Трансұлттық төлем жүйесіне тәуелдіміз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4951

Қазақстан "Visa", "MasterCard" сынды халықаралық төлем жүйелеріне жүгінетіндіктен төлем транзакциясынан түсетін табыстың бір бөлігінен қағылып отыр. 

Трансұлттық төлем жүйесіне тәуелдіміз

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесі кез келген мемлекеттің  ұлттық экономикасын нығайтады. Себебі төлем жасаудың дәл осы түрі заңсыз ақша айналымының тамырына балта шабады.

Moody's халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеуінше, түрлі төлемдердің транзакциясын дебеттік және несиелік төлем карталарымен жүзеге асыру арқылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көрсеткішін 210 млн долларға жеткізуге болады.

Агенттіктің мәліметінше, электронды төлем дамыған һәм дамушы мемлекеттердің экономикасына бірдей әсер етеді. Төлем жасаудың дәл осы түрі ұлттық экономиканы тек алға жетелейді.  

Айта кетейік, алыс-берісті банк карточкасымен жасау кәсіпкерлер үшін де тиімді. Біріншіден, олар уақыттан  ұтылмайды, екіншіден, қомақты қаржымен жұмыс істейді, үшіншіден, шекаралық шектеуден, яғни қашықтықтан  қиындық көрмейді.

Биыл қолма-қол ақшасыз есептесудің көрсеткіші 71%-ға өсіп, бір трлн теңгені құрады. Нәтижесінде ел экономикасында 1,2 трлн теңге пайдаланылды.  

Бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін жетілдіру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саладағы технологияның алға жылжығаны соншалық, адамдар қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды портативті құрылғылармен ғана емес, смартфонмен де  атқаратын болды. Мұны аз десеңіз қазір электронды саудаға басымдық беріліп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесіне QR-код енгізіліп жатыр. Осының барлығы дәстүрлі төлем жасау жүйесін бірте-бірте ығыстырып келеді.

"Visa" компаниясының Орталық Азия аумағы бойынша бас менеджері Ғалым Табылдиевтің мәлімдеуінше, Астана мен Алматыда QR-код арқылы төлем қабылданып жатыр. Сынақ сәтті өтсе, жоба еліміздің барлық аймағына таралады.

"M-VISA технологиясы электронды төлем жүргізу саласының жаңа дәуірі болып табылады. Бұл жүйені енгізуде Қазақстан алғашқы елдердің бірі ретінде таңдалды. Ол QR-кодтың көмегімен электрондық төлем жүргізуді көздейді. Біз POS-терминал  енгізуде үлкен қиындықтарға тап болдық. Оның құны да қымбат болды. Бір жағынан бұл қадамға сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының қалтасына салмақ салмау үшін барып отырмыз. QR-кодты кез келген тасымалдаушыға – жейдеге, қағазға және өзге заттарға түсіруге, сол арқылы мобильді телефон не картаның көмегімен операцияларды іске асыруға болады", – деді Ғалым Табылдиев.

Заман талабына сай тренд болса да қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесінде де кемшілік бар. Транзакцияның бұл түрі банк арқылы атқарылатындықтан, оған үнемі киберқауіп төніп тұрады. Банктің мәліметтер  базасы әрдайым хакерлердің назарында болады. Технологияның тілін жетік меңгерген "сұғанақ қолдар" банктің серверін бұзып, клиенттерге қатысты ақпаратты алғысы және сол арқылы төлем карточкаларындағы  ақшаны үптеп кеткісі келіп тұрады. Бұған алысқа ұзамай-ақ өткен аптада отандық банктерге жасалған хакерлік шабуылды мысалға келтірсек жеткілікті деп ойлаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, ҰҚК мемлекеттік техникалық қызметінің төрағасы Евгений Емельянов осыған дейін еліміздегі 6 банк интернет-алаяқтықпен бетпе-бет келгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, абырой боғанда барлық банк хакерлік шабуылға төтеп берген және бірде-бір тиынынан шашау шығармаған.

Ел азаматтарының дені оның ішінде сіз де, біз де Американың "Visa" немесе "Mastercard" трансұлттық  төлем жүйелерінің карточкаларын пайдаланамыз. Себебі бұл карточкалар қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың ыңғайлы әрі тиімді құралы болып табылады.

Жыл басынан бері "Visa" және "MasterCard" төлем құралдары арқылы қазақстандықтар 5,5 трлн теңге жұмсаған. Қолданылған қаражаттың 4,2 трлн теңгесі "Visa", 1,3 трлн теңгесі "MasterCard" арқылы айналған.

Жаздың екінші айында қолданыстағы белсенді карточкалардың саны 9,0%-ға көбейіп, 8,5 млн бірлікке жеткен. Оның 7,2 миллионы дебеттік, 0,9 миллионы кредиттік карточка болған. Шілде де "Visa" карточкасынан 622,1 млрд, ал "MasterCard" төлем құралынан  226,7 млрд теңге қағаз ақшаға айналдырылған. Бұл халық трансұлттық  төлем жүйелерінің қызығын көріп, оны кәдесіне жаратып жатыр деген сөз. Алайда мәселенің екінші жағы бар.

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуда Қазақстан өзінің ұлттық төлем жүйесінің жоқтығынан әлемнің басқа елдері мен қаржы ұйымдары секілді Американың төлем жүйесіне тәуелді болып отыр. Бұл төлем транзакциясынан ұсталатын комиссияның белгілі бір бөлігі мұхит асып жатыр деген сөз. Елімізде күніне бір триллион теңге айналатынын есепке алатын болсақ, қанша қаржының сыртқа кетіп жатқанын ойлаудың өзі қорқыныш туғызады.

Шетелге "салық төлеуден" құтылу үшін бізге ұлттық төлем жүйесін ойлап тауып, оны қолданысқа енгізу қажет. Бұлай жасамасақ халықаралық төлем жүйесіне тәуелдіктен құтыла алмаймыз. Себебі ел ішінде пайдаланылатын төлем карточкалары шет мемлекетке шыққанда қаржылық операция жасайтын әлеуетінен айырылып қалады.

Егер Қазақстан арнайы заң қабылдап "MasterCard" пен "Visa" карточкаларын  Ұлттық банкке тіркейтін болса, комиссиялық алымдар өзімізде қалады.

Мамандар алдағы 10 жылда қазақстандықтардың 90%-ы дәстүрлі төлемсіз есеп айырысуға көшетінін айтып жүр. Өйткені қазірдің өзінде еліміздегі 10 адамның 9-ы банк картасы я болмаса смартфон арқылы төлем жасайтын болған.

Қазіргі заманда дәстүрлі төлем ұлттық экономикаға ешқандай пайда әкелмейді екен. Бұл туралы "Astana Best Consulting Group" компаниясының экономисі Арман Байғанов қағаз ақшамен есептесуге кететін шығын жалпы ішкі өнімнің 1%-ын құрайды. Мұның сыртында монета сарайын, инкассацияны, күзет қызметі мен кассирлерді қамтамасыз етуге қыруар қаржы жұмсалады. Шығындарды қысқарту үшін төлем транзакцияларын интернет-банкинг немесе карточка арқылы жүргізген жөн. Ал халықаралық төлем жүйелеріне төлем транзакциясынан түсетін табыстың бір бөлігін бермес үшін ұлттық төлем жүйесін қалыптастыру керек",– дейді ол.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу