Үкімет бөтен ұйымдарға неге ынтықты?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2996

Енді үкімет пен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) одағы тіптен нығая түспек, ал осы "одақтың" қазынасын толтыруға бизнес мәжбүр етіле ме деген қауіп те жоқ емес.

Үкімет бөтен ұйымдарға неге ынтықты?

Үкімет 24 қаңтарда өткен отырысында мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын қарастырды. Сарапшылар аузымен "Азаматтық сектор", "коммерциялық емес ұйымдар", "3-сектор" атала беретін осы қоғамдық ұйымдар ХХ ғасырда Горбачев "жариялылық пен демократияландыруды" жариялағанда, Қазақстанда да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап құрылды. Ресми мәліметке жүгінсек, Қазақстанда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны 2015 жылы 22 мың 771-ге жеткен. Дегенмен сол ресми мәліметке сүйенсек, олардың көбісі ендігі "өліп" қалыпты. Мәселен содан екі жыл бұрын тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны 27 мыңнан асқан. Ал дін істері және азаматтық қоғам министрлігі биылғы жылдың басында "тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны 18 мыңға жетіп отыр" деген мәліметті жария етті.

Бірақ егер алда кәсіпкерлер "ерікті-мәжбүрлі" түрде қаржыландыруға жұмылдырылса, орасан зор қаржы ағыны тасқындай бастаса, "ғажайып" болып, олардың көбі қайта тірілуі ықтимал.

Сонымен осы сейсенбіде Астана төріндегі үкімет үйінің заңғар ғимаратында не айтылды?

Үкімет мүшелеріне қайырылған дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев "үкіметтік емес сектор – әлеуметтік мәселелерді шешудегі және азаматтық бастамаларды жандандырудағы мемлекеттің сенімді әріптесі" деп бағалады. Расында өзіне мемлекет бөлген грант-қаржыны ақтап, адал жұмыс істейтін, елге пайдасы тиетін қоғамдық ұйымның шынымен де мемлекетке серік екені шындық. Сонымен бірге олардың арасында "алаяғы" да бар екені жасырын емес.

Министрдің айтуынша, соңғы он жылда үкіметтік емес ұйымдарға ел бюджетінен берілген ақша көлемі де еселеп артыпты.

"Мемлекеттік әлеуметтік инвестиция 13 есе артты: егер 2006 жылы оларға 704,1 млн теңге берілсе, 2016 жылы – 8 млрд 878,6 млн теңге бөлінді. Іске асырылған жобалар саны 14 мыңнан асты. Жыл сайын мыңнан астам ұйым әлеуметтік қызметтерді атқарады. Азаматтық секторда 28 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2015 жылы үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданды. Грант пен сыйақы секілді қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізілді. Гранттық қаржыландыру операторы ретінде "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" құрылды. 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы грантқа бөлінген қаражат 3 есе, ал тақырып саны 4 есе көбейген", – дейді Нұрлан Ермекбаев.

Әрі министр мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылының басым бағыттарын айқындады.

Үкімет "үшінші сектормен" бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін бермек, сонымен қатар олардың "орнықтылығын" арттырмақ. Мұны қарапайым тілге көшірсек, үкіметтік емес ұйымдар "бір күндік фирма" сияқты жұмыс істемей, тұрақты қызмет етуі қажет.

"Әлеуметтік жобаларда, әсіресе саланың және халықтың қажеттілігін есепке алу маңызды. Талдау мемлекеттік органдардың әлеуметтік жобаларды іске асыруға жеткілікті түрде қатыспай отырғанын көрсетеді. Кейбір меморгандардың тіпті "мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс" (МӘТ) аясында  үкіметтік емес ұйымдармен мүлдем жұмыс істемейтіні анықталды. Жергілікті деңгейде МӘТ-ті негізінен тек әкімдіктің ішкі саясат басқармасы немесе әлеуметтік сала басқармасы ғана пайдаланады. Бұл кейбір меморгандардың әлі күнге дейін ҮЕҰ-мен өзара әрекеттестіктің маңыздылығын және пайдасын түсінбей отырғанын білдіреді. Шын мәнінде, азаматтық сектормен ынтымақтастық бізге қоғамның көңіл-күйін біліп, тамырын басуымызға мүмкіндік береді", – дейді Нұрлан Ермекбаев.

Министр сондай-ақ ҮЕҰ арасында қызметін лайықты орындамау, адал емес бәсекелестік, тіпті сапаға нұқсан келтіре отырып, баға демпингін ұйымдастыру секілді кесір құбылыстар да жайылғанын жасырмады.

Бұл бұрыннан белгілі, тіпті айта-айта ауыз ауырып, жақ жауыр болған мәселелер.

Сондықтан баяғыда бір ағай айтатындай, "табақ ортасындағы майлы жілікке" келейік. "Үкіметтік емес ұйымдар сарапшыларын" мұқият тыңдай келе, дін істері және азаматтық қоғам министрлігі "бизнес үкіметтік емес ұйымдармен белсендірек жұмыс істеуі керек!" деген байламға келді.

"Серіктестікке бизнесті белсендірек тартқан жөн. Әрине кәсіпкерлер әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға онсыз да қатысады. Бірақ қатысу деңгейі бәрібір жеткіліксіз! Мәселен "Қазақстанның азаматтық альянсының" зерттеуі бойынша ҮЕҰ сарапшыларының тек 17%-ы ғана бизнеспен өзара іс-қимылын оң бағалаған", – деп бас шайқады министр.

Әйтсе де, бұл жерде қалған 83 пайызбен ынтымақтастыққа бизнес сектордың неге ықылас танытпай отырғанының себебі белгісіз қалды. Бәлкім, ақшасын санай білетін және әр тиынның тиімділік әкелгенін қалайтын іскер жандар сол 83-тің жобасы өзіне де, елге де пайда әкелмесін түсінген шығар?

Қалай болғанда, жауапты ведомство үкіметке "тиімді үшжақты серіктестік жүйесін орнату" туралы ұсыныс жасады. "Өйткені дәл осы ҮЕҰ-мен серіктестікте бизнес өзінің әлеуметтік рөлін барынша аша алады. Бизнестің ҮЕҰ-ға грант беруін ұйымдастыруды "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" өз мойнына алуға дайын!", – дейді министр.

Ұсыныс мұнымен бітпейді: Үкіметке "жергілікті жерде, ауыл-аймақта да бизнестің ҮЕҰ-мен әлеуметтік серіктестікке қаншалықты белсенді қатысып отырғанына бақылау-мониторинг жүргізу жүйесін ұйымдастыру" ұсынысы енгізілді.

Мұны естіп, ҮЕҰ-ның тәбеті қозды. Артынша сөз алған "Қазақстанның азаматтық альянсы" қауымдастығының президенті Нұрлан Ерімбетов жергілікті жерде қоғамдық ұйымдарды дамытуды "әкімдердің рейтингін бағалаудың бір көрсеткіш-индикаторы ретінде бекітуді" ұсынды. Яғни қай әкім ҮЕҰ-ға көп қамқорлық жасап отырса, рейтингі жоғарылай түседі. Демек егер мемлекет соған барса, ауыл, аудан, облыс әкімдері арасында "ҮЕҰ-ға кім көп көмектесті, кім мол қаржы бөлгізді?" деген әлдебір "социалистік жарыс" басталып кетуі ғажап емес. Ол бәсекенің қысымында қанша кәсіпкердің құрбан болатыны да белгісіз.

Бірақ үкімет оған бармаса керек. Себебі елбасының "әкімдер рейтингіне көрінген нәрсені қосып, ауырлата бермеу" тапсырмасы бар. 2013 жылдың 11 қазанында, Ақордада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "әкімдердің жұмысын бағалаудың қазіргі жүйесі көптеген формалды көрсеткіш пен есептілік кесірінен қиындап кеткенін" қатаң сынға алған болатын. Елбасының мәлімдеуінше, сол кезде көрсеткіштердің 96-сының тек 46-сы қолданыстағы статистикадан алынады, ал 50-і жаңа.

"Өңірлердің дамуына берілетін бағаға деген көзқарасты өзгерту қажет! Әкімдер жұмысының тиімділігі рейтингіндегі негізгі көрсеткіш инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, толыққанды жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік қызмет сапасы, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мәселесі, жастарды жұмыспен қамту сияқты индикаторлар болуға тиіс", – деп қадап тапсырды президент. Көріп отырсыз, үкіметтік емес ұйымдарды қолда деген міндет жоқ. Қайта "бизнеске көп тиісе берсе, шағын және орта бизнес еркін өркендесін!" деген ой анық аңғарылады.

Сондықтан жауапты министрлік те ҮЕҰ-ның бұл идеясын ілгері итермелеп отырған жоқ.

Айтқандай, дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жұмыс істемейтін, құрылғаннан кейін қаперсіз қалғып кеткен, содан мәңгілікке ұйықтап қалған үкіметтік емес ұйымдарды "тарих қойнауына" тапсырудың жолын ұсынды:

"2015 жылы "ҮЕҰ-ның деректер базасы" құрылған болатын, ол осы ұйымдардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін білу үшін керек. Алайда бұл деректер базасының толтырылуы тым нашар екенін, нақтырақ айтсақ, бар-жоғы 13%-ға ғана толғанын айтып өткеніміз жөн. Онда тек 2,5 мың ұйымның ғана тәжірибесі көрініс тапқан. Сонымен бірге грант пен сыйақыны тек осы базада тіркелген ҮЕҰ ғана ала алатынын ескертеміз. Әкімдіктердің дерегінше, жұмыс істейтін ҮЕҰ-ның саны 9 мыңнан асады. Сарапшылар бұл проблеманы шешудің бір жолы ретінде Қаржы министрлігіне осы ұйымдарға ерікті түрде амнистия жүргізуді ұсынады", – дейді министр Нұрлан Ермекбаев.

Бұл ұсынысқа әзірге қаржы министрлігі түсінік берген жоқ. Оның мәнісі де түсінікті: жұмыс істемейтін 9 мыңнан астам ұйымның төленбеген борышы, салығы бар болуы мүмкін, егер оларға рақымшылық жариялап, өз бетімен жабылып қалуына жол берсе, бұл қарыздың бәріне төленбей қалу қаупі төнеді. Оның үстіне бір ұйымын әрекетсіз тастап, басқа пайдалы ұйымын құрып алған тұлғалар да бар.

Министр басқа да жаңалықтарын хабарлады. Мәселен ҮЕҰ-мен бірлесіп, "Грант беру ережелеріне" өзгеріс әзірленіп жатыр. Ол жөнінде ҮЕҰ жобаларының тақырыптары мен қаржысын орталық мемлекеттік органдар бекітеді. Ал жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдерге өздеріндегі өңірлік ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру құқығын беру көзделіп отыр.

Министр ҮЕҰ-ның шағын қалалар мен ауылдардағы тұрақтылығына ол жерде ақпараттық-ресурстық орталықтардың қызметін ұйымдастыру арқылы қол жеткізуге болатынын айтып өтті. "ҮЕҰ сарапшыларының пікірінше, облыс орталықтарында, Астана, Алматы қалаларында "ҮЕҰ мен бастамашыл азаматтар үшін қызметтердің кең спектрін және орынжайларды ұсынатын консалтингтік орталықтар құру қажет. Осы орайда әкімдіктерге "бір терезе" қағидасымен азаматтық орталықтар ашу үшін бос ғимарат тауып беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Олардың қызметін азаматтық бастамаларға қолдау көрсету орталығы үйлестіруі мүмкін", – дейді Нұрлан Ермекбаев.

Бір назар аударатыны сол, дін істері және азаматтық қоғам министрлігі "бизнес-қоғамдастықты әлеуметтік серіктестікке кеңінен тарту үшін мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасында үшжақты алаң құруды ұсынды. Оны "АСАР" деп атамаққа ниетті. Бұл форум жыл сайын және әр жылы еліміздің әртүрлі өңірінде өткізіліп тұрады.

Денсаулық сақтау министрі Тамара Дүйсенова бірқатар үкіметтік емес ұйым қолғабыс ететінін айтады.

"ҮЕҰ күрделі жағдайға тап болған адамға арнайы көмек көрсету үшін, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу, туберкулезбен күрес және тағы басқа жағдайда көмек көрсету мақсатында жұмысқа тартылады. Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызметтер 2009 жылдан бастап көрсетіледі. Осы аралықта ҮЕҰ-ның арнайы әлеуметтік қызмет көрсету нарығына қатысуы 2009 жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты, бюджет қаражаты мен арнайы қызмет көрсетілетін адамдар саны да артты", – дейді Тамара Дүйсенова.

Мысалы инватакси қызметі 2014 жылы бірінші және екінші топтағы мүгедектерге қозғалу құралдары арқылы қолдау көрсетудің қосымша тәсілі ретінде енгізілген болатын. Бұл бастаманы мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері ұсынған. Олар еліміздің 13 өңіріне осы қызметті көрсететін негізгі жеткізушілер. Бүгінде 180 машинадан тұратын автопаркі бар 13 инватакси қызметі жұмыс істейді. 2016 жылы инватакси қызметін 35 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам пайдаланды.

Министр ханымның айтуынша, "жыл сайын ҮЕҰ-ны арнайы әлеуметтік көмек көрсетуге тарту үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы арна тартады". Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2017-2019 жылдары ҮЕҰ-ға 3,8 млрд теңге бермек.

Үкімет отырысында үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев жауапты ведомствоның және азаматтық сектор өкілдерінің ұсынысына "иә" не "жоқ" деп ештеңе айтпады. Тек Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне "барлық ұсынысты тиянақтап, бір шешімге келтіруді" тапсырды. Өйткені "егжей-тегжейлі талқылауды, талдауды талап ететіндері бар" деді. Сондай-ақ премьер-министр мемлекеттік органдарға ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды нығайтуды тапсырды.

Әзірге үкіметтік емес ұйымдарға бизнестің ақшасына көп ауыз ашпай, үкімет бөлетін қаражатпен "қоректене" тұруға тура келетінге ұқсайды. Қазір ҮЕҰ-лар арасында мемлекеттік гранттарды алуға конкурс басталды. "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының" басқарма төрағасы, белгілі "КВН"-шы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, 2017 жылы республикалық бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржыға 47 мемлекеттік грант ұсынылады. Ол өзі басқаратын орталықтың "гранттардың жұмсалу тиімділігін көтеруге және оған жүзеге асырылатын жобалардың сапасын арттыруға бақылау мен бағалау жүргізу процесін күшейтетініне" сендіреді.

Осы орталық арқылы өтетін қаржының ауқымы еселеп артып жатқаны байқалады. Былтыр ҮЕҰ-ға 11 бағытқа берілген 11 грант 200 млн теңгеден асыпты. Енді қаражат үш есе көбейіп отыр. Бағыт саны 11-ге жетіп қалған, ол бағыттарға, заңнамада көрсетілгендей, балалар құқығын қорғау, жастарды қолдау, әкімдіктер мен министрліктер жанынан қаптап құрылған қоғамдық кеңестермен жұмыс, дін саласындағы өзекті мәселелер және басқалары кіреді. Конкурс 2 ақпанға дейін жалғаспақ.

"Содан кейін белгілі бір мерзім ішінде біздің орталық түскен жобалардың техникалық сәйкестігін тексереді. Қажет болса, ұсынған ҮЕҰ-ға хабарласып, жобаның құрамдас бөліктері туралы толығырақ немесе анығырақ түсіндіруді сұраймыз. Осыдан соң, сарапшылық комиссияның отырысы болады, оған Мәжіліс депутаттары, ҮЕҰ өкілдері кіреді. Бақылаушыларды да шақырамыз", – дейді Нұрлан Өтешев.

Оның айтуынша, наурыз айының соңына қарай кімнің жеңімпаз болғаны анықталып, олармен келісімшарттарға қол қойылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу