Үкімет мүшелерінің ісін үйлестіретін орган пайда болды

11694

Мемлекеттік органдардың дағдарысқа қарсы шаралар туралы ұсынысын арнайы кеңес қарайды. 

Үкімет мүшелерінің ісін үйлестіретін орган пайда болды

Осы орайда "Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес туралы" Президент жарлығының жобасы әзірленіп отыр. Құжат аталған кеңестің қағидаларын бекітеді.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысына түсіндірме жазбасында бұл кеңес туралы жарлық "мемлекеттік органдарды үйлестіруді және олардың ақпарат алмасуын күшейту, жүйелі тәуекелдердің алдын алу және дағдарысқа қарсы шаралар арқылы қаржы жүйесінің орнықтылығын нығайту үшін" қажет екенін айтады.   

Оның түсіндіруінше, бұл кеңес дағдарысқа қарсы шараларды қарайды. Сондай-ақ дәрменсіз, банкрот жағдайдағы екінші деңгейлі банктерді реттеу, комерциялық банктерді сауықтыру үшін қаржылық шара қабылдау мәселелері де соның еншісінде. Нәтижесінде, "кеңестің рөлі күшейтіледі".

Ол мысалы, төлемқабілетсіз деңгейге жеткен банктің ликвидациялануына қарсы тұрып, "оны мәжбүрлі түрде жою қаржылық жүйеге жүйелі қауіп-қатер төндіреді" деп, ол банктің құрамына мемлекеттің кіруін, оған қаржы құюын ұсына алады. 

Ұлттық банк қандай да бір банкті тексеру кезінде анықталған жүйелі тәуекелдер мен бағалау нәтижелері туралы ақпаратты да осы орган отырысында жария етіп, қарауына шығармақ. 

Осы Президент жарлығының жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық одақ елдері мен АҚШ тәжірибесі негізге алыныпты. Шетелдік осындай қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестердің өз елдеріндегі мемлекеттік органдардың, Үкімет мүшелерінің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылын қалай үйлестіретіні де зерттеліп, құжатта ескерілген көрінеді.

Сонымен, Қаржылық тұрақтылық кеңесі ел Үкіметінің, Ұлттық банктің, сондай-ақ жаңадан құрылып жатқан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің еліміздің қаржылық секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша қызметін үйлестіретін болады.

Президент жанындағы кеңесші орган болып есептелетін кеңесті қаржылық реттеушінің жетекшісі Ерболат Досаев басқарады. Бірақ оған осы қызметті қоса атқарғаны үшін жалақы төленбейді. "Кеңес мүшелері өз функцияларын ақысыз, өтеусіз негізде жүзеге асырады" делінген қағидада.

Кеңестің құрамына бірінші вице-премьер–қаржы министрі Әлихан Смайылов, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің алда тағайындалатын төрағасы, сондай-ақ Президент көмекшісі немесе Президенті әкімшілігі басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары кіреді.

Е.Досаев кеңес қызметіне жалпы басшылық ету сыртында, оның отырыстарының қашан және қай жерде өтетін белгілеуге құқылы. Бұдан бөлек, ол кеңес шешімдерінің жүзеге асырылуына бақылау жасайды және тоқсан сайын Мемлекет басшысы алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беруге тиіс.

Отырыстар қажеттілігіне қарай кез келген уақытта ұйымдастырылады, бірақ тоқсан ішінде кемінде бір рет өткізілу керек.

Оның мүшелеріне жиынға өзі келіп қатысуы міндет. Кеңестің кемінде 4 мүшесі дауыс беруге қатысқанда ғана шешімі заңды болып саналады.

Президенттің осы кеңес туралы жарлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп жоспарланған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу