ҰБТ-дан 14 мың түлек құлады

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
5312

Қазақстан бойынша бірде-бір студент 140 балл ала алмады.

ҰБТ-дан 14 мың түлек құлады

Тамыз айының 10 жұлдызында ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуде бақ сынаған түлектерге мемлекеттік білім гранттары  тағайындалады.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл мемлекеттік грант саны әдеттегіден көп болғанын мәлімдеді. 

"Мемлекеттік грант саны бакалавриатта 6 мыңға, магистратурада 2,5 мыңға, докторантурада екі есеге артты. Бұдан бөлек биыл алғаш рет жергілікті билік органдарының гранттары тағайындалады", – деді министр.

Айта кетейік, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтті. Оған 93 мың түлек қатыспақшы болды. Жеме-жемге келгенде 88595 адам сынақтан өтті. Іс барысында 67627 түлек ҰБТ-ны қазақ, 20968 түлек орыс тілінде тапсырды.

"Жаңа форматтағы ұлттық бірыңғай тестілеу республика бойынша 165 жерде ұйымдастырылды. Түлектерге 25 мың тест тапсырмасы ұсынылды. 199 тест бойынша апелляциялық шағым түсті. Нәтижесінде 103 шағым қанағаттандырылды", – деді Ерлан Сағадиев.

Биыл бірде-бір түлек шекті 140 ұпайды еншілей алмады. Ал 14 мың түлек ҰБТ-дан құлап қалды. Бұл осынша оқушы ең төменгі көрсеткіш 50 ұпайға да қол жеткізе алмады деген сөз.  

"Республика бойынша ұпайдың орташа көрсеткіші 140-тың ішінде 80,5-ке пара-пар болды. Өткен жылы 125 балдық жүйе кезінде орташа көрсеткіш 80,1 ұпай еді. Биыл ең төменгі 50 ұпай межесін 74,5 мың бала еңсерді. Ал 14 мың мектеп түлегі тестті тапсыра алмады. Тест тапсыру ережесін бұзғаны үшін 12 бала тесттен шеттетілді", – деді БҒМ басшысы.

Министрдің мәлімдеуінше, сынаққа қатысқан түлектердің 80%-дан астамы жоғары оқу орындарына түсуге қажетті  балл жинаған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы 21327 түлекпен ҰБТ-ға қатысушылар санының көшін бастаған.

Осыдан үш күн бұрын білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның жұмысы басталды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жоғары оқу орындарының ректорлары енді. Аталмыш комиссия жоғары оқу орындарына қабылдаудың қорытындысын шығарады.

Биылғы түлектерге 37932 грант бөлінген. Оның 35082-і 1 курс студенттеріне арналған. Техникалық ғылымдар мен технологиялық мамандықтарға 13 670 грант, педагогикалық мамандықтарға 8 235 грант, ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық мамандықтарға 2 682 грант, медициналық мамандықтарға 3 150 грант қарастырылған.  

Біле жүріңіз, 19-24 тамыз аралығында тестті қайта тапсыру шарасы ұйымдастырылады. Ал Астана қаласы бойынша ең жоғарғы ұпай жинаған оқушы "Nurorda" мектеп-лицейінің түлегі Алтынай Әмірхан болды. Ол 137 ұпай еншіледі.

Математика пәнінің мұғалімі болуды армандайтын қыз тілшілермен тілдескенде: "Шетелде білім алу туралы түрлі ұсыныс болды, бірақ мен барлығынан бас тарттым. Өз елімде, өз жерімде оқығаным дұрыс деп шештім. Өзіме ең шекті ұпай алуым керек деген міндет қойған жоқпын. Қазіргі көрсеткішіме көңілім толады", – деді.

Мемлекеттік гранттарды бөлу құзыреті университеттердің өздеріне берілгеннен бері сыбайлас жемқорлық мәселесі ушығып кеткен көрінеді. Бұл туралы мемлекетті қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев айтты.

Ол мемлекеттік гранттарды үлестіру кезінде қызмет бабын жеке мақсатқа пайдалану сияқты жағымсыз құбылыс көбейіп кеткенін тілге тиек ете келіп: "Қазір гранттарды университеттердің өздері таратады. Ал грант бөлу туралы шешім, барлық мәселе жайластырылғаннан кейін жарияланады. Сол себепті грант тарату жұмысына қоғамдық бақылау орнату қажет", – деді.

Былтыр есеп комитеті университеттерде 109 сыбайлас жемқорлық фактісін анықтаған. Сыбайлас жемқорлық арқылы алыс-беріс жасағандар өзара 14,3 млрд теңге айналдырған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу