Айырбастау бекеттерінің орнын валютаматтар басады

4733

Қазақстанда алда валюта айырбастау пункттері жабыла бастауы ықтимал.

Айырбастау бекеттерінің орнын валютаматтар басады

Олардың орнын "автоматтандырылған айырбастау пункті" (ААП) баспақ. Ұлттық банк олардың жұмысын заңдастыратын және соларға жаппай жол ашатын құжатты әзірледі.

Сарапшылар ААП құны біршама қымбат екеніне назар аудартады: 40 мың доллардан басталып, 100 мыңға дейін баратын брендтері белгілі. Талдау көрсеткеніндей, бұл шығындар тек екінші жылда ғана өзін-өзі ақтайды. Бірақ одан келетін табыс қарапайым айырбастау бекетімен салыстырғанда, екі еседен артық болады екен. Бұл бірнеше факторлармен түсіндіріледі: біріншіден, әр клиентке қызмет көрсетуге үш есе аз уақыт кетеді. Екіншіден, автоматтар егер далада орнатылса, еш үзіліссіз және тәулік бойы жұмыс жасайды. Үшіншіден, ААП әлдеқайда аз орынды қажет етеді.

Қаржылық реттеуші "Қазақстанда қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын" әзірледі. Қағидалар қаржы, ұлттық экономика министрліктерінің келісімін алған.

Құжатқа сәйкес, еліміздің қалаларында "автоматтандырылған айырбастау пунктерінің" орнатылуы реттеледі.

Олар туралы қағидада "ААП – қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар заңды тұлғаға тиесілі және оның қызметкерінің қатысуынсыз, қолма-қол ақшаны осы құрылғыға енгізу және одан басқа валютада қолма-қол балама соманы алу арқылы айырбастау операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін электрондық-механикалық құрылғы" деген анықтама беріледі.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл автоматтардың қазақстандықтар үшін үйреншікті банкоматтардан көп айырмашылығы жоқ: оған теңгедегі ақшасын тоғытқан адам тиісті шетелдік валюта түрін таңдаған соң, белгіленген бағам бойынша доллар, еуро, рубль және басқаларын өз бетінше сатып ала беретін болады.

Нәтижесінде, осы бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге, банктерге айырбастау пункттері үшін арнайы орынжай ұстап, жалдау ақысын, сонымен бірге коммуналдық қызметтер төлемдерін төлеу қажет болмай қалмақ. Бұған қоса, қолма-қол шетел валютасымен жұмыс бойынша дайындықтан өткен кассир ұстау да өзектілігін жояды. Бұдан бөлек, ұлттық банк бекіткен "Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларында" белгіленген талаптарға сәйкес айырбастау пунктінің үй-жайын күзетуді ұйымдастыру да талап етілмейді. Ұлттық банк ААП-тарға мұндай күзет орнатуға міндеттемейтін ашық білдіріп отыр.

Осы орайда Қазақстанда қолданыстағы "айырбастау операциялары" ұғымы да өзгермек. Енді бұл – "айырбастау пунктері және автоматтандырылған айырбастау пунктері арқылы жүзеге асырылатын қолма-қол шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау бойынша операциялар" болады.

Айырбас автоматтары жалған банкноттарды заңдастыратын орынға айналып кетпеуі үшін қаржылық реттеуші бұл құрылғылардың тек ҰБ сайтында кескінделген теңге сипаттамаларына толық сәйкес келетін ақшаларды ғана қабылдауын қатаң қадағалайтын болды:

"Автоматтандырылған айырбастау пункті төмендегі тәсілдермен банкноттардың түпнұсқалығын анықтау функцияларын іске асыруды қамтамасыз етеді: Қазақстанның ұлттық валютасы банкнотының екі жағынан көрінетін бейнесінің ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында орналастырылған ресми сипаттамасына сәйкес келуін тексеру; арнайы бояумен басылған сериясы мен нөмірінде ферромагниттік құрауыштардың болуын тексеру; банкнотты ультракүлгін сәулемен тексеру (қағаздың люминесценциясын тексеру және өзгесі)", – деп түсіндіреді ҰБ.

Рас, орынжай түріндегі дәстүрлі айырбастау бекеттерінің бір артықшылығы болмақ. Оларға биылғы жаздан, шілде айынан бастап, инвестициялық шағын алтын құймаларын сатуға ұлықсат етіледі.

Сәйкесінше, жаңа қағидада "айырбастау пунктінің операциялық кассасы – айырбастау пункті үй-жайының қолма-қол шетел валютасымен және ұлттық банктің 2017 жылдан кейін шығарған тазартылған құйма алтынды сатып алу және сату бойынша операциялар жүргізу кезінде клиенттерге қызмет көрсететін кассирге арналған арнайы жабдықталған бөлігі" деп жаңадан жазылып отыр.

Бұдан бөлек, шетел валютасын сатудан пайда тапқысы келетін тұлғалар мен компанияларға талап күшейтілуде.

Қағидада "уәкілетті ұйымның жарғылық капиталының ең аз мөлшері Астана, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда – Алматы мен Шымкентте орналасқан әрбір айырбастау пункті немесе автоматтандырылған айырбастау пункті үшін 30 000 000 (отыз миллион) Қазақстан теңгесін құрайды" деп жазылған.

Облыс орталықтарында айырбастау бекетін ашу бұдан әлдеқайда арзаныраққа – 20 миллион теңгеге түспек. Ал өзге қалаларда, кенттерде, не ауылдарда айырбастау пунктін ашқысы немесе валюта айырбастайтын автомат қойғысы келетін ұйымнан ең кем дегенде он миллион теңге жарғылық капиталының болуы талап етілмек.

Ұлттық банк жаңа қағидаға сәйкес, бір ұйымның айырбастау пунктін басқа айырбастау пункті не ААП-ы орналасқан үй-жайда орналастыруға тыйым салып отыр. Яғни, бір ғимарат ішінде қос бәсекелес жұмыс жасай алмайды, "қос қошқардың басы бір қазанға сыймайды".

Ұлттық банктің осы құжатында елді елең еткізерлік бір жаңалық бар. Ол бойынша ААП арқылы сатып алынатын валюта көлемі 500 мың теңгемен шектелмек. Қаржыңыз одан көп болса, онда оны осы сомаға бөліп, жеке-жеке операция жүргізуіңіз қажет. Әйтпесе, мәселен, бір жарым миллион теңгеге бірден валюта сатып ала алмайсыз.

Ал дәстүрлі айырбастау пунктінде қаржы көлемі шектелмейді. Бірақ онда да бір талап бар: клиент кассирге аты-жөнінен бастап, тіпті тұрып жатқан адресіне дейін хабарлауы шарт.

"Айырбастау операциясын жүргізу бағамы бойынша 500 000 (бес жүз мың) теңге баламасынан асатын сомаға айырбастау операциялары бойынша "тізілімдер журналында" мыналар көрсетіледі: клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың деректері (тегі, аты және әкесінің аты, құжаттың түрі, берілген күні, құжаттың нөмірі, қолданылу мерзімі); клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН); клиенттің заңды мекенжайы", – делінген құжат жобасында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу