Теңгенің тағдыры таразыда тұр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
24858

Ұлттық валютаның құнсыздануына қатысты алыпқашпа әңгімеден валюта трейдерлері қыруар қаржы табады.  

Теңгенің тағдыры таразыда тұр

Соңғы күндері әлеуметтік желіде ЭКСПО - дан кейін Қазақстанда теңге бағамы құлдырауы ғажап емес деген сөз желдей есті. Мұны лауазымды тұлғалар теріске шығарса да, халық валюта айырбастау пункттеріне толассыз ағылды. Ал Ұлттық банк өкілдері: "Теңге құнсызданбайды", – дегенді айтып, халықты сабырға шақырды.

Қаржылық реттеушінің қызметкерлері өз сөздерінің дәйегі ретінде еліміздегі алтын валюта қорының өсім беріп отырғанын алға тартты.

Бұл ретте экономикалық сарапшылар да қарап қалмады. Олар шілде айындағы инфляция шегі 0,5%-ға тұрақтағаны мен ұлттық валюта бағамының 4 тамыздан бері қалыпты жағдайдан ауытқымағанын тілге тиек етті.

Экономикалық сарапшы Наталья Мильчикова теңге бағамы 11 тамызда өзгеріске ұшырап, 14 тамызда қайта қалпына келгеніне назар аудартты.       

"Теңге бағамының құбылуына Ресейге салынған АҚШ санкциясы да әсер етті. Менің ойымша, теңгенің құны алдағы уақытта құлдырамайды. Себебі халықаралық жағдай біршама тұрақталып қалды", – деді Наталья  Мильчикова.

Оның сөзінше, Ұлттық банк теңге бағамының тұрақтылығын сақтап тұру үшін доллар сатуды ұлғайтқан.

"Қазақстан экономикасы үшін теңге бағамының тұрақты болуы аса маңызды мәселе. Қазір елімізде инфляция тәуекелі тым жоғары болып тұр. Осыған орай  Ұлттық банк барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр.

Бізде алтын-валюта резерві жеткілікті. Мәселе алтын-валюта қорының тұрақтылықты қанша уақыт  ұстап тұра алатындығында болып тұр", – деді Наталья  Мильчикова.

Экономикалық сарапшы Сергей Полыгалов қазан айының ортасына дейін теңге бағамы тұрақты болатынын ал одан кейін 400-420 теңге көлемінде девальвацияға ұшырайтынын айтады.

"Үкімет Ұлттық банк арқылы Қазкоммерцбанкті құтқаруға  кеткен 2,4 трлн теңгені орнына қойып, ЭКСПО -ға жұмсалған $1,7 теңгені жабуы керек", – деді ол.

"Халық Финанс" АҚ басқарма мүшесі Мұрат Темірханов "ЭКСПО-дан кейін девальвация болады" деген сөзде ешқандай қисын жоқ деп санайды.

"Brent  маркалы мұнайдың бағасы барреліне 40 долларға түссе де, теңге бағамы ұзақ уақыт қазіргі бағаммен тұрады. Бір доллар шамамен 340-360 теңгеге пара-пар болады", – деді Мұрат Темірханов.

Қазір АҚШ-тың долларға қатысты саясаты өзгерді. Бұл ел экономикаға ақша салуды азайту арқылы доллардың құнын өсіруді көздеп отыр.

Бұл "доллар қымбаттайды" деген ұғымды білдіреді. Сарапшылар мұндай жағдай әлемдік экономиканың баяулауына және дүниежүзінің долларға деген тәуелділігінің артуына әкеліп соғады деп отыр. Экономикасының 60%-ы АҚШ долларына тәуелді біздің ел үшін мұның қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

Сарапшылар қандайда бір елдің алтын-валюта қоры азайған сәтте,  ұлттық валютасы құнсызданады деген ойға басымдық береді. Ал бізде керісінше, алтын-валюта резерві өсім беріп отыр. Демек жыл аяғына дейін девальвация болады деп даурығуга негіз жоқ.

Мамандардың пікірінше, Ұлттық банк қазіргі жағдайдан табыс тауып қалуға тырысып жатқандарға тосқауыл қою керек.

"Біздің қаржылық жағдайымыз, экономикамыз Ресейге байланып тұрған жоқ.  Рубльге қатысты доллар бағамы  42-44  рубльге түсіп кетсе ғана алаңдауға болады. Бізде алтын-валюта қоыр жеткілікті. Қолма-қол ақша айырбасы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда 4%-ға қысқарды.   Сондықтан алаңдауға себеп те, негіз де жоқ. Долларға деген қажеттілік байыпты жолмен өтелсе, жұрт сабасына түседі. Ресейге бағытталған санкциядан ешкім алдын-ала сақтана да, сақтандырыла да алмайды. Жалпы алғанда девальвация болады деген әңгіме валюта трейдерлеріне ғана тиімді", – деді Тұңғыш президент қоры жанындағы әлемдік саясат және экономика институтының директоры Сұлтан  Әкімбеков.

Ал қаржыгер Ілияс Исаев бірінші жартыжылдықтың қорытындысына байланысты экономикалық өсім баяулағанын баяндады.

Оның сөзінше, мұнай өндіру 1,6 %-ға, өнеркәсіп өндірісі 1 %-ға, түсті металлургия, мыс өндіру 7 %-ға дейін төмендеген.

"Долларды елге алып келіп жатқан осы экпорттық өнімдер болғандықтан, доллардың түсімі де азайды. Бұл сұраныс пен ұсынысқа әсер етті", – деді қаржыгер.

Сөз арасында ол Ресейдің ЕО елдеріне  деген экспорты 13%-ға ал ЕО-ның Ресейге экспорты 8 %-ға қысқарғанын айтты.

"Бұл тек Ресейдің ғана емес, ЕО елдері экономикасының баяулауына әкеліп соғады. Осының салдарынан ЕО-ның біздің экспортық өнімдерімізге деген сұранысы азаяды", – деді Ілияс Исаев.

Оның ойынша, біз бұрынғы қателігімізді қайталамауымыз керек. "Кезінде біз қоғам мүшелерінің шетел валютасына деген махаббатын шектен шығарып алдық. Резервтік жүйені мұхиттың арғы жағында отырғандар басқаратын халге жеткіздік. Қазір үкімет пен Ұлттық банк долларға деген тәуелдікті азайтудың тетіктерін қарастырып жатыр. Бізбен салыстырғанда бұл тетік Ресейде әлдеқайда мықты. Себебі Ресейдің ақша массасының құрамында долларға тәуелді бірде-бір агрегат жоқ. Біздегі М-1, М-2, М-3 агрегаттарының біреуі де долларсыз тыныс ала алмайды. Үкімет ұлттық экономикамыздың теңгелік сипатын арттырмайынша, біз девальвацияға қатысты дәйекті-дәйексіз ақпараттың қысымынан құтыла алмаймыз", –  деп түйді ойын Ілияс Исаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу