"Атамекен" көлеңкелі экономикаға жол бермейді

5307

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бюджет шығынын  азайтудың құралына айналуға тиіс. 

"Атамекен" көлеңкелі экономикаға жол бермейді

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бизнесті қорғау жөніндегі IV форумға қатысып, еліміздегі қылмыстық және әкімшілік ықпал ету шаралары бизнес құқығын бұзған шенеуніктерді тезге сала алмайтынын айтты. 

"Бизнеске қарсы қылмысты кешенді түрде қайта қарау керек және Қылмыстық кодекстің жеке тарауы ретінде топтастыру қажет деп санаймыз. Бизнес ертеңгі күніне сеніммен қарауы керек. Оның жекеменшігіне қол сұғылмауға тиіс. Бұл істе сот билігі мен судьялар ерекше рөл атқарады", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда бизнес өкілдері барлық инстанцияларға, оның ішінде қоғамдық институттарға шағымдануға мәжбүр. 2018 жылы бизнес тарапынан 50 мыңнан астам шағым түскен. Нәтижесінде 61 лауазымды тұлға ғана тәртіптік жауапкершілік қолданылған. 

Төралқа төрағасының пікірінше, Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мемлекеттік сатып алудың бір түріне айналып кеткен.

"Бұл жабық бюджеттік қаржыландыру. 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылатын жергілікті жерлердегі құрылысқа қатысты бюджеттік инвестициялық жобалардың құны 730 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте құрылысты қаржыландырудың тиімді тетіктері мен  бірыңғай әдістемелік базасын анықтап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің типтік жобаларын бекіту қажет. Сонымен қатар типтік инвесторлық шешімдерге назар аударылып, құрылысқа жауаптыларға кәсіби талап қойылуы тиіс", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның айтуынша, басқа елдерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы 1 долларға жекеменшіктен 3 доллар тартылады. 

"Бізде, өкінішке қарай, 1,5 долларға 1 доллар тартылады. Бұл жағдайды дұрыстаумыз керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бюджет шығынын  азайтудың құралына айналуға тиіс", – деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы.

Тимур Құлыбаевтың сөзінше, елімізде жер аукционының әлеуеті тиісінше қолданылмайды. 

"2018 жылғы ақпараттарды жинадық. Жер телімдеріне 17 100 рұқсат берілген. Бұл шамамен 200-250 гектар жер және соның небәрі 1 100 учаскесі ғана жер аукционы арқылы бөлінген. Біз мұнан мемлекет кірісін арттырудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Мәселен, Алматы қаласында жер телімінің  бастапқы құны аукцион барысында 88 есеге дейін қымбаттаған. Аукцион арқылы өткен кездегі бюджеттің әлеуеті 270 млрд теңгеден асып жығылады. Осы қаражаттың барлығын халықтың аз қамтылған тобына, жалақыны көтеруге жұмсауға болар еді", – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасы елімізде әртүрлі бес төлем бар екенін айтты. 

"Осылардың барлығын біріктіріп, еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақты азайтуымыз керек. Себебі бұған дейін зейнетақы жарналарын есепке ала отырып қабылданған шешім шығын көлемін 38%-ға ұлғайтуы мүмкін. Салдарынан адамдар көлеңкелі айналымға бет бұрады. Біз осыған жол бермеуді ұсынамыз", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның сөзінше, алдағы 3 жылда шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған кезде адамдардың салық есебін жүргізуге және салық төлеу дағдысын қалыптастыру қажет.

"Біз микро және шағын бизнес туралы сөз қозғап, еңбекақы төлеу қорына түсетін бірыңғай салық жүктемесін 20%-дан асырмау бастамасын көтеріп отырмыз", – деді Тимур Құлыбаев.

Бұдан кейін ол соңғы жылдары бизнеске көрсетілген қысым 3,5 есе азайғанын айтты. 

"Бақылау қызметі 20%-ға, тексеру 30%-ға, ал экономика саласындағы қылмыстық істердің тіркелуі 5 есеге азайды. Тексеру мерзімі 30 күннен 15 күнге қысқарды", – деді Тимур Құлыбаев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу