Үй кезегі "қырқылмақ"

17332

Қазақстанның әр өңіріндегі әкімдіктерде баспана кезегіне тұра алатындардың саны екі есеге кемітілгелі тұр.

Үй кезегі "қырқылмақ"

Үкімет мемлекеттік және коммуналдық тұрғын үй қорынан үміттене алатын азаматтар санаттарын азайтуды ұйғарды.

Бұл инвестициялар және даму министрлігі әзірлеген "Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары және реновациялау, сондай-ақ ҚР астанасы – Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасында қарастырылыпты. Атап айтқанда, қазіргі үй кезегіне тұруға құжат ұсына алатын 19 санаттың тек 8-ін ғана қалдыру ұсынылды.

Құжатты әзірлеушілердің дәйектеуінше, осы қадам азаматтарды баспананы меншікке сатып алуға мүмкіндік беретін өзге бағдарламаларға қатысуға ынталандыру мақсатында жасалып отыр. Бұл жерде мемлекет бірінші кезекте "7-20-25" арзандатылған ипотека бағдарламасын және "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" қаржы жинақтау тетігін меңзеп отыр. Ал тегін баспана беру мүмкіндігін тек өз өмірінде ешқашан өз бетінше тұрғын үй сатып ала алмайтын осал топтарға ғана қалдыру қарастырылуда.    

"Азаматтардың саналылығын арттыру, олардың санасын жаңғырту және қоғамдағы масылдық ниетті жою мақсатында мемлекеттен тегін баспана алу құқығы бар азаматтар санатын қайта қарау және оның құқықтық режимін өзгерту ұсынылады", – делінген құжатта.

Бұл ретте қазіргі бар 19 санаттың жартынан көбі жойылуы ықтимал. Атап айтқанда, үкімет атамекенге қайтқан оралған қазақтарды тегін баспанамен қамту міндетінен бас тартқысы келеді. Ведомствоның түсіндіруінше, "оралман" мәртебесі ол адам Қазақстанның азаматтығын алысымен жойылады. Заңнама бойынша қазір шетелден қайтқан қандастарымыз бірнеше ай ішінде еліміздің көгілдір паспортына ие бола алады. Егер азаматтық алмаса, оралман мәртебесі тағайындалғаннан кейінгі бір жыл мерзім үдерінде ғана күшінде болады. Ал осы қысқа аралықта әкімдіктер оған баспана тауып бере алмайды.

"Үй кезегі бойынша баспананы күтудің орташа мерзімі шамамен 10 жылды құрайды. Осы кезеңде оралман мәртебесі жойылады және "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 73-ші бабына сәйкес, аталған тұлғалар есептен алып тасталады. Бұл осы санаттағы адамдарды кезекке кіргізудің орынсыздығын көрсетеді. Сонымен бірге, оралмандар үшін қосымша жеңілдіктер, жәрдемақылар, көтерме төлемдер, жеке тұрғын үй салуы үшін жер учаскесін бөлу қарастырылған", – делінген тұжырымдамада. 

Әскери қызметшілердің, арнайы меморгандар мен қауіпсіздік қызметкерлерінің үй кезегі бойынша құжаттарын да бұдан былай тұрғылықты жері бойынша әкімдіктер қабылдамайтын болады. Өйткені ел парламенті оларды баспанамен қамту бойынша жеке заң қабылдады: бұл санаттағыларға ай сайын "тұрғын үй төлемдері" төленеді.

Заң жобасын қабылдау барысында парламентшілер ара түспесе, экологиялық апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан баспанасынан айырылған, сондай-ақ жалғыз баспанасы "апатты" деп танылған қазақстандықтар да енді мемлекеттің үй беруінен күдерлерін үзетінге ұқсайды.

Тұрғын үй кезегіндегі орнынан "айырылып" қалу қаупі бюджет қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын тұлғаларға төнуде.

"Аталған тұлғалардың тұрақты әрі сайма-сай жалақысы бар, тиісінше, олар тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша жеңілдікті, нысаналы бағдарламаларға, соның ішінде өз жұмыс орны бойынша қатысу мүмкіндігіне ие", – деп дәйектейді тұжырымдамада.

Тізімнен ғарышкерлер де шығарылған. Өйткені Қазақстанның үш ғарышкері бар және алдағы жылдары төртіншісін көк сеңгірін зерттеуге аттандыруды мемлекет жоспарлап отырған жоқ. Ал Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Әйімбетов баспанаға мұқтаждығын жариялаған емес.

Жалғыз басты аналар, толық емес отбасылар, жасы бойынша зейнеткерлер де мемлекеттік баспанаға сенім артпауларына тура келетін сыңайлы. Бұл ретте құжатты әзірлеушілер осы санаттағы азаматтардың кейбірі "баспанаға мұқтаждығын" жариялағанда, шынында ақ сөйлеп, адал шықпайтынын алға тартады.

Мысалға, коммуналдық тұрғын үй алу бойынша кезекке тұру үшін жастар арасында жалған түрде ажырасу фактілері кездесетіні айтылады. Соңғы бес жылда некеге тұрған жұбайлардың үштен бірі ізінше бір-бірімен қош айтысқан. Әрине, олардың бәрі баспана алу үшін ажырасты деу әбестік.

"Статистика көрсеткендей, көптеген жас отбасылар үй кезегіне тұруға және толық емес отбасы ретінде тұрғын үй алуға құқық беретін мәртебені иелену үшін жалған ажырасуды қасақана рәсімдейді. Бұл ретте олар өз жұбайларымен бірге тұруын жалғастыра береді", – делінген құжатта.

Тұжырымдама жобасын әзірлеушілер қарттар да "аппақ сақалына" қарамай, алаяқтық жасайды деп өкпелейді.  

"Бүгінде жалпыға белгіленген зейнетақылық жасқа жеткен және жеке меншігінде баспанасы бар тұлғалар көбіне өзі тұрып жатқан баспананы өзгеге беру жолымен баспаналық жағдайларын қасақана нашарлатады және мемлекеттен жеңілдікті баспана алуды көздейді. Осы арқылы зейнет жасындағы адамдар арасында масылдық көңіл-күй туындайды. Қосымша атап өту керек, "Неке және отбасы туралы" кодексінің 145-ші бабына сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелеттік жасқа толған балалары жұмысқа жарамсыз, көмекті қажет ететін ата-аналарын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті", – дейді әзірлеушілер.  

Айта кеткен жөн, кей тұста жөнсіз айыптаулар мен қара қазандай өкпеге толы мұндай тұжырымдама қоғамдық талқылаудан өтпеуі де ықтимал еді. Соны сезсе керек, Инвестициялар және даму министрлігі күні кеше ғана қоғамдық талқылауға шығарылған заң жобасының тұжырымдамасын бүгін кері қайтарып алды: ведомствоның интернет ресурсынан жоба алып тасталды.

Бірақ заң жобасы бәрібір қалаулылар алдын көретінге ұқсайды. Себебі, үй кезегіне тұруға құқығы бар азаматтар санаттарын азайту мәселесі күн тәртібіне қойылуда. Қазірдің өзінде еліміз бойынша мемлекеттен баспана күткендердің қатары 450 мың адамнан асқан. Ал үй салу үшін тегін жер телімін алудан 1 миллион 300 мыңнан астам адам үмітті. 

Бұл адамдар санын азайту үшін жергілікті атқарушы органдар үй кезегінде тұрғандар арасында ревизия жүргізіп, одан өз бетінше баспана алғандарын, шетелге көшіп кеткендерін, өмірден өткендерін және басқаларын шығарып тастауға кірісті.

Ал жаңадан кезекке тұрушылар қатаң іріктеуден өтуі мүмкін. Мәселен, мемқордан баспана алу құқығын тек "Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне", "жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға", "ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға", "бірінші және екінші топтағы мүгедектерге", "мүгедек балалары бар немесе соларды тәрбиелеп отырған отбасыларға", "ҚР Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде келтірілген созылмалы аурулардың кейбір ауыр түрлерінен зардап шегетін тұлғаларға", "көп балалы отбасыларға" және "мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау, ғарыш кеңістігіне ұшуды жүзеге асыру, адам өмірін құтқару, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына" ғана қалдыру қарастырылуда.

Сондай-ақ "бірінші кезекте баспана алу құқығы" деген ұғымды жою ұсынылады. Бұл құрмет-қошемет Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, жетім және ата-анасынан айырылған балаларға көрсетілетін.  

Жалпы, бірқатар сарапшылар мұндай өзгерістерге түсінікпен қарап отыр.

Белгілі экономист Мағбат Спанов бұл "тізімде қалатын санаттарға" тезірек баспаналы болуға мүмкіндік беретінін айтады.

"Меніңше, бұл дұрыс қадам. Біз мемлекеттің ақшасын санай білуге, ұтымды пайдалана алуға тиіспіз. Сондықтан тегін баспана алу тетіктерін өзгерту қажет деп санаймын. Негізі, егер мемлекет баспана бермей, оның орнына баспанаға арналған қаражаттың сертификаттарын табыстаса, ал азаматтар соған өздері тұрғын үй таңдап, сатып алса ұтымды болар еді. Егер қымбатырақ баспанаға көңілі құласа, ал мемлекет берген қаржы жетіспесе, қалғанын өзі төлесін. Бірақ бұл сертификаттарды бәріне үлестірмей, жетім балалар секілді тек бірқатар санаттарға ғана қалдыру керек", – дейді Мағбат Спанов.

Ол өзге қазақстандықтар көбірек жұмыс жасап, табыс табудың, сөйтіп, несиеге немесе тұрғын үй жинағы арқылы өз бетінше баспаналы болудың жолдарын іздегені орынды деген пікір білдірді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу