударды.

Жалпы, 2016 жылы мемлекет басшысы 21 мемлекетке сапар жасапты. Сондай-ақ 15 шет мемлекет басшысын, үкімет және халықаралық ұйым басшыларын қабылдаған. 49 ірі халықаралық іс-шара ұйымдастырылған.

Айтқандай, Астанадағы ЭКСПО-2017 және Алматыдағы Универсиада секілді жаһандық шараларға және олардан кейін де елімізге шетелдік туристер көбірек келуі үшін Қазақстан 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, біржақты түрде әлемдегі 45 елге "визасыз режим" жариялады. Бұған дейін азаматтары шекарадан визасыз кіре алатын мемлекеттер саны 19 болатын. Олардың ішінде Экономикалық әріптестік және даму ұйымы мен Еуропалық одақ мүшелері, сонымен бірге Біріккен Араб Әмірліктері мен Малайзия, Сингапур елдері бар. Бұл мемлекеттердің азаматтары Қазақстанға кіргеннен бастап, 30 күнге дейін елімізде визасыз жүре алады. Визалық режимді алып тастауды Қытай да қиыла сұрап отыр. Бірақ ұлттық қауіпсіздік мақсатында үкімет әзірге бұдан аяқ тартып отыр екен.

 

Анықтама:

Қазақстанға азаматтары визасыз кіре алатын мемлекеттер тізімі:

1. АҚШ;

2. Аустралия Одағы;

3. Аустрия;

4. Бельгия патшалығы:

5. Біріккен Араб Әмірліктері:

6. Германия Федеративтік Республикасы;

7. Грекия;

8. Дания патшалығы;

9. Жаңа Зеландия;

10. Жапония;

11. Израиль;

12. Ирландия;

13. Исландия;

14. Испания патшалығы;

15. Италия;

16. Канада;

17. Оңтүстік Корея;

18. Латвия;

19. Люксембург;

20. Венгрия;

21. Малайзия;

22. Мексика Құрама Штаттары;

23. Монако;

24. Нидерланды патшалығы;

25. Норвегия патшалығы;

26. Польша;

27. Португалия;

28. Сингапур;

29. Словакия;

30. Словения;

31. Түркия;

32. Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен патшалығы;

33. Финляндия;

34. Франция;

35. Чехия;

36. Чили;

37. Швейцария;

38. Швеция Королдігі;

39. Эстония.

Бұған қоса тізімге Болгария, Кипр, Литва, Мальта және Румынияны қосу келісімдері жүріп жатыр.

Қазақстан азаматтары 2017 жылы қандай елдерге визасыз бара алады?

1. Индонезия

2. Македония

3. Малайзия

4. Намибия

5. Сейшел аралдары

6. Черногория

7. Эквадор

8. Филиппин

9. Барбадос.

10. Грузия

11. Украина

12. Армения

13. Беларусь

14. Қырғызстан

15. Молдова

16. Ресей

17. Моңғолия.

18. Оңтүстік Корея

19. Түркия

20. Аргентина

21. Әзербайжан

22. Тәжікстан

23. Өзбекстан

24. Сербия

25. Бразилия

26: Шри-Ланка

27: Израиль.

Таяуда Кубаға да 30 күнге дейін визасыз режим күшіне енеді деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу