Тастай армия, шектеусіз президент

3806

ҚХР астанасы Бейжіңде парламент сессиясы өтіп жатыр.

Тастай армия, шектеусіз президент

Бүгін Қытай астанасында Ұлттық Халық Конгресінің жыл сайынғы жиыны ашылды. Онда президент Си Цзиньпиннің билігін екі мерзіммен шектемеу туралы басты конституциялық өзгеріс бекітіледі. Бұл дегеніміз, Си мырза қаласа, елді өмір-бақи басқарып, "Си Цзиньпин ойлары" деген идеологиясымен Қытайды келешекке жетелеуге тиіс.

Қорғаныс бюджеті 8 пайызға өседі, ал қарыз қауіп
Конгресте қабылданған алғашқы шешімдердің бірі – Қытай биыл өзінің әскери  бюджетін өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға арттырып, 1,11 триллион юаньға немесе 175 миллиард долларға дейін жеткізеді. Премьер Ли айтқандай, "ұлттық қауіпсіздік төңірегінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатқанда, армия тастай берік болуы керек".

Қытай – қазір әлемнің екінші экономикасы. Бірнеше жылдан бері елдің жалпы ішкі өнімі қарыштап артқандықтан, миллиондаған адам кедейшіліктің бұғауынан құтылып, қоғамда орта тап қалыптаса бастады. Миллиардерлердің саны 100-ге жетті. Демек, қазір қаймықпай қарыз алушылар көбейеді деген қауіп туындап отыр. Сондықтан, компартия бұған жол бермеу үшін, қаржылық институттардың қызметін бақылауды күшейтпек.

Сессияда кімдер кездеседі?
Ұлттық Халық Конгресі (ҰХК) –  заң шығарушы билік немесе парламент. Дәл осындай орган  Британияда Қауымдар, АҚШ-та өкілдер палатасы деп аталады.

Конституцияға сәйкес, ҰХК – аса қуатты мемлекеттік орган. Бірақ, кейде оны халықаралық баспасөз Қытайдың коммунистік үкіметі нені мақұлда десе, соны мақұлдай салатын "канцеляриялық жады" (өз пікірі жоқ адам деген мағынада) деп атайды.

Ұлттық Халық Конгресіне 2980 депутат жиналады. Олар сессия барысында провинциялардың, автономиялық аудардардың, орталықтан басқарылатын муниципалитеттердің, Гонконг пен Макао тәрізді арнайы әкімшілік аймақтардың және қарулы күштердың атынан өкілдік етеді. Халық қалаулыларының 742-і - әйел, 438-і – аз ұлттардың өкілдері.

Тағы бір орган - Қытай Халықтық Саяси Кеңесінің Конференциясы (ҚХСКК). Бұл өте ықпалды саяси кеңес беруші мекеме. Мәселен, Британиядағы - Лордтар палатасы, АҚШ-тағы Сенат тәрізді. ҚХСКК-ға қазір 2185 адам мүше. Олардың қатарынан әртістерді, спортшыларды, ғалымдар мен бизнесмендерді, тіпті коммунистік партияға кірмегендерді кездестіруге болады.

Биыл Қытай Халықтық Саяси Кеңесінің Конференциясы наурыздың 3-де басталды. Ал, Ұлттық Халық Конгресі бүгін ашылып жатыр.

"Қос сессиядан" не күтуге болады?
Ұлттық Халық Конгресі Президент Сидің екінші мерзімдегі билігін бекітіп, оны әйгілі Мао Цзэдунның дәрежесіне көтереді деген болжам бар. Себебі: оның "Си Цзиньпин ойлары" атты саяси философиясы Конституцияға енгізіледі; жаңа үкіметтің бесжылдық қызметі расталып, Си мырзаның екінші президенттік мерзімі басталады; Си Цзиньпинді басшылықта 2023 жылдан кейін де қалдыру туралы өзгеріс конституцияға енгізіледі. Дәлірек айтсақ, мемлекет жетекшісі екі мерзімнен артық  билік ете алмайды деген шектеу жойылады; қуатты антикоррупциялық агенттік құру туралы заң ратификацияланады.

"Қос сессияда" экономикалық реформа жоспарлары мен Сидің өзі ерекше назар аударған коррупциямен күрес және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қарастырылады.

Қытай Халықтық Саяси Кеңесі Конференциясына келсек, ол орталық және жергілікті үкіметтің бұған дейінгі саясатын қайта қарап, болашаққа жоспар құрады. Дегенмен, экономикалық проблемалар басты тақырыпқа айналады. Өйткені, биыл Қытайдың реформаларға және ашық саясатқа көшкеніне 40 жыл толып отыр.

Оппозиция не дейді?
Қытай, әдетте, бірпартиялық мемлекет саналады. Бірақ, мұнда шын мәнінде коммунистермен бірге өзге де саяси қозғалыстар бар. Дегенмен, кейбір бақылаушылардың пікірінше, сол қозғалыстар ҰХК аясында компартияның шешімдерін бірауыздан мақұлдап отырады. Ал, China Finance Online веб-сайтының мәліметінше, тұрақты даму, "Бір белдеу, бір жол" бастамасын жүзеге асыру, кедейшілікті азайту – бүгін ашылған жиынның негізгі тақырыптары.

Диссиденттік медиаға келсек, АҚШ-та орналасқан NTDTV.com порталының ақпараты бойынша, конституцияның өзгеруіне наразы бір топ адам өз реніштерін білдіру үшін Бейжіңге жол тартты. Ал, "Қытай жастары" газетінің бұрынғы редакторы Ли Датонның ойынша, "Президенттің билігін екі мерзімнен асырмау туралы конституциялық өзгеріс 1982 жылы бекітіліп, автократияға жол бермеу, жеке адамды партия мен мемлекеттен жоғары қою мәселесінде өте тиімді заңға айналған".

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу