Төмен тарифті әуе тасымалдаушы FlyArystan брендін ілгерілететін болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3472

Қазақстан отандық қана емес, халықаралық бюджеттік әуе тасымалы нарығын игеруге де салмақты қадам жасамақ.  

Төмен тарифті әуе тасымалдаушы FlyArystan брендін ілгерілететін болды

Ел басшылығы бастамасымен үкімет қолға алған жұмыстарға талдау жүргізген сарапшылар осындай байлам жасап отыр.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, Air Astana құрылымында және соның бақылауымен құрылатын жаңа бюджеттік авиакомпанияның қызметі екі есе арзан болмақ.

"Біздің есептеуімізше, билет құны басқалармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен болады. Мысалға, айталық, Air Astana деректері бойынша "Астана – Алматы" бағытындағы орташа баға қазіргі кезде 32-34 мың теңге тұрады екен. Ал жаңа бюджеттік авиакомпанияда билет құны шамамен 16-18 мың теңге ғана болуға тиіс", – деді ол.

Министр жаңа әуе тасымалдаушысы алдағы 2019 жылдың мамыр айынан бастап жұмысқа кірісіп кететінін хабарлады.

"Біз жарты жыл уақыт ішінде бұл компанияны құрып шығуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, келесі жылы Қазақстан шамамен 8 жаңа ұшақ сатып алады. Олардың үлкен бөлігі жаңа әуе компаниясына қызмет етуге жолданады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол билет бағасын ненің есебінен арзандату көзделіп отырғанын да түсіндіре кетті. Мәселен, оның ірі емес ұшақтарында орындар автобустағы сияқты бір-біріне жақын, тығыз орналастырылады. Бұл Low Cost тәжірибесінде кең таралған жайт: ол әуе көлігі салонындағы алаңды үнемді әрі ұтымды пайдалану үшін жасалады. Демек, арзан бағаға жетуді емес, жайлы сапарды таңдайтындар, аяқ жазып, еркін отырғысы келетіндер бағасы қымбатырақ, бірақ қолайлы ұшуды қамтамасыз ететін әуе тасымалдаушыларына жүгінеді.     

"Компания ұшақтарында жолаушыларға арналған орындар саны аз болады. Креслолар арасы тар болады. Жолаушылардың жүк көлігі басқасымен, жеке жеткізіледі. Егер жол-жөнекей тамақ ішкіңіз келсе, немесе жүк көлігіңізді өзіңізбен бірге алып жүргіңіз келсе, қосымша төлейсіз", – деп санамалады министр.  

"Бұл жақсы, қалыпты тәжірибе. Бүгінде Lufthansa, British Airways, "Аэрофлот" және басқа да көптеген ірі әуе компаниялары өз жанында осындай бюджеттік бөлімшелерге ие. Біз оны жарты жыл ішінде құрып аламыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрлігі бюджеттік әуе тасымалдаушыны құруға бюджеттен ешқандай шығын шығарылмайтынын мәлім етті. Бұған инвесторлар қаражаты көзделеді. Бұл ретте лоукостер билетін арзандату үшін бюджеттен ешқандай субсидия қарастырылмаған көрінеді.

Мемлекет басшысы "Эйр Астана" компаниясының базасында төмендетілген тариф бойынша көлік қызметін көрсететін бюджеттік әуе компаниясын құруды таяуда, 2 қараша инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекпен, "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эванспен және "Эйр Астана" әуе компаниясының президенті Питер Фостермен кездесуі кезінде тапсырған болатын. Елбасының айтуынша, бұл әуе тасымалы қызметінің халыққа қолжетімділігін арттыру үшін қажет.

Қазақстандық лоукостердің атауы да белгілі болды. Air Astana баспасөз қызметі журналистерге өздерінің жаңа еншілес бөлімшесінің қызықты атау алғанын хабарлады.

Сонымен, тарифі төмен әуе тасымалдаушы FlyArystan брендін иеленді.

"Ұлттық лоукостердің пайда болуы авиацияны және еліміздің ішкі туризмін дамытуға бағытталған стратегиялық қадамға айналады", – деген түсініктеме берді "Эйр Астана".

Жаңа компанияны құру туралы шешімді "Эйр Астана" директорлар кеңесі бекітіпті.

Сонымен бірге, сарапшылар еліміздің тек отандық қана емес, халықаралық лоукостерлер нарығын игеру перспективасы барлығын атап өтеді.

"Негізі, ТМД көлемінде лоукостерлер нарығы бос тұр десек те болады. Ресейлік бюджеттік тасымалдаушылар бірінен соң бірі Батыс санкцияларына ілігіп, "қанаттары" қырқылды. Бұл жерде елімізге тек Украина ғана бәсекелестік құрауы ықтимал. Оның өзінде Украинаға келген Wizz Air лоукостері қазір тек Германияға ұшады. Рас, келешекте ол Еуропа елдеріне де бағдарланғалы отыр. Әйткенмен, посткеңестік кеңістіктегі Қазақстанның орны ерекше. Мысалы, қытайларға Батысқа және басқа бағыттарға біз арқылы сапарлау ұнай бастады. Көрші Ресей азаматтарының да еліміз арқылы транзитінің көлемі артуда. Жаңа бюджеттік әуе компаниясы халықаралық рейстерді жолға қойып жатса, Қазақстан аймақтағы осы нарықтың көшбасшысына айналуы ғажап емес", – дейді сала маманы Ринат Еркенаев.

Сарапшылар бұл нарықтың дамытуды және тиісінше, жаңа ойыншыларды қажет ететінін айтады. Мәселен, Еуропадағы жолаушылар ағынында лоукостерлер 38%-дық үлеске ие. Солтүстік Америкада бұл көрсеткіш 30%ды, Оңтүстік Америка елдерінде 27%-ды, Азияда 17%-ды, Африкада 9%-ды құрайды. ТМД нарығы жаңа-жаңа көтерілуде. Бұл істің басынан алда Қазақстан да табылуы мүмкін.

Мәселен, ANNA.AERO компаниясы жүргізген маркетингтік зерттеулер көрсеткендей, Өзбекстан – лоукостерлерді нарыққа жіберу және қызметін тұтыну бойынша Азиядағы аутсайдерлердің бірі ретінде танылды. Лоукостерлер қызметіне тасымалдың небары 0,1%-ы ғана келеді екен. Бұл көрсеткіш бойынша өзбектерден төмен тек Солтүстік Корея, Бутан және Кокос аралдары тұр.

Бүгінде жалғыз Air Manas лоукостері қана Ташкент пен Бішкек арасында аптасына екі рет сапарлайды.

Дегенмен, қазір Өзбекстан экономикасы қуатты серпінмен дамуға бет алды. Бұл көліктің өзге түрлерімен қатар бюджеттік әуе тасымалының да өрлеуіне жол ашпақ. Сондықтан "Узбекистон хаво йуллари" бүгінде төл лоукостерін құруға ден қойды. Компания бұл үшін еншілес ұйымын құратынын мәлім етті. Оған қатысты тиісті ұсыныстар биылғы мамыр айына дейін енгізілуге тиіс болған. Бірақ әзірге қандай да бір ұсыныстар туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Айтқандай, әлгі зерттеуде Қазақстан мен Түркіменстан 2% көрсеткішімен қатар орналасқан. Бізден жоғары Тәжікстан (2,3%) және Моңғолия (2,5%) орын тепті.

Қазақстандық лоукостердің болашақта Орталық Азия нарығына енуге мүмкіндігі бар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу