Биыл 10 наурызда үш күн тоқтамай жауған жаңбырдың салдарынан Шығыс Қазақстан облысының 6 қаласы мен 12 ауданы таудан аққан қарғын судың астында қалып, тұтас ел дүрлікті.
Су тасқыны алдындағының барлығын жапырып, 1200 үйге зақым келтірді. Оның 128-і мүлде жарамсыз болып қалды. Бұдан бөлек 150 аула мен 11 саяжай суға кетті.
ТЖ департаментінің қызметкерлері бір күнде Өскемен қаласынан 3484, Аягөз ауданынан 240 текше метр су сорып шығарды. Аягөз қаласында 3 көпір мен 5 жаяу жүргінші өткелі шайындыға айналды. Сыртқы бағыттағы жолдар жабылып, ішкі бағыттағы көлік қозғалысы шектелді.
Облыста төтенше жағдай жарияланып, 1032 адамнан жасақталған апаттық құтқару тобы құрылды. Құтқару жұмысына 300 техника, 56 жүзу құралы, 58 моторлы сорғы бөлінді. Бұған қоса іске шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы қосылды.
Табиғи апаттан Зырян, Катонқарағай, Тарбағатай, Шемонаиха аудандары мен Риддер, Өскемен, Аягөз қалалары есеңгіреп қалды. Алайда шығысқазақстандықтар бастарына түскен істі өздері ғана көтерген жоқ. Оларға Қазақстан халқы бір кісідей қолдау көрсетті. Ел көлемінде "Тасқын-2018" акциясы ұйымдастырылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ШҚО-ға гуманитарлық көмек келді.
Соңғы 30 жылда ШҚО-да дәл осындай апатқа ұшыратқан су тасқыны болмаған.
Халықтың берекесін кетіріп, атқамінерлердің құтын қашырған қарғын су шенділер мен шекпенділерге сабақ болған тәрізді. Себебі олар алда болуы ықтимал апатқа тосқауыл қою үшін қазірден қамданып жатыр. Бұл үшін су тасқынынан сақтанудың 2020 жылға дейінгі аймақтық жол картасы әзірленді. Оған су тасқынының алдын алу және одан зардап шекпеуді ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Жол картасын жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамындағы мамандар апатты жағдайда қауіп төндіруі мүмкін өзендер мен тоғандардағы және су қоймаларындағы гидротехникалық құрылғылардың сапасын тексерді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, жол картасы аясында алдағы уақытта 81 іс-шара ұйымдастырылады.
ШҚО әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың айтуынша, Зырян, Шемонаиха, Катонқарағай, Көкпекті, Ұлан, Аягөз аудандары мен Риддер, Семей, Өскемен қалаларынан қауіпті аймақтар анықталған.
"Гидротехникалық құрылғыларды жөндеп, өзендер мен тоғандардың жағасын бекітеміз. Дамбаларды қалпына келтіріп, инертті қорғаныс құралдарын әзірлейміз. Тоғандар мен су қоймаларының түбі лай мен балшықтан тазартылады. Бұл үшін облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастыру қажет", – деді Серік Ақтанов.
Оның сөзінше, бұдан бөлек қалалар мен аудандардың әкімдеріне жергілікті жерге қауіп төндіретін қарғын судан құтылудың жоспарын жасау қажет. Мұның сыртында Ертістің, Үлбінің, Бұқтырманың мұзын жару ісіне ерекше назар аударылуға тиіс.
Есімжан Нақтыбайұлы