Таяу Шығыстағы соғысты Қатар ғана тоқтата алуы мүмкін

3554

Халықаралық сарапшылар осындай байламға келді.

Таяу Шығыстағы соғысты Қатар ғана тоқтата алуы мүмкін Фото: TRT Haber

Тіпті әлемдік алпауыт Американың өзі соның көмегіне жиі жүгінеді, деп жазады inbusiness.kz.

Қатар елінің аумағы (11 437 шаршы шақырым) Қазақстан территориясынан 238 есе кіші. Яғни, қазақ жеріне 238 Қатар сиып кетер еді.

Осынау шағын ел ұзақ уақыт бойы геосаясаттың шетінде, перифериясында қалып келді. Ол тек әлемдік нарықтарға шикізат жеткізетін мемлекет ретінде қарастырылады. Қатар табиғи газ қоры жөнінен әлемде – 3-ші, табиғи газды экспорттау жөнінен – 6-шы, мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізуде – дүниежүзінде 21-орында тұр.

Содан 2022 жылы Ресей Украинаға қолдау көрсеткені үшін жазалап, Еуропаға газ жеткізілімін доғара бастағанда, жұртшылығы қыста қатып қалмауы, экономикасы күйремеуі үшін Еуропалық Одақ елдері жаппай Қатардан көмек сұрауға жүгірді. Қатар олардың қолын қақпады, еуропалық нарықтағы "Газпромнан" босаған орынды Норвегиямен және Алжирмен бірге ен жайлады.

Енді The New York Times хабарлауынша, Израиль мен араб әлемі арасындағы кикілжің аясында Қатар геосаяси және дипломатиялық державаға айнала бастады. Халықаралық сарапшылар Хамас тұтқынында отырған 2 америкалық әйелдің өткен аптада бостандыққа жіберілуі – Парсы шығанағындағы Қатардың араағайындығының арқасында мүмкін болғанын, бұл шағын мемлекеттің соңғы кезде әлемдік дипломатияда маңызды рөл атқара бастағанын атап өтті.     

Иллинойс штатындағы Эванстон тұрғындары Джудит Раанан мен оның қызы Натали Раанан Хамас абақтыларында отырған 200-ден астам кепілдің арасынан азаттық алған алғашқылары болып отыр.

Қатарлық ақпарат құралдарының мәліметінше, палестиналық радикалды топ тағы екі тұтқынды босатпақ болыпты, бірақ израильдік тарап оған келіспей, барлығын жіберуді табанды талап еткен-мыс. Израиль бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Қалай болғанда, Хамас өз мәлімдемесінде америкалық азаматшалардың "гуманитарлық ниет" тұрғысынан және қатарлық делдалдардың сұрауымен еркіндікке жіберілгенін жариялады. Осыдан кейін АҚШ талабымен израильдік армия Газа секторына 20 және 17 жүк көлігінен тұратын екі гуманитарлық көмек керуендерін жіберді.

Израильдің билігі Қатар мен АҚШ арасындағы келіссөздерге сүйене отырып, таяуда шамамен тағы 50 тұтқынды шығарып алу мүмкіндігі барын мәлім етті. Өйткені ол адамдар қос азаматтыққа ие. Израильдің ғана емес, өзге мемлекеттердің азаматы саналады. Бұдан да кең мәміле болуы жоққа шығарылмайды.

Қатар Сыртқы істер министрінің өкілі Маджид Ансари шетелдік ақпарат құралдарына сұхбатында алғашқы 2 тұтқынды босату үшін "барлық мүдделі тараптар арасында бірнеше күн бойы үздіксіз келіссөздер жүргізілгенін" баяндады. Қатар бұл күш-жігер "ұлтына, шығу тегіне қарамастан, кепілдегі бүкіл азаматтық адамның босатылуына әкеледі" деп үміттенеді. Сондықтан бұл тараптағы іс-қимыл жалғасуға тиіс.

Израильдік ақпарат құралдары да Қатардың беделі бұрын-соңды болмаған деңгейде шарықтағанын жазуда.

"Енді Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания патшалығының Үкімет басшысы Риши Сунак және өзге де әлемдік лидерлер Парсы шығанағындағы осы құйтақандай мемлекетті келіссөздерінің табысты өткізілуімен ресми түрде құттықтауға асықты және Катардан өз азаматтарының да отанына оралуына көмектесуді жамырай сұрап жатыр", – деп жазады израилдік Detaly басылымы.

Оның дерегінше, бұл – жауласушы тараптардың Қатардың араағайындығының арқасында қандай да бір келісімге келуінің соңғы екі айдағы 3-ші оқиғасы болып отыр.

Биылғы қыркүйек айында Қатар Иранның тұтқынында азап шеккен 5 америкалықтың атажұртына аман қайтуына қол жеткізе алды.

Өткен аптада Қатар Киевтің өтінуімен, оккупациялаған аумақтардан Ресейдің күштеп алып кеткен және ресейлік отбасыларға, жетімханаларға таратып жатқан украиналық балалардың бір бөлігін қайтартқызуға көмектесті. Әзірге 2-ден 17 жас аралығындағы 4 бала ғана Украинаға орала алды. Дегенмен, Reuters хабарлауынша, Қатар украиналық жас ұрпақты Ресейден өз еліне, туыстарына қайтарудың механизмін жасады.

Сарапшылар әлемдік державалар Қатарды қолынан көп іс келетін салмақты серіктес деп танитынын алға тартады.

Мысалы, АҚШ әскері ұйымдасқан түрде емес, бейберекет күйде Ауғанстанды шұғыл тастап шыққанда, Вашингтон Дохаға шығыпты: ізгілік жолында кері тартпай, бірден ілтипат танытып, елп ете қалған Қатар Ауғанстан Ислам республикасының жаңа билігі "Талибан" қозғалысымен келіссөздер жүргізіп, Америкаға және оның одақтастарына өз азаматтары мен олардың отбасыларын бұл елден жедел, жандәрмен эвакуациялауына жәрдемдесті.

Сонда халықаралық ақпарат құралдары паш еткендей, тәліптер Кабул әуежайын жаппай, жағалай қоршап тұрғанымен, оның аумағына баса-көктей кірмеді. Батыс елдерінің соңғы ұшағы Ауғанстан астанасының әуесіне көтерілгенде ғана тәліптер әуежайға лап қойды. 

Сарапшылардың пікірінше, Қатар әлемдегі өз саласында теңдесі жоқ делдалға айналды. Бір жағынан, аймақтағы радикалды қозғалыстар соның тілін алады. Қатарлық билік пен байлары Хамас, "Талибан" және басқа да исламистік топтармен кеңауқымды байланыстарға ие.

Екінші жағынан, Қатар Батыстың, әсіресе АҚШ-тың айнымас серігі. Американың әлемдегі ең бір ірі әскери базасы да Қатарда орналасқан.

Бұдан Қатар саяси дивиденд жинайды. Мәселен, бұл елдің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына Вашингтонның өзі кепілдік береді.

Қатардың осы көпвекторлы саясаты былайғы жұрт түсінбес парадокс туындатты. АҚШ пен Еуропалық Одақ террористік ұйым деп таныған радикалды топтардың өкілдері Қатарда алшаң басып жүреді, Дохада америкалық әскерлерден алыс емес жердегі қонақүйлерге, төл резиденцияларына қорықпай қоныстанады, өздерін жайлы сезінеді.

Бұған Қатар елінің арабтарға тән байырғы дәстүрінің де ықпалы бар. Америкалықтар да, радикалдар да Қатардың қонағы саналады, ал қонақтарға қатарлықтар тиіспейді. Тиіспеу үшін қонақтар қылмыс жасамауы, бірін-бірі өлтірмеуі шарт. Құрама Штаттар Таяу Шығыстағы ең сенімді бұл одақтасын қадір тұтады, араздасуды қаламайды, сондықтан оның қонақтарына қастандық жасаудан аяғын тартады.

Тағы бір таңғажайып кереғарлық шамамен он жыл бұрын АҚШ-тың құптауымен ел астанасы Дохада Хамас пен "Талибанның" "саяси кеңселері" ашылды. Олар бүгінде осы радикалды топтардың биік лауазымды тұлғалары өзге әлеммен, соның ішінде Батыспен келіссөз жүргізе алатын алаң, өзіндік бір елшілік база қызметін атқарады.

The Guardian анонимді қатарлық шенеуніктің сөзіне сілтеме жасап, "Хамастың саяси кеңсесі Қатарда 2012 жылы, АҚШ Үкіметінің үйлестіруімен ашылғанын" жазды. Сонда Америкаға палестиналық радикалды қозғалыспен байланыстың арнасы қажет болыпты.

Бастапқыда бұл Президент Барак Обама әкімшілігінің бастамасы болған. Бірақ оның орнына келген Дональд Трамп пен Джо Байден де бұл байланыс арнасынан бас тартпауға шешім қабылдады.

Қатар қақтығысушы радикалды топтарды да татуластыруға тырысып жүр. Мысалы, ол Хамас пен оның Иорданның Батыс жағалауындағы бақталасы, палестиналық ФАТХ қозғалысының арасындағы дауында араағайын болды.

2012 жылы сол кездегі Қатар әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани Палестинаның Хамас бақылауындағы бөлігі – Газа секторына ресми сапарлаған тұңғыш Мемлекет басшысына айналды. Әмір Газаға жүздеген миллион доллар көмек беруге уәде етті.

Ираннан, тіпті өзге араб елдерінен айырмашылығы, әрі ұтатын тұсы сол, Қатар Израильмен де қарым-қатынасын сақтап отыр. Сонау 1990-шы жылдары Қатар өзінде израильдік сауда өкілдігін ашуға рұқсат етті. Бұл – Израильдің Парсы шығанағындағы жалғыз өкілдігі.

Қатардың қазіргі әмірі (эмир) Тамим бен Хамад әл-Тани әкесінің көпбағдарлы саясатын жалғастырды. Бірақ ол Израильге қатысты мемлекеттік ұстанымды біршама қатайтты. Оның ұстанымынша, Израиль мен палестиналықтар арасында бейбітшілік пен бітім орнаған соң ғана Израильмен қатынастар толығымен қалыпқа келтіріледі.

Бүгінде Қатар тек Газа секторы мен Израиль арасында ғана емес, сонымен қатар өзге елдерде – Йеменнен, Ливаннан, Сириядан бастап, Африкадағы Судан, Чад, Эритреяға дейін, яғни өзге аймақтардың мүдделерін қозғайтын түрлі дауларда араағайын болып жүр.

Халықаралық сарапшылардың оны геосаяси, дипломатиялық держава атауының төркіні де осында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу