ТҚЖБ "Нұрлы жер" бағдарламасына 24 млрд теңге алады

5812

Қаражат 5%-дық жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй қарызын беруге бағытталады.  

ТҚЖБ "Нұрлы жер" бағдарламасына 24 млрд теңге алады

2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне "Нұрлы жер" тұрғын үй-құрылыс бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру үшін 24 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Астанада "Бәйтерек" холдингінің басшысы Айдар Әріпхановтың төрағалығымен өткен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ директорлар кеңесінің отырысында айтылды.

"Нұрлы жер" бағдарламасы банкке жыл сайын бюджеттік несие түрінде 24 млрд теңге қаражат бөлуді қарастырады. Бұл қаражатқа банк салымшылары 5%-дық жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша алдын ала және аралық тұрғын үй қарызын  ала алады. Ол үшін ТҚЖБ шотында кем дегенде бастапқы жарнаның 30%-ы болу керек", – деп хабарлады банктің баспасөз-қызметі.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекеттен бөлінген қаржаттың 30 млрд теңгесін игерген. Бұл қаражатқа 3488 қазақстандық отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша баспана алған.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ – тұрғын үй құрылыс жинағын іске асыратын мемлекеттік банк. Қаржылық институт Еуропалық құрылыс жинақ кассасы федерациясы мен тұрғын үйді қаржыландыру халықаралық одағының құрамына кірген. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – "Бәйтерек" Ұлттық басқару холдингі" АҚ.

Аbctv. kz хабарлағандай, 2018 жылдың соңына дейін ТҚЖБ жекешелендіру жоспарланып отыр. Ықтимал инвестор ретінде Азия даму банкі және Central Global Group аталған болатын.
Бұдан бұрын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова 2017 жылы мемлекеттік банк депозиттік шоттардың өсуі бойынша рекорд жасағанын айтқан.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу