Төтенше жағдай кезінде бизнеске қолдау көрсету тетіктері қарастырылуда

5679

Абылай Мырзахметов "АТАМЕКЕН БИЗНЕС" эфирінде кәсіпкерлердің ахуалы жайлы айтты. 

Төтенше жағдай кезінде бизнеске қолдау көрсету тетіктері қарастырылуда Фото: Мария Матвиенко

Әлемдік экономиканың құлдырауына және коронавирустің таралуына байланысты қазіргі кезде бизнес те, қоғам да, билік те жапа шегуде. Мемлекет өз тарапынан халыққа қол ұшын беруге, кәсіпкерлерді қолдауға, індеттің алдын алуға әртүрлі шаралар ұйымдастырып, шешімдер қабылдап жатыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да атсалысуда.

Бұл туралы "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов "АТАМЕКЕН БИЗНЕС" арнасының "Сұхбат" бағдарламасында сөз етті.

Елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты бүгінгі күні бизнес қиын жағдайды бастан кешіп жатқандықтан, "Атамекен" ҰКП мәселені терең түсіну үшін бизнес өкілдері арасында сауалнама жүргізуде.

"Ұсыныстарды жұмаға дейін әзірлейміз. Үш күн уақыт бар. Үкіметке жасаған ұсыныстарымыз туралы айта кетейін. Біз штаб құрдық. Штабқа күніне мыңдаған адам жүгінеді. 1432 нөмірінде Call-орталық қызмет етеді. Хабарласқандар екі түрлі сауалнама толтырады. Бірі – ірі және орта кәсіпорындарға арналған тереңдетілген сауалнама. Екіншісі – шағын бизнеске арналған. Үш күн ішінде хабарласқан 4 мыңнан астам адамның 85%-ы шағын бизнес өкілдері. Бізге жүгінгендердің 90%-ға жуығы елге қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Олардың 20%-ы сауда-саттық, ал қалған 60%-дан астамы туризм, жол көлігі қызметі мен қоғамдық тамақтандыру саласы", – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы елдегі экономикалық мәселелердің ерекшелігін тілге тиек етті.

"Айта кету керек, еліміз ерекше жағдайға тап болып отыр. Бізге тек коронавирус пен әлемдік экономиканың құлдырауы ғана емес, еліміздің негізгі табыс көзі саналатын мұнай бағасының төмендеуі де қабаттаса келді. Экспорттық табыс төмендеуде, валюта бағамына сәйкес, бюджетке де түзету енгізу керек. Қазір бизнес, қоғам, үкімет болып бірлесе әрекет етуге тиіспіз. Билікке мін тағу әрине жеңіл. Алайда олар қолдан келген көмегін жылдам әрі ашық көрсетіп жатыр. Ең бастысы, билік кез келген мәселені талқылауға дайын", – деді ол.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Ұлттық банк базалық мөлшерлемесін 12%-ға көтеруін қолдамайтыны айтты.

"Қазір тығырықтан шығудың дайын тәсілі жоқ. Проблемалар жаңа ғана басталды. Жағдай бұдан да нашарлап кетуі мүмкін. Үкімет қабылдаған бизнесті қолдау шаралары 2-3 аптаға арналған. Кейбіреуі одан кейін де қалады. Мемлекеттік бағдарламалардың мөлшерлемесін көтермеуі – өте дұрыс шешім. Алайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемесін тым көтеріп жіберді. Сол себепті кредиттік ресурстардың бәрі қымбаттап кетті. Бұл туралы әріптестерім, сарапшылар, әлеуметтік желіде бәрі айтуда. Менің ойымша да бұл дұрыс емес, тиімсіз шара. Классикалық үлгіде экономикалық шығындарға ұшырамас үшін осылай істей аламыз. Дегенмен басқа мемлекеттерге қараңызшы, Америкадан бастап пайыздық мөлшерлемені нөлге теңестірді. Ресейде бұрынғыдай – 6%-дан сәл асады. Бұл қателікті түзетуге тиіс", – деп кесіп айтты ол.

Ұлттық палата сауалнамасы деректеріне қарағанда, кәсіпкерлер несие міндеттемелерін кейінге қалдыруды қалайды.

"Өтініш берушілердің 30%-ы несиелерін кейінге қалдыру мәселесін көтерді. Өйткені табысы төмендеп, үй-жайлары мен кәсіпорындары карантинге ұшыраған кезде автоматты түрде туындайтын бірінші сұрақ – несиені не істеймін?", – деді ҰКП басшысы.

Оның айтуынша, бұл мәселе жайлы қазір келіссөздер жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлерге алған тұтыну несиелері үшін демалыс беру туралы шешім қабылданғаны белгілі.  Демалыс кезінде пайыздар мен өсімпұлдар есептелмейді.

Өндірушілер "Қарапайым заттар экономикасы" жеңілдетілген несие бағдарламасына көбірек сенім артуға мәжбүр. Осыған байланысты, ҰКП кәсіпорындарды айналым капиталын толығымен инвестициялауға алынған қаражатпен қамтамасыз етуді ұсынды. Қазір бұл мәселе Ұлттық банкпен және Үкіметпен талқылануда.

"Ең бастысы істеп тұрған кәсіпорындарды сақтап қалуымыз керек. Ұлттық Банк бізді тек "азық-түлік өнеркәсібі" тұрғысынан, ал үкімет тұтастай қолдады. Жаңа жылдың алдында азық-түлік саласындағы қаражатты 100% айналымға салуға болады деген шешім қабылдаған едік. Ал қазір барлық 600 млрд теңгені  өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында айналым болуы үшін таратуды айтып отырмыз. Кім 50/50 тәсілімен жұмыс істегісі келсе, кедергі келтірмеуіміз керек. Бірақ қазір істеп тұрған кәсіпорындарға арзан "айналым қаражаты" ауадай қажет. Бұл өте маңызды мәселе", – деді Абылай Мырзахметов.

Сондай-ақ, бизнес қазір жұмыс күшін сақтап қалу мәселесіне тап болады. ҰКП айтуынша, кәсіпкерлерге жалақы үшін өтемақы төлеу тетігін енгізу керек.

"Кәсіпкер өзінің қызметкерлерін екі-үш ай бойы ұстап тұруы үшін жалақының бір бөлігін төлеуге жәрдемдесу керек. Егер қызметкер 42 мың теңге, яғни ең төменгі жалақы алса да, ол осы компанияда әлі де жұмыс істейтінін түсініп, кейін қайта орала алады. Өтемақы төлемдері – талқылауды қажет ететін тақырып", – екенін ескертті ҰКП басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа COVID-19 коронавирус диагнозы тіркелуіне байланысты елімізде 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай енгізілді. Оқушылар ерте демалысқа шығып, студенттер қашықтан оқытуға жіберілді. Ірі сауда орындарының жұмысы шектелді. Сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер мен адам көп жиналатын басқа да нысандардың қызметі уақытша тоқтатылды.

Дәл осы күні теңгенің долларға шаққандағы көрсеткіші 7,2%-ға әлсіреп, тарихтағы ең төмен деңгейге жетті. 17 наурыздағы ресми бағам бойынша, 1 долларға 434,59 теңге келеді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу