Ұлттық банк жыртылған долларларға қатысты түсінік берді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
12262

Ұлттық банкке "тауарлық сипатын" жоғалтқан доллар, еуро, рубль, юаньдарды қайда апаруға болатыны туралы сауалдар жиі түсе бастаған.

Ұлттық банк жыртылған долларларға қатысты түсінік берді

Қазіргі кезде бизнесмендер мен қарапайым қазақстандықтарда 18 миллиардтан астам доллар бар деп есептеледі.

Алайда кейінгі кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан қауесеттерге сеніп, кейбір азаматтар жинақтарын банктерге апарудан қорқып, үйлерінде немесе құпия қоймашаларда тығып ұстайтынды шығарған. Сарапшылардың айтуынша, бұл ұрыларды ынталандыру сыртында, банкноттардың бүлінуіне де соқтырады. Ондай шетелдік валютаны айырбастау бекеттері кері алмай жатқан көрінеді.

Осының салдарындай, ұлттық банкке "тауарлық сипатын" жоғалтқан доллар, еуро, рубль, юаньдарды қайда апаруға болатынын сұраған сауалдар түсе бастапты. 

"Менде мыжылған және жыртылған шетел валютасының банкноттары бар. Оларды мен қай жерде айырбастай аламын?",– деп сұрайды олардың бірі.

Бұған ресми жауап берген қаржылық реттеуші ұлттық банк басқармасының  қаулысымен қазіргі кезде шетел валютасы "айналысқа жарамды", "айналысқа жарамсыз" және "төлемге жарамайтын" деп үш түрге бөлетінін еске салады.

Соның ішінде тек мынадай бүліну белгілері бар шетелдік банкноттар ғана Қазақстанда жарамды деп саналады: біріншіден, мыжылған және ласталған банкноттар; екіншіден, жыртық бұрыштары немесе бір бөлігі (көлемі 1-2 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде) желімделген банкноттар; үшіншіден, енінің не ұзындығының төрттен бір бөлігінен аспайтын көлемде жыртық бөлігі (қақ бөлінбесе) қайта желімделген банкноттар. Төртіншіден, ұсақ майлы және басқа дақтары, жазбалар және мөртабандардың таңбасы бар (егер олар банкноттардың түпнұсқалығын айқындауға кедергі жасамаған және айналысқа жарамды заңды төлем құралының негізгі белгілерінің бірін едәуір дәрежеде (50 пайыздан астам) жаппаса); бесіншіден, диаметрі 0,5 миллиметрден аспайтын тесіктері бар банкноттар айналысқа жарамды заңды төлем құралдары болып танылады.

Бірақ жарамды екен деп ондай валюта иесі онысын өзге жеке тұлғаларға күштеп өткізе алмайды. Ұлттық банк мұндай бүлінген доллар және басқаларын кімдер қабылдайтынын да түсіндіре кетті: "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстанда шетел валютасын сатып алуды шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктердің айырбастау пункттері, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері жүргізеді.

"Осылайша, егер банкноттар айналысқа жарамды болып табылса, оларды ауыстыру үшін екінші деңгейдегі банктердің немесе уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттеріне өтініш жасауыңызға болады", – деді қаржылық реттеуші,

Әйткенмен, бұл айырбастау пункттері де шетелдік валютаны қабылдаудан бас тартуы мүмкін. Олардың қандай жағдайда бас тарта алатынын да ведомство айта кетті.

Мынадай бүлінулері бар болса олар айналысқа жарамсыз болып танылады:

1) қидақ-қидақ қылып бөлшектеліп жыртылған және қайта желімделген;

2) бастапқы түсін жоғалтқан немесе оңып кеткен;

3) отқа жанған немесе күйік шалған;

4) тұтасымен немесе едәуір дәрежеде (50 пайыздан астамына) бояу, сия, май төгілген;

5) химиялық реактивтердің, оның ішінде ультракүлгін сәуле түсінгенде қағаздың жалтырауына әкеп соғатын реактивтердің әсеріне ұшыраған;

6) қасақана сипаттағы едәуір бүлінуі (негізгі суреттері, атап айтқанда адамдардың суреттері өзгерген, қорғаныш жібі жойылған, едәуір жазбалардың болуы, оның ішінде ультракүлгін сәуле түсіргенде көрінетін);

7) баспадан кеткен анық ақауы бар банкнот (сутамғы белгілердің немесе қорғаныш жіптің болмауы немесе дұрыс орналаспауы, бейнелердің басылмауы немесе майлануы);

8) геометриялық өлшемдердің азаюы жағына және сол сияқты ұлғаюы жағына қарай 3 (үш) миллиметерден көп өзгеруі.

Бұдан бөлек, мәселен, АҚШ не Еуропаның эмитент, яғни банкнотты шығарушы банкі айналыстан шығарып тастаған банкноттар да Қазақстанда "төлем жасауға қабілетсіз" ретінде танылады.

Әрине, егер айырбастау пункті осы белгілері бар шетелдік валютаңызды қабылдаудан бас тартса, қапаланбаңыз. Ұлттық банк "төлем жасауға болмайтын, сондай-ақ айналысқа жарамсыз банкноттарды сатып алуды және ауыстыруды екінші деңгейдегі банктер мен "Қазпошта" ғана жүзеге асыратынын" еске салады.

Бірақ ондай банкноттарды алғаны үшін комиссия ұстайды екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу