"Talas Investment Company" экспортқа ден қойып отыр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3238

Ондағы жаңа цех іске қосылса 300 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ.

"Talas Investment Company" экспортқа ден қойып отыр

Елдегі натрий цианидін өндіретін алғашқы әрі жалғыз зауыт "Talas Investment Company" бүгінде бастапқы межесін бағындырып, енді өнімін шет ел асыруды көздеп отыр. Натрий цианиді – алтын өндіру барысында бағалы металды өзге қоспалардан ажырату үшін қолданылатын реагент. Осы күнге дейін бұл қажетті қосымша елімізге шет елден тасымалданып келген болатын.

2014 жылы ашылып, алайда, зауыттағы қытайлық құрылғылардың тілін түсінетін маманның болмауы мен өзге де бірқатар кедергілерге баййланысты біршама уақыт іске кеш қосылған өндіріс ошағы бүгінде 80 пайыз қуатымен жұмыс істеп тұр. Соның өзінде "Talas Investment Company" өткен жылы екі есе көп өнімге қол жеткізіп отыр.

Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, зауыт толық қуатында жұмыс істеген жағдайда жылына 15 мың, ал айына 1250 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
"Зауыт құрылысы кезінде мемлекет тарапынан газ құбырын, ауыз, кәріз және техникалық су, жол, электр желілерін және байланыс желісін жүргізуге жалпы 1 миллиард 469 миллион теңге көмек көрсетілді. Сондай-ақ, кәсіпорынға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие берілді. Осылайша, "Бизнестің жол картасы-2020" және 2012-2020 жылдарға арналған "Моноқалаларды дамыту" бағдарламалары бойынша алған несиелерінің пайыздық ставкасы субсидияланады.
Қазіргі уақытта зауыт өз қуаттылы­ғының 80 пайыздық деңгейінде жұмыс істеп тұр. 2018 жылы "Talas Investment Company" 8023 тонна натрий цианидін өндіріп, ақшалай есептегенде 6 миллиард 245 миллион теңгенің өнімін шығарды. Бұл бұрнағы жылдағыдан әлдеқайда көп. Себебі, 2017 жылы мұнда 5 700 тонна ғана цианид өндірілген болатын. Яғни, өнімділік көрсеткіші 174 пайызға артып отыр", – дейді ол.

Жобалық құны 22,6 миллиард теңгені құраған бұл зауыт аудан бюджетінің үштен бір бөлігін құрап отыр.

Айта кетейік, зауытта натрий цианидінен өзге минералды тыңайтқыш – аммоний сульфаты да өндіріледі. Бұл өнім натрий цианидін өндіруден шыққан қалдықтарды пайдалана отырып алынатын қоспа. Жоба бойынша, бұл тыңайтқыштың жылдық көлемі 5 мың тонна болуы қажет. Зауыттың қазіргі жұмыс қуаттылығына орай оның көлемі әлі жоспардың жартысына жете қоймаған.

Ал зауыттың жоспар-жобасындағы барлық межені бағындыру үшін жаңа желінің құрылысы басталуда.

"Talas Investment Company" ЖШС-ның бас директоры Ерлан Нұрханов жаңа цех іске қосылса, натрий цианидінің көлемін 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін жеткізуге болатынын айтады.
"Жаңа жобаны индустрияландыру картасына енгізіп, жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар дайындалды. Жоба өнімділікті арттырып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, қазіргі таңда еңбек етіп жатқан 535 жұмысшыдан бөлек, тағы 300 адамды жұмысқа қабылдамақпыз.
Көктемнің келуімен басталған құрылыс жұмыстарын 2021 жылы аяқ­тауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таң­да шығарған өнімімізді келісім шарт жасаған компаниялар үшін ғана шы­ға­рып отырмыз. Алда өнім көлемінің артуына байланысты тауарды экспорттауға да көңіл бөлетін боламыз", – дейді Ерлан Орынбасарұлы.

Зауыт басшысы өндіріске қажетті шикізаттың жергілікті жерден шығарылуы да үлкен көмек екенін айтады. Мысалы, қажетті негізгі шикізат күкірт қышқылы жергілікті жерде өндірілсе, аммиак Ақтаудың "Қазазот" компаниясынан тасымалданады. Әзірге каустикалық сода Қытайдан тасымалданады екен. Каустикалық сода өндіретін зауыт "Тараз химия паркі" кешенінде жоспарланып, алғашқы қадамы жасалған да болатын. Өкінішке қарай, белгісіз себептермен "сұйылып" кеткен жоба әлі тірлігін түзей алмай жатыр.
Ал натрий цианидін өндіретін кәсіпорындар ТМД көлемінде санаулы ғана екен. Олар Өзбекстанның Науаи қаласында, Ресейдің Дзержинск және Саратов қалалары мен Грузияның Рустави қаласында орналасқан.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу