Тимур Құлыбаев: "Темір жол тарифтері – "Атамекен" назарында"

5397

Тариф шығын әкелмеуге және ашық болуға тиіс.

Тимур Құлыбаев: "Темір жол тарифтері – "Атамекен" назарында"

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев пен логистика мен тасымалдау комитетінің басшысы Сауат Мыңбаев жұмыс кеңесі барысында еліміздің көлік жүйесінің даму мәселесін талқылады.

Комитет мәліметі бойынша, көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 2018 жылдың қорытындысы бойынша 5%-ға өсіп, 4 млрд тоннадан асқан. Жүк айналымы 7,3%-ға артып, бір шақырымға 596 млрд тоннаға жеткен. Көлік қызметінен түскен кіріс 16,5%-ға өсіп, 2,8 трлн теңге болған. ІЖӨ-дегі көліктің меншікті үлесі 8%-ды құраған.

ҰКП басшысы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тәсілдерін "Атамекен" жанындағы тарифтер жөніндегі кеңестің алаңында ірі жүк тасымалдаушылардың қатысуымен талқылауды ұсынды.

Тимур Құлыбаев тарифтер шығын әкелмеуге тиіс, сонымен қатар оның неден қалыптасып отырғаны жайлы түсінік, яғни ашықтық қажет екеніне тоқталды.

Сауат Мыңбаевтың айтуынша, жүк тасымалдау нарығын дамыту тұрғысынан қазіргі уақытта пилоттық жоба жүзеге асырылып, жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желілеріне қол жеткізуі үшін нақты тәсіл қалыптастырылуда.

"Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы жолаушылар автокөлігі тасымалдауды дамыту мәселесін қозғады. Оның айтуынша, 2018-2020 жылдар аралығында жолаушыларды автобуспен тасымалдауды дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыру қарқынына өңірлік деңгейде басымдық беру қажет.

Өздеріңіз білетіндей, бұл құжат тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауға, отандық автокөлік өнеркәсібінің қатысуымен автобус паркін жаңартуға, заңсыз тасымалдауға қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталған.

"Аталған мәселені бақылауда ұстап, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жолаушылар тасымалын дамытуға қатысты жағдайды жақсарту керек", – деді Тимур Құлыбаев.

Кездесу барысында ЕАЭО аясында қазақстандық бизнестің көлік саласындағы мүдделерін қорғау, үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын және ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібін іске асыру мәселелері талқыланды.

Автокөлік, әуе және су көлігі мәселелері жеке қаралды. Атап айтар болсақ, Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін, кеме қатынасын дамыту және МДП-TIR мәселелері қаралды.

Комитет биылғы жылға әкімшілік кедергілерді және салықтық жүктемелерді төмендету, көлік саласында бәсекелестікті дамыту және LPI- логистикасының тиімділік индексі көрсеткішін жақсарту міндеттерін қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу