Тимур Құлыбаев еңбекақы қорындағы төлемдерді біріктіруді ұсынды

16174

Бұл 2025 жылға қарай 41%-ға дейін өсуі мүмкін салық ауыртпалығын тоқтата тұруға мүмкіндік береді. 

Тимур Құлыбаев еңбекақы қорындағы төлемдерді біріктіруді ұсынды

"Атамекен" ҰКП жұмыс берушілердің еңбекақы қорынан қызметкерлері үшін өтейтін төлемдерін бірыңғай төлем ретінде біріктіру қажет деп есептейді. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Парламент Мәжілісінде депутаттармен кездесуде мәлім етті.

"Бүгінгі күні кәсіпкерлер қызметкерлері үшін ай сайын бес төлем жасауға міндетті. Бұл әр жалақының 31%-ы. Бұл – жеке табыс салығы, зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік салық. Жекелеген аударымдардың біртіндеп ұлғаюына байланысты 2025 жылға дейін еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық 41%-ға дейін өседі. Жұмыс берушілердің іскерлік белсенділігіне кедергі келтіріп, адал бизнеске төлемдер жүктемесін өсіріп жатырмыз. Олардың сұр аймаққа кетіп, жалақыны конвертке салып төлеуіне әсер етеміз", – деді ол.

Тимур Құлыбаев кездесу барысында жұмыс беруді рәсімдеуді ынталандыру, көлеңкелі экономиканы азайту және халықтың нақты табысын арттыру қажеттігін атап өтті. Үкімет алаңында жұмыс тобы еңбекақы қорына әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу тәртібін жеңілдету мәселесі талқылануда.

"Атамекен" палатасы барлық төлемдерді біртіндеп бір төлемге біріктіріп, оның жалпы жүктемесін 30-32% -ға дейін төмендету мүмкіндігін енгізуді ұсынады. Ол үшін мақсатты жарналар мөлшерінің өсуімен қатар әлеуметтік салықты біртіндеп төмендету қажет. Жергілікті бюджеттердің алмаған кірісі экономиканың жасырын аймағынан шығуы арқылы өтеледі. Осылайша, бюджет шығындары өтелетін болады. Екінші жағынан, әлеуметтік зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен бизнесті дамытуға ынталандыруды сақтау арасында тепе-теңдікке қол жеткізіледі",– деді "Атамекен" ҰКП төралқасы төрағасы.

Сондай-ақ қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру керек. Зейнеткерлік кірісті қамтамасыз ету мәселесін тек ынтымақтастық есебінен ғана шешу мүмкін емес. Бұл мәселеде жарналарды аударудың жүйелігі, инвестициялардың тиімділігі және ерікті түрде жинақтауға ынталандыру да маңызды.

Биыл мемлекет басшысы бизнестің өтініші бойынша жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін БЖЗҚ-ға төлейтін 5% міндетті жарнаны 2023 жылға дейін кейінге қалдырды. Бүгінгі күні олар еңбекақы қорына 10% төлейді.

"Өкінішке қарай, азаматтар зейнетақы жүйесіне толық сене бермейді. Жұмыс берушілердің тек 77%-ы ғана өз қызметкерлері үшін зейнетақы жарналарын үнемі аударады. Қалғаны не төлемейді, не тұрақты төлемейді. Әрине, кейбір жинақтардың жеткіліксіздігі проблемасын онсыз да ай сайын аударым жасайтындардың есебінен жабу дұрыс болмас еді. Келесі үш жыл ішінде зейнетақы жүйесіне деген сенімді қалпына келтіру, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге БЖЗҚ-ға төлемдерді тұрақты түрде аударуға ынталандыруды дамыту, салымшылардың зейнетақысын жоспарлауға қызығушылығын арттыру, олардың активтерін басқаруды таңдау құқығын беру үшін көп жұмыс атқару керек", – деді Тимур Құлыбаев.

Зейнетақы жинақтарын бәсекелі ортаға беру, қор нарығының белсенділігін қалпына келтіру үшін де маңызды. Сонымен бірге, басқарудың сапасы мен тиімділігіне бақылауды күшейту қажет.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу