ҰБТ-ға үлгермегендер КТ-ға қатысады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5658

Тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында биыл бірқатар жаңашылдық енгізілді.

ҰБТ-ға үлгермегендер КТ-ға қатысады

Атап айтқанда, әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, бейіндік пәндердің комбинациясы бар ақпараттық парақша беріледі. Онда жиналған балл бойынша қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы ақпарат көрсетіледі.

"ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаған жағдайда оны келесі лекте тапсыруға болады немесе кешендік тестілеуге қатысуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар жеке көмекшіні, сондай-ақ сурдоаудармашыны ала алады. Тағы бір жаңашылдық – call-орталықтың іске қосылуы. Оған Қазақстан бойынша тегін қоңырау шалуға болады", – деді білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев үкімет отырысында.

Сондай-ақ, биылдан бастап "Алтын белгіге" ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басымдыққа ие болады.

Жалпы, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу 15-ші рет өткізіледі. Осы уақыт аралығында ҰБТ-ға 1,5 миллионнан астам мектеп бітіруші қатысқан. Бұл – барлық мектеп бітірушілердің 80%-ы.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны қатар атқарып келді. Яғни, ҰБТ тапсыру арқылы түлек 11 жылдық оқуды аяқтайтын және жоғары оқу орындарына түсетін, сондай-ақ, мемлекеттік гранттарды иеленетін.

"Былтыр тестілеудің бұл форматы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі. Ал ҰБТ жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр", – деді Ерлан Сағадиев.

Мектептегі бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән бойынша өтеді. Оның төртеуі – міндетті. Біреуін түлектің өзі таңдайды. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындаған. Материалдар облыстық білім басқармаларына 25 мамырға дейін жеткізіледі.

"Биыл ҰБТ форматы өзгермейді. Яғни былтырғы форматқа сәйкес өткізіледі. ҰБТ-ның өткізілу мерзімі және берілетін тест сұрақтарының саны да өзгеріссіз қалды", – деді білім және ғылым министрі.

ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 пунктте өткізіледі. Барлық тест сұрақтарының саны – 120. Ең жоғарғы балл – 140. Шекті балл – 50. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет.

Биыл ҰБТ пәндері бойынша тест сұрақтарының базасы 50%-ға жаңартылған.

Осы жылы 102 442 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Бұл жалпы түлектер санының 70%-ін құрайды. Олардың 77 мыңы немесе 76%-ы қазақ тілінде, 25 мыңы немесе 24%-ы орыс тілінде тапсырады.

Өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсыруға өтініш берген бітірушілер саны 10 мыңға өсіп отыр. ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыратын балалардың саны 5%-ға артқан. Сондай-ақ, биыл бітірушілерге алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі беріледі.

"Министрлік ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингін жүргізбейді. Сондай-ақ, оның қорытындысына сәйкес жергілікті жерлерде жазалау шараларын жүргізу қажет емес", – деді Ерлан Сағадиев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу