Тимур Құлыбаев: "Азық-түлік импортын алмастыруды экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан қарауға тиіспіз"

2874

ҰКП басшысы импорт үлесінің жоғары болуы азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететінін атап өтті.

Тимур Құлыбаев: "Азық-түлік импортын алмастыруды экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан қарауға тиіспіз"

"Атамекен" Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев агроөнеркәсіп кешені комитетінің жұмыс кеңесінде осындай пікір білдірді.

ҰКП басшысы импорт үлесінің жоғары болуы азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететінін айтты.

"Импорт инфляциясына қатты тап боламыз. Еліміздің нарығына сырттан валютаға әкелінген азық-түліктің бағасы теңге бағамын құбылтып, ол өз кезегінде инфляцияға әсер етеді. Импорталмастырудың әлеуеті зор екенін ескере отырып, еліміздің өндірістік және экономикалық қауіпсіздігі тұрғысынан азық-түліктің отандық өндірісін дамыту қажет", – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Соңғы үш жылдағы статистикалық мәліметтер импорттық тауарлардың үш есе қымбаттағанын көрсетеді, бұл сырттан әкелінетін қант, сары май, ірімшік және т.б.

Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, 2018 жылы импорттың үлесі 3,4 млрд доллардан 3,6 млрд долларға дейін өскен. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар Қазақстан аграрлары ішкі нарыққа отандық сүт және сүт өнімдерін, құс етін, жұмыртқаны жеткізу арқылы импортты жоқ дегенде миллиард долларға төмендете алатынын атап кетті.

Алайда Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің айқын әлеуеті бола тұра бірқатар кедергі де жоқ емес. Мәселен, 2000 жылдың басынан бері енгізілген субсидиялау жүйесі болжанған өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуге көмек болмады. Мұның "сыры" субсидиялардың төмен ынталандырушы екендігінде болып отыр. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды көптеген ірі және орта кәсіпорындар алып отырғанын айтып кету керек. "Атамекен" ҰКП міндеті АӨК комитетінің қолдауымен шағын кәсіпорындар мен кооперативтер үшін бірдей жағдай жасау, ал мемлекеттік қолдау фермерлерді тиімді өндіріс пен жаңа технологияларды енгізуге ынталандыруға тиіс.

"Атамекен" басшысы АӨК елді дамытудың негізгі бағыттарының тізімінде болуға тиіс деп есептейді. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін кадр мәселесінен бастап, субсидиялар, ғылымды АӨК пен ауыл шаруашылығы саласына кіріктіруге дейінгі қолдаудың барлық кешенді шараларын ескерген жөн.

"Ауылдық жерлерде тұратын халықты тұрақты жалақысы бар жыл бойы істейтін жұмыспен қамту қажет, ал бұл Қазақстан халқының тең жартысы. Ауылдық жерде тұратындарды жұмыспен қамту тек ауыл шаруашылығымен ғана байланысты емес, сонымен қатар ШОБ қызметтері, өңдеу, тауарлар мен қызметтерді көрші аудандар мен облыстарға өткізу. Қазіргі жүргізіліп жатқан скрининг саланың негізгі бос жерлері мен жаңа өндіріс пен қызмет саласы үшін мүмкіндіктерді ашады. Бұл жерде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу бойынша кәсіпорын маңызды рөл атқаруы мүмкін. Тірек болатын ауылдарды барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылым – жол, аурухана, мектеп, спорт кешендері және т.б қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізу керек. Ауыл адамдарының қолайлы өмір сүруі және грант бойынша оқыған жас агрономдар, ветеринарлар, инженерлер мен механизаторлар міндетті түрде жұмыс істеуге келу үшін ауылдық жердегі өмір сүру деңгейін арттыру қажет, оларға баспана, орнығуға несие беріп, жағдай жасау керек", – деп ұсыныс жасады ҰКП басшысы.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы бұрынғы аграрлық ғылым тәжірибесін қайта жандандыруды тілге тиек етті. Ғылыми институттар мен ЖОО бола тұра Қазақстан ғылымы тиісті нәтижелерді бере алмай отыр, сондықтан түбегейлі өзгерісті қажет етеді. Ең бірінші мемлекеттік бюджетпен қатар басқа да көздерден қаржыландыру жүргізіп, жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін жаңа технологиялар мен сұрыптарды сынақтан өткізу және бейімдеу жөніндегі тәжірибелі шаруашылықтар жұмысының тиімділігін арттыру керек.

Ауыл шаруашылығы дамыған басқа елдердің тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы болмақ. Мәселен, Қазақстан-Германия іскери кеңесінде астықты терең өңдеуге қатысты жобаларға жұмсауға болатын кредиттік ресурстар бар. Неміс инвестицияларын тарту технологиялар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕО-ға өткізуде озық тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

"Атамекен" ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев АӨК комитетіне қиындық тудырып отырған мәселерді шешуге қатысты барлық ұсыныстарды қауымдастықтармен талқылап, алдағы уақытта өкілетті органдар мен үкімет деңгейінде талқылау үшін шоғырландырылған ұстанымды дайындауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу