"Мал экспорттап, дайын ет өнімдерін сатып аламыз"

7193

Еліміздегі ет өңдеуші 15 кәсіпорын 45%-ға ғана жұмыс істеп тұр. 

"Мал экспорттап, дайын ет өнімдерін сатып аламыз"

Жаңа құрылған кеңес өңдеу және аграрлық өнеркәсіп саласындағы табысты кәсіпорындардың тәжірибесін зерттеп, Үкіметке импортты алмастыру жөнінде тиімді ұсыныстар әзірлейді. Бұл туралы "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

"Қазір қоғамда, сарапшылар арасында ел экономикасын, отандық кәсіпорындардың деңгейін өсіру жолдары жиі талқылануда. Жұмыспен қамту, жалақыны өсіру мәселесі өзекті болып тұр. Мұғалімдер, дәрігерлер сияқты бюджет саласында жұмыс істейтін мамандардың жалақысы көтерілуде. Бұл, әрине, жақсы жаңалық. Дегенмен барлық жұмыс істейтін адамның 20%-ы ғана бюджет саласында еңбек етуде. Ал қалғаны өндіріс саласында үлкенді-кішілі кәсіпорындарда жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз – өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Ол үшін өндірістегі кәсіпкерге тапсырыс керек. Кейбір экономист-сарапшылар қазіргі заманда жаһандану үдерісі белең алып келе жатқанын алға тартады. Алайда соңғы жылдары АҚШ президенті Дональд Трамптың жүргізіп отырған экономикалық саясатына байланысты "трампономика" деген термин пайда болды. Трамп сайлауалды бағдарламасында АҚШ экономикасын барынша қорғаймын деген еді. Қазір олар протекциялық саясат жүргізіп, өндірісті өз елдеріне қайтарып жатыр. Америка билігі өздерінің өндірісшілерін барынша қолдап қорғауда. Бізге де отандық тауар өндірушілерге деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. "Атамекен" басшылығы екі жылдан бері осы мәселені көтеріп жүр", – деді ол.

Сондай-ақ ҰКП Басқарма Төрағасы дайын өнім өндіруді қолға алу қажеттігіне айырықша тоқталды.

"Шикізат саласы бәрімізге түсінікті. Ал бізге қазір өңдеу саласын дамыту керек. Шикізаттық емес сектордың үлесі ішкі жалпы өнімде 11% ғана. Қазір біздің өндірісшілер өз мүмкіндігінің 45-55%-ын ғана пайдалануда. Яғни, сұраныстың аздығынан олар өндірісін, технологияларын жаңартып, жұмысшылардың жалақысын өсіре алмай отыр. Сол себепті біз Үкіметпен кездесіп, пікір алмасып тұратын боламыз. Өткен жылы желтоқсан айында Премьер-Министр Асқар Маминнің шешімімен әрі төрағалығымен импорт алмасу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде, Импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрдық. Өзі бастамашы болғаннан кейін, осы кеңестің төрағасы ретінде "Alageum Electric" Компаниялар тобы бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаевты ұсындым", – деді ол.

Сайдулла Қожабаев өз кезегінде Кеңеске белсенді кәсіпкерлер кіретінін айтты.

"Кеңес кәсіпкерлерге импортты алмастыру бойынша инвестициялық жобалар құруға және іске асыруға көмек береді. Ұлттық палата бизнеспен бірлесе отырып негізгі талаптарды әзірлейді. Шикізаттың болуын, Қазақстан нарығында, сондай-ақ реттелетін сатып алуларда сұраныстың болуын және өндірістік технологияның қолжетімділігін назарға ала отырып, 362 әлеуетті тауарлар тобы әзірленді. Сонымен қатар, экспорттық әлеуеті ретінде ЕАЭО нарығындағы сұранысты қамтамасыз ету жолдары қарастырылады. "Атамекен" ҰКП салалар бойынша тауар импорты жайында жақсы талдама жасаған. Біз де осы қызметті пайдаланып тұрамыз. Мысалы, елімізге 589 млн теңгеге азық-түлік өнімдері импортталады. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын 412 млн теңгеге әкелеміз. Ағаш өңдеуді алсақ, импорт көлемі 145 млрд теңге. Өкінішке қарай, біздегі импорт 97% болып тұр", – деді ол.

Айта кету керек, 2016 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібі тауарларының импорт көлемі 36%-ға өсіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 30 млрд АҚШ долларын құраған. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, тауар нарығында 2018 жылы құс етінің импорт көлемі – 50%-ға артқан, ет консервілері – 32%, шұжық – 40%, көкөніс консервілері – 72%, өсімдік майы – 30%, кептірілген нан және печенье – 39%, макарон – 15%, қант – 55%, кондитерлік өнімдер – 49%, ашытқы импорты – 57%-ға артқан. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының басым бөлігінің импорттық үлесі 90%-дан асады.

Абылай Мырзахметов елімізге декларацияның дұрыс еместігінен тарифтік төлемдерді төмендетумен әкелінетін тауарларға тоқталды.

"Контрафакты жабу керек. Халыққа арзан көлік керек екенін түсінеміз. Сол себепті, Үкімет автокөлік несиелеу бағдарламасын қабылдауда. Әрине, отандық өндірісшілерге қолдау көрсеткен кезде, халық зардап шекпеуі керек. Бұл бағдарламаға қандай да бір кәсіпорын кірсе, ол мойнына жауапкершілік алады. Мемлекеттің қаржысы қайда кетіп жатқанын, бір жылдан кейін, екі жылдан кейін қандай нәтижеге жететінімізді қоғам біліп отыруы керек. Ол көліктер арзанырақ, жаңарақ, қауіпсізірек болғанын халық көруі тиіс", – деді ол.

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы импорт-экспорт мәселесіндегі кейбір түйткілдерге де тоқталып өтті.

"Өткен жылы елімізден 156 мың ірі қара мал экспортқа кетті. 260 мың ұсақ мал жөнелттік. Экспортқа тірі мал шығардық. Оның 80%-ы Өзбекстанға кетті. Еліміздегі ет өңдеуші 15 кәсіпорын 45%-ға ғана жұмыс істеп тұрғанда, біз Өзбекстанның шикізат шылауына айналып отырмыз. Мал өсіруге арналған субсидияларды сол үшін бердік пе? Ал Өзбекстаннан шұжық, ет консервілері тәрізді дайын ет өнімдерін сатып аламыз. Оғаш жағдай, солай емес пе? Зерттей келе, Өзбекстан 150-200 теңге көбірек төлейтінін анықтадық. Олай болса, мал өсірушілерді ынталандыру керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігімен келістік. Импортты алмастырудағы басты көрсеткіш – жоғары сапа мен төмен баға", – деді Абылай Мырзахметов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу