Төтенше жағдай: Дәурен Абаевтың 1 сәуірдегі ахуал туралы мәліметі

2397

 Коронавируспен күреске 23 млрд теңгеден астам қаржы кеткен. 

Төтенше жағдай: Дәурен Абаевтың 1 сәуірдегі ахуал туралы мәліметі

Бүгінге дейін Үкімет резерві коронавируспен күреске 3 траншпен 23 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Ал көмекке мұқтаж тұрғындарға көмек көрсету үшін құрылған Birgemiz қорына халық 13 млрд теңге аударған. Кезекті онлайн-брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы мәліметтер төңірегінде әңгіме өрбітті.

Дәурен Абаевтың айтуынша, карантиндік шектеулерді тоқтатуға әлі ерте

"Қазір карантинді ұзарту туралы айту ерте. Ешкім 2 апта бұрын эпидемиялық жағдайдың қалай болатынын нақты айта алмайды. Бірақ біз барлығына дайын болуымыз керек. Кеше айтылған барлық шара – жағдай күрделеніп кетсе де, тыныштық пен тұрақтылықты сақтау кепілі. Ол үшін бізде қажетті шарттардың барлығы жасалған. Мемлекет басшысы тапсырмасының нақты жұмыс жоспары және Ұлттық қордан жиналған қаражат бар", – деді министр. 

Ведомство басшысы төтенше жағдай кезінде "Даму" қоры арқылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға  берілген өтініштер қысқа мерзімде қаралатынын жеткізді.

"Қазіргі таңда "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қоры жобаларды қараудың оңтайландырылған форматына көшіп жатыр. Шешімдер жеке-жеке емес, бір уақытта қабылданады. Бұл бағыт бойынша 30 сәуірге дейін 3,5 млрд теңгенің 71 жобасы қолдау таппақ. Сондай-ақ, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 5 күннен бір күнге қысқарту шешімі қаралуда. Қазірдің өзінде 56 млрд теңгенің 250 жобасы мақұлданды. Ал кепілдендіру құралын өзгерту мерзімі 6 сағатқа қысқартылды. Бұл бағытта қор 37 жобаны мақұлдады", – деді Дәурен Абаев. 

Әлеуметтің әлсіз топтары мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ресми тіркелген жұмыссыздар несиесін 3 айға шегерту үшін банктерге өтініш жазбаса да болады. Онлайн-брифинг арсында осындай мәлімет те айтылды.

"Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің қаулысы күшіне енгенін тағы да атап өткіміз келеді. Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін банк және микрокредит төлемдерінің мерзімі 3 айға шегерілді. Бұл ретте айыппұл мен өсім болмайды. Бұл шегеру халықтың әлеуметтік осал топтарына, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, ресми тіркелген жұмыссыздарға беріледі. Оған ешқандай тексеру жүргізу, дәлелдеу немесе өтініш  берудің керегі жоқ. Сонымен қатар, осындай көмек төтенше жағдай салдарынан табысынан айрылған кәсіпкерлерге де көрсетіледі", – деді ведомство басшысы кезекті тікелей эфирде. 

Министрдің сөзіне сенсек, Birgemiz қорынан көмек алатын адамдардың тізімі жасалып жатыр. 

"Бүгінде Birgemiz қорына 13 млрд теңге түсті. Қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық өңірде қордың өкілдіктері ашылды. Сонымен бірге қордың сайты да іске қосылды. Ол жерде келіп түскен қаражат пен шығындар жарияланады. Тіпті түбіртектерге дейін көрсетіледі. Қазір әр өңірде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалып жатыр. Олардың бәрі жақын уақытта қордан көмек алады", – деді министр. 
Тікеле эфир үстінде Дәурен Абаев коронавируспен күреске Үкімет резервінен қанша қаржы жұмсалғанын айтты.  

"Коронавируспен қарсы күреске тікелей бөлінген қаржы туралы көп сауалдар түсіп жатыр. Бұл жерде дағдарысқа қарсы шаралар туралы айтып отырған жоқпын. Коронавируспен күреске  Үкіметтік резрвтен үш рет ақша бөлінді. Бірінші траншпен 29 қаңтарда 1 млрд 609 млн теңге бөлінген. 21 ақпанда коронавируспен күреске  қосымша 428 млн 227 мың теңге бөлінді. Үшінші рет 25 наурыз күні 20 млрд 430 млн 635 мың теңге бөлді. Бұл қаражат дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен зертханалық қондырғылар алуға, маска, қолғап, қорғаныс костюмдері мен тест-жүйелерін сатып алуға жұмсалды. Сондай-ақ, шұғыл медицинаны ұлттық үйлестіру орталығына азаматтарды эвакуациялауға, мамандарды жабдықтауға, залалсыздандыру құралдарын алуға берілді", – деп түйіндеді ол. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу