Бұлай дейтініміз, үкіметтің кешегі отырысы тәмамдалар тұста мінберге көтерілген қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз әріптестеріне жаңа тұрпатты жобаның таныстырылымын өткізді.
Әсілі, құрылыс саласындағы тендерлер – әралуан калибрдегі жемқорлардың таптырмас табыс көзі екенін былайғы жұртшылық та жақсы танып, біліп қалды. Өйткені коррупциямен күресушілердің тілімен айтқанда, Астанадағы ірі "шортандар" түгіл, аймақтардағы шағын "шабақтардың" өзі мектеп не басқа да әлеуметтік ірі нысан салынса болды, артынша коттедж тұрғызып, не жаңа "джип" мініп шыға келетіні бар. Өйткені құрылыс саласының парасы да, тендерлік миллиардттардан алынатын "шапкасы" да мол болады. Бұл ретте "биік лауазымды тұлғалар шыны зауытын салуда миллиардтық пара алған-мыс" деп келетін, биыл бүкіл елді дүрліктірген оқиға да ақыры билікті бұл салада батыл қадамдарға баруға итермелегендей.
Сонымен үкіметтің кешегі жиынында Қазақстанда бұдан былай құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық органның сүйемелдейтіні айтылды. Енді бюджет қаржысына қандай да бір ғимарат не нысан салып тастауға құлшынып тұратындардың ел қаржысына қатысты қимыл еркіндігі шектелетін болды.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл жоба үш бірдей міндетті шешуге – "көлеңкелі" экономиканы азайтуға, құрылыс барысына бақылау жүргізуді күшейтуге, бюджет қаражатын оңтайлы пайдалануға ықпал етуге қауқарлы.
Бас қаржыгер ұлттық статистика органдарының ресми мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, Қазақстанда "көлеңкелі экономика" алапат ауқым алғанын, яғни ЖІӨ-нің 20%-ынан асып түсетінін мәлімдеді.
Енді салыстырыңыз, 2016 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі небәрі 1 пайыз ғана өсті. Соның өзін үкімет үлкен жетістік деп ұсынды және "ел экономикасының дағдарыстан шыға бастауының жарқын белгісі" деп бағалады. Ал егер "көлеңкедегіні" "күнгейге" қуып шықсақ, ЖІӨ бірден 20 пайызға өсер ме еді?! Бұл әлем тарихындағы өсім рекорды болар еді. Әрине, сарапшылар мұның ешбір мемлекетте жүзеге аспаған "қиял", утопия екенін түсінеді. Сондықтан министр "көлеңкелі" экономиканы түпкілікті жою емес, тек азайту туралы айтып отыр.
Бақыт Сұлтанов "көлеңкелі" экономиканы басты құраушылардың бірі ретінде "мемлекеттік сатып алу кезінде жалған кәсіпорын арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру" арқылы бюджет қаражатын талан-тараж етумен айналысатын қылмыскерлерді атады.
Себебі, оның айтуынша, бюджеттен шығындалатын триллиондаған теңгенің үштен бір бөлігі құрылыс және сауда салаларына тиесілі болып келеді.
"Бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алу туралы заңды бұзудың басым үлесі құрылыс саласының еншісінде. Министрліктің мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне жүгінсек, 2016 жылы қозғалған 380 қылмыстық істің 115-і немесе 30,2%-ы құрылыс саласына тиесілі болды. Бұл олқылықты жою мақсатында құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу енгізіледі. Бұл – төлемнің айқындығын, салықтың толық төленуін, құрылыс сапасын бақылауды, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – дейді министр.
Мемлекеттік кіріс комитеті мамандарының мәліметіне сүйенсек, бюджет қаржысын жымқыру үшін құрылатын "жалған кәсіпорындардың" үштен бірі – дәл осы құрылыс саласында ашылған! Нақтырақ айтсақ, өткен жылы әшкере болған 1792 "жалған кәсіпорынның" 28,6%-ы – "бір күндік" құрылыс компаниялары.
Шенеуніктер ел қаржысын құрылыс тендерлерінде әртүрлі жолмен ұрлайды. Соның негізгілері – құрылысқа кеткен шығын сметасын негізсіз арттыру, құрылыс мерзімін ұзарту, құрылыс сапасын төмендету, мигранттардың арзанқол жұмыс күшін тарту, мемлекеттік сатып алуды заңнаманы бұза отырып жүргізу.
Үкіметті шошытып отырған тағы бір жайт бар: мемлекеттік сатып алу конкурстарын жеңген компанияның көбі миллиардтарды ала отырып, мемлекетке салық төлемейді екен.
"Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың – ҚҚС төлеушілердің салығы мен бюджетке төлеген басқа да міндетті төлеміне жүргізілген талдау көрсеткендей, салықтың орташа шектік көрсеткіші (мемлекеттік сатып алуға берілетін қаржының жалпы айналымындағы үлесін ескергенде) бар-жоғы 6,2% ғана болды. Бұл – 137,1 млрд теңге. Құрылыс саласында бұл көрсеткіш ең төмені – небәрі 4%!", – деп жазылған қаржы министрлігі таратқан ақпаратта.
Қаржы министрі өз мекемесі енгізіп жатқан құрылыс жөніндегі мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеудің "пилоттық" жобасы – ел қаржысын қалтасына басып, заңсыз жолмен байығысы келетіндердің табанына "тас" қоюға бағытталғанына сенімді.
Оның мағынасын түсіну үшін мына көріністі көзге елестетіп көріңіз: әлдебір мемлекеттік маңызды, стратегиялық жүкті көздеген жеріне дейін жеткенше, әскери не полицей алып баратыны бар ғой. Дәл сол сияқты енді өткізілген мемлекеттік сатып алуға берілетін ақшаны тапсырыс беруші мемлекеттік органнан не әкімдіктен – тауар мен қызметті жеткізетін компанияға дейін Қазынашылық комитеті сүйемелдеп, қадағалап отырады. Осы мақсатта тендерде жеңген барлық мердігер және ол тартқан бірінші деңгейдегі қосалқы мердігер өз есеп-шотын қазынашылық органдарында ашады.
Бұл – бюджет қаражатының жолай әлдебір банкте қолма-қол ақшаға айналдырылып, өзге жаққа әкетілуін болдырмауға ықпал ететін көрінеді.
Жаңа жоба бойынша Қазақстан тарихында алғаш рет "супервайзер" деген инжинирингтік компания қызметке тартылады.
"Ол құрылыс сапасын бақылап қана қоймай, сонымен бірге барлық шығынның негізділігін де бақылап отырады", – дейді министр Бақыт Сұлтанов.
Министрлік тартқан сарапшылардың бағалауынша, бұл – төлемнің ашықтығын, салықтың толық төленуін, құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді және бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Қазір "Қазынашылық сүйемелдеуді" енгізу жөніндегі жол картасы бекітіліпті. Бұл жаңалық, ең алдымен, үш өңірде – Астана қаласында, Ақмола және Қарағанды облыстарында төрт нысанда сынақтан өтеді.
Министр бұл жобаны мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы қолдағанын, сонымен қатар оны іске асыруға атсалысып жатқанын жеткізді.
"Атамекен" палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жаңа тетікті құрылыс секторы ауырсына қабылдауы мүмкін екенін, соған қарамастан кәсіпкерлер қоғамдастығы қолдайтынын айтады:
"Себебі біз оның қажеттілігін түсінеміз. Біріншіден, бюджет қаржысын игерудің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Екіншіден, бизнес те қазіргі күрделі шақта халық алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Өйткені ел қаржысы шығындалатын нысандардың көбісінің әлеуметтік маңызы зор. Оның үстіне біздің палата ұсынған біраз ескерту мен ұсыныс қабылданды.
КҰП басшысы бұл жаңалықты кеңінен енгізбес бұрын "қоғамдық тыңдау" өткізуді ұсыныпты. "Әйтпесе мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың барлығын осы жобаның егжей-тегжейі қызықтырады. Супервайзер, құрылатын реестр қалай жұмыс істейді? Рас, ілкі жоба ретінде бірнеше облыста сынақтан өтуі бұл сұрақтарға нақты жауап алып, олқылықты жоюға, жобаны түзетуге жол ашады. Жалпы алғанда, біз түсіністікпен қарап отырмыз", – дейді Асқар Мырзахметов.
Ал үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысын қорытындылай келе, қаржы министріне бұл жобаны арандатуға ұмтылушылардың жолын батыл кесуді жүктеді.
"Мемлекет басшысы мемлекеттік сатып алу жүйесін әділ сынға алды. Бұл жоба қысқа уақытта әзірленді. Енді пилоттық режимде іске қосамыз. Құрылыс компаниялары наразылық білдіруі мүмкін. Басқаша жұмыс істеуге бой үйретіп алған. Бірақ ескі схеманы өзгертеміз!", – деген премьер қаржы министріне бұрылды:
"Ең басты міндет, Бақыт Тұрлыханұлы, осы пилоттық режим дұрыс жұмыс істеп кетуі керек. Менің болжауымша, бірталай қарсылыққа кезігесіз. Ескі соқпаққа қайта оралуы үшін жаңа пилоттық жоба сәтсіздікке ұрынуы үшін бәрін жасайтындар табылады. Қатаң жолын кесіңіз! Жауапты комитетте осы жобаға тартылған өз адамдарыңыздың да тапсырманы лайықты орындауы маңызды. Өзіңіз де бақылауда ұстаңыз! Бұл жұмыс аяғына дейін жеткізілуі тиіс", – деп нықтады Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет жетекшісінің айтуынша, Қазақстан мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеуге келесі жылдан бастап, толық көшуі мүмкін.
Бақыт Көмекбайұлы